Дональд Трампты құттықтады

163

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трампты Газа секторындағы көптен күткен бейбітшілікті орнатуда елеулі дипломатиялық жеңіске жетуімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті саяси ерік-жігерінің мықтылығын және халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім орнатуға шынайы ұмтылысын толық таныта білді деп санайды, – делінген хабарламада.

Мәжіліс төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады.

Президентке Палата қызметі туралы ақпарат берілді. Ерлан Қошанов депутаттар жұмыс ба­рысында Президент Жолдауы мен ел дамуы бойынша берген тап­сырмаларды заңнамалық тұрғыда уақытылы әрі сапалы қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін баяндады.

Бүгінде 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Мәжіліс қара­уында 77 заң жобасы бар. Жыл соңына дейін Құрылыс, Цифрлық кодекстер мен «Банк қызметі туралы» Заңды қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ сайлау, тұтынушылардың құқығын қорғау, құқықбұзу­шы­лық­тың алдын алу секілді заң жо­бала­рына қатысты жұмыс жүр­гізілуде. Депутаттар жергілікті мемле­кет­тік және өзін-өзі басқару тура­лы заңнамаға түзетулер енгізуге, сон­дай-ақ креативті индустрия, ғылы­ми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, бағ­бандық шаруашылық серік­тес­тік­терді мемлекеттік қолдау бойын­ша заң жобаларына бастамашы болды.

Заң шығару жұмысы жұртшы­лықтың, сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізілуде. Барлық саяси пар­тия­­лардың фракциялары өз электо­ратының сұранысына сәйкес ұсы­ныс­тарын белсенді түрде енгізіп жатыр. Маңызды заң жобалары Қоғам­дық палатаның отырыстарында қаралады.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, депутаттар Мемлекет басшысының Жасанды интеллектіге қатысты баста­маларын іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Қыркүйек айы­ның соңында Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар қазақ­стандық және шетелдік сарап­шылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткізілді.

Депутаттардың және Энергетика министрлігінің бастамасымен Ақтау­да мұнай-газ саласындағы машина жасау ісін дамыту форумы өтті. Мұнай-газ секторындағы сатып алу­ларда қазақстандық үлесті жүйелі түрде арттыру жайлы шешім қабыл­данды. Депутаттар мұны ұдайы бақылауда ұстайды.

Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия аясында атқарылған жұмыс жайында мәлімет берді. Елімізге Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының және Мажарстан Мем­лекеттік жиналысының төрағалары ресми сапармен келді. Көптеген елдің парламенттерімен достық топтары белсене қызмет атқаруда, заң шығару саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған және мемлекетаралық жобаларды қолдау бойынша жұмыс жүргізілуде. Депутаттар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа да көпжақты ұйымдар аясында табысты қызмет атқарып келеді.