Бүгінгі әлемді қауіпті кесел қатты алаңдатып тұр. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантиндік шаралар барынша күшейтілуде. Барлық назар, күш осы проблемаға бағытталған. Солай бола тұрса да, назардан тыс қалдыруға болмайтын салалар бар. Соның бірі – егін шаруашылығы. Көктемгі егістікті өз мерзімінде атқарып шығудың маңызы өте зор. Өйткені, көктемнің әр күні – жылға азық.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда жасаған мәлімдемесінде мемлекет тарапынан фермерлерге қомақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Бұл мақсатта бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Оның үстемеақысы 5%-тен аспайды.
Мемлекет басшысы сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуге тапсырма беретінін жеткізді. Аталған бағдарлама аясындағы түпкі мөлшерлеме барлық салалар бойынша біріздендіріліп 6% болды. Мұнда ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсету қажеттігі айтылды. Сонымен қатар Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15%-ке арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады. Арзан жанармай шаруаларға дейін жетуге тиіс.
Көктемгі егіс жайын және Президент тапсырмасының орындалу барысын білу мақсатында облыстық ауыл шаруашылық басқармасына хабарласқан болатынбыз. Басқарма мамандары берген мәліметте өңірдің басты дақылы – күрішті 88,2 мың гектар жерге орналастыру межеленіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 308 гектарға артық.
Ал жалпы егіс көлемі 183,1 мың гектарды құрайды. Сыр маржанын егудің қолайлы мезгілін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының мамандары дайындап, шаруашылықтарға ұсынған. Шаруашылықтар, сондай-ақ, биыл 97,8 мың гектар дәнді, 6 мың гектар майлы, 61,6 мың гектар малазықтық, 17,7 мың гектар картоп, көкөніс-бақша дақылдарын екпек.
Егінге қажетті тұқым мәселесі толық шешімін тапқан. Қолда 22948 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы бар, бұл қажетті мөлшерден асып түседі. Оған қоса 683 тонна жаздық бидай, 94 тонна арпа, 17,6 тонна сұлы, 32,7 тонна жүгері, 10,1 тонна тары, 274,4 тонна жоңышқа, 95,2 тонна мақсары және 37,7 тонна соя тұқымы қамбада тұр.
Бүгінде шаруашылық құрылымдары дала қосындағы еңбекке кірісіп кеткен. Диқандар қазірге дейін 21,2 мың гектар, жаздық бидай – 3,7 мың гектар (97,7%), жаздық арпа – 0,5 мың гектар (96,0%), мақсары – 2,6 мың гектар (46,7%), жаңа жоңышқа 14,3 мың гектар (76,6%) алқапқа егін екті.
Күріш егу сәуір айының 20-нан кейін басталады деп күтілуде. Қажетті минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілген. Еңбеккерлердің техникалары да толықтай дайындықтан өткен.
Басқарма мамандары 2020 жылдың көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін жеткізді. Осыдан наурыз айына бөлінген 3250 тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, шаруашылықтарға литрі 178 теңгеден таратылуда. Наурыз айының үшінші онкүндігінен бастап дизель отынының қалған көлеміне баға 8 теңгеге төмендеп, 170 теңгеден босатылды.
Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде көктемгі дала жұмыстарына бөлінген дизель отынының бағасын нарықтан 15%-ке арзандатуды тапсырғаны белгілі. Алдын ала есептеулер бойынша сәуір және мамыр айларына бөлінген 10750 тонна дизель отынының бағасы 163 теңгеге дейін арзандап, шаруашылықтар тек дизель отынына кететін шығындарын орташа есеппен 150 млн теңгеге дейін үнемдейтін болады. Бұл – әрине, айтарлықтай қолдау.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көктемгі егін науқанын мерзімінде атқару мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-тен аспайтын несиелер беру үшін қазіргі уақытта «Аграрлық несие корпорациясы» Қызылорда филиалымен несиелендіру шаралары атқарылуда. Биылға жоспарланған қаржы – 793,6 млн теңге.
Басқарманың бөлім басшысы Серік Сейдуалиев бүгінгі күнге аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша филиалмен жалпы құны 120,5 млн теңгені құрайтын 11 өтінім қаржыландырылып, 193,9 млн теңгенің 7 өтінімі мақұлданғанын айтты. Қалған 479,2 млн теңгеге құжаттар жиналып, қаралуда. Несиелер бойынша кепіл шарттарын тіркеуге байланысты «Азаматтарға арналған Үкімет» АҚ Қызылорда филиалы мен аудандардағы бөлімшелері арқылы қызметкерлер бөліп, арнайы құжаттарды қабылдау мәселесі шешімін тапқан.
Қазіргі уақытта аграрлық қаржы институттарымен рәсімделген құжаттарды тіркеу басталды.
Жалпы, облыста көктемгі егінге дайындық – техника, тұқым, жанармай, несиелік қаржы секілді тағы да басқа мәселелер шешімін тапқан. Енді ауылшаруашылық құрылымдарының алдындағы міндет – қазіргідей сындарлы шақта көктемгі науқанды мерзімінде нәтижелі атқарып шығу.
Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде атап көрсеткендей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда әр күніміздің маңызы зор.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<