Дос

3

0

Астанада тұрамын, ауылды, ел­ді аңсайсың. Бір сәт жадыңнан шықпайды. Мұндайда қазақтың белгілі ақыны Ибрагим Исаевтың санаңда жатталып қалған жыр шу­мақтарын қайта-қайта есіңе аласың.

,,…Жол жүрем бүгін,

Тағы да бүгін жол жүрем.

Ел жаққа барам,

Жүрегім ел деп елжірер.

Ауылдың суы, ауылдың

нуы аңсатты,

Күйбең тірліктің, дүрбең

шулары шаршатты.

Ауылға барам,

Бәрі де туыс ел жақта,

Аңқылдайды олар,

Қарамайды олар бар-жоққа.

Жол жүрем бүгін,

Бармасам елге болмайды.

Тынысымды ашам,

Тіреймін елге маңдайды.

Жаңа қаладағы жаңа таны­сың­нан бозбала шақтан жан дү­ние­ңе жақын, көнекөз адамда­рың­ды аңсайсың. Мектеп, сту­дент­тік шақ, алғашқы қызмет­ке араласқан күндердегі аға, іні, замандас­та­рың­ды сағына­сың. Солардың бірі де бірегейі Мырзабек Бакировпен ха­барласасың.

Алғаш­қы араласуы­мыз комсо­мол­да жүр­генде бастал­ды. Аупарт­комның ұсы­нысымен, обком­ның бе­кітуімен екін­ші хат­шылыққа кі­ріскен кезім күріш­тің жиын-терін науқанымен тура келді. «Бір дән жерде қалма­сын!…» девизімен Қа­ратөбе ауы­лы­нан бастап, Келінтөбе, Тү­гіс­кен­дегі күріштікті аралап, ХХІІІ партия съезі атындағы кең­шар­­дың қырманына келдім. Әр кең­­шардағы қырманға аудандық пар­­тия комитетінің ұйғарымымен бір-бір ардагерді жетекші етіп қо­йып­ты. Бақылайды, ұйым­дас­ты­ра­ды. Қырманды ұмытпасам, Ұлы Отан соғысының ардагері Ергеш Са­быр­ханов басқарады екен.

– Мырзабек, айналайын! Мына райкомыңа жұмысты көрсетейік. Дәмге шақырайық!

Ардагер комсомолға үлкен мақ­сат-үмітпен қарады. Орта бой­лы, қараторы жастар ұйымы­ның же­текшісі Бакировпен таныс­ты­ғым осылай басталды. Содан тө­мен­дегі шаруашылықтар Өзгент, Ақжол, 1 Май, Задарияны сатылап, жұмыстарын көргенім бар. Ұйым жетекшілері Бейбіткүл, Ералы, Әбласан, Қасым, Оспан, Сапан, Ғабит, Ұлықбек, Роза, Хазретәлі бә­ріміз күнді түнге жалғап, бір тыным таппаймыз. Осы ұл-қыз­дардың ішінен жұмысы белсенді, тындырымды ғана емес, алақаны таза, ашық, пейлі кең Мырзабек көптің көкейінде қалды.

Ол – бір үйдің он ұл-қызының үлкені. Ата-аналары шаруа бақ­қан қарапайым жандар. Әкесі Әділ­бек – жастайынан жұмыс­тан қай­мық­паған, қай істі де тындырымды да тиянақты атқаратын еңбек иесі. Маңдай тер еңбегі қой шаруа­шы­лығын өркендетуге арналды. Сапа көрсеткіші суырылып көрі­нуге себепкер болса да, мен деп кеудесін қақпай, қанында бар қа­рапайым мінезімен қала беретіні анық. Ілгеріде аудандық атқару ко­­митетінің төрағасы Зұлпыхар Мұ­саханов малшылардың слетінде:

«Ау, Бакиров қаншадан төл алып жүрсің?» деп мінберге шығар­ғаны бар.

«100 аналық қойдан 128-ден қо­зы, әр қойдан 1,5 келі жүн алға­ным­ды айтқанымда, райис­полком ауыл шаруашылық басқармасына қарап, аудан бойынша жоғары көрсеткіш 105-төлден аспай тұр. Мына шо­панды неге байқа­маған­сыңдар» деп ашулы даусын көтерген еді.

Осындай еңбеккердің ұлы Мыр­забек орнықты байсалды, жа­уап­ты, көпке жанашыр, досқа адал азамат болып өсті.

Қызылордадағы Жамбыл гид­ро­мелиоративтік институтының ауыл шаруашылығы құрылысы ма­­ман­дығын бітіріп, еңбек жолын партияның ХХІІІ съезі атын­дағы кең­шар комсомол комите­тінің сек­ретары қызметінен бастады. Пар­тияның ізбасары комсо­мол­дың қазанында қайнады. Те­мір­дей тәртіп, мақсатқа жеткізер мін­­­дет­тілік Мырзабекті шар­бо­латтай шың­дады. Жастардың қо­ғамдық белсенділігін артты­ру ба­ғытындағы сан түрлі жұмыс­тарды ұйым­дас­тырды, ауыл өміріне белсене ара­ласты. Одан соң кеңшарда еңбек қорғау және техника қа­уіп­сіз­дігі инженері қызметін атқар­ды. Жұмысшылардың қауіп­сіз ең­бек етуі бағытында жауапты мін­дет­терді орындады. Кеңшар­дың құрылыс жөніндегі аға про­рабы қыз­метінде ауылдағы құры­лыс жұ­мыстарын үйлестіру, жос­­парлау және іске асыруда аян­бай еңбек етті. Бұдан кейін Қожа­кент ауы­лындағы «Жаңа жол – АЖ» шаруа қожалығында кадр бөлі­мінің аға инспекторы, «Зәкір ата» шаруа қо­жалығының төрағасы болып сай­ланып, шаруашылықтың дамуына, ауыл еңбекшілерінің тұр­мыс жағ­дайын жақсартуға үлкен мән берді. Қожакент ауылдық окру­­гіндегі «Мырзакент-Б» шаруа қожа­лы­ғының төрағасы болды.

Осы биылғы көктемде, сәуір айында Мырзабек хабарласты.

– Өмеке, қалайсыз!

– Иә, иә жақсымын, – деймін. Дауысы солғын, бәсеңдеу ме…

– Осы жақында білдік, бойымда бір зиянды дерт бар сияқты, – деп тұр.

Ертесіне Астанадан Қызыл­ордаға келдім. Қожакентке жеттім. Жо-жоқ күн қаққан қараторы жүзі бұрынғы қалпында екен. Ас-су ішіп, дария бойына шығатын қара жолмен екеуара аяңдап, өткен-кеткенді әңгімелеп келеміз.

– Сіздердің ауылдарыңыз біздің №27 теміржол бекеті Бөріойнақ ауылымен тұспа-тұс. Ілгеріде Есжан қайықшының көмегімен ауыл хал­қы дариядан өтіп, бекеттегі пойыз­дармен Түркістан, Қызылорда асып, әжетін шығарып, нәпақасын тауып, мәре-сәре, қатынасып жа­тады екен. Үлкендер айтып оты­ратын ауылы аралас, қойы қоралас болған ол да бір қанағат сезімін тудырған заман еді ғой.

Мырзабек әңгімесін айтады. Тың­даймын.

– Құдай қаласа, Қарағандыға жүрем, осы дерттен құлан-таза са­уығатыныма сенемін, – деді.

Ишарасына қуандым. Осы сәт­те достары Ерғабит, Нәмәтулла, Әбдразақтар келіп, әңгіме арнасы жастық, студенттік күндердің қы­зықты сәттерін еске алуға ұласты.

Қатар достарына қарағанда Мыр­забек пен Роза студенттік күн­дердің алғашқы жылдарында-ақ бас қосты, жер үйден пәтер жал­дап тұрды, алып бара жатқан мол­шылықтың заманы емес. Бә­рі жас жұбайлардың пәтерінен шық­пайды. Әйтеуір елден де, Ро­за­ның ауылынан да дәм келеді. Кең пейілімен келіншегі Роза дас­тарқан жаяды. Өзімен туған тоғыз бауырына да, өзінің алты ұл-қы­зына білім алғызды, азамат атандырды. Құда-жекжаттарын жа­нындай жа­қ­сы көрді.

Мырзабек қоңыр дауысымен домбыраны сүйемелдеп ән сала­ды. Денешынықтыру, спорт­пен айна­лысады. Футбол тамаша­лағанды жақсы көреді. Соны сезетін неме­релері кезекпе-кезек футбол жа­ры­сы алдында «…Ата, кофе ішіп аласыз ба, ойынды жақсы көруі­ңіз үшін» деп бәйек болып, елгезек­те­ніп тұрады. Бұған да шүкір дейтін.

Жаңа Қызылорданың сол жа­ғалауында заманауи медици­налық клиникада емделді. Барлық емін қабылдады, дәрілерін ішті. Розасы жанында. Мен де жиірек қасында болуға тырысамын.

Мырзабек жаңарған-жасанған, әсемдікке бет бұрған қаланың жаңа келбетін көрген сайын ерекше қуа­ныш құшағында болады.

– Мына стадионның ауқымы қан­­дай кең, көзің толып, көңілің жай­­ланады, – дейді құрылысшы Мырзабек.

Әр ем сеансынан соң «ауылды сағындым, ауылға қайтқым келіп тұр» дейтін.

Қазан айында Түркістанда ем­делді.

Сәйкестікке сенбей көр, барған күніміз комсомолдың туған күні 29 қазан екен. Оны да өзі айтты. Мен қуаныштан қол шапалақтап жібердім.

– Мырзабек, осыдан аяққа мі­ніп кетші. Достарды түгел жи­нап, жақсы әңгімелерді айтатын бола­мыз, – деймін. Көзіме жас ты­ғыл­ды. Мұқағали Мақатаевтың аудар­масындағы Сергей Есениннің өле­ңін оқыдым. Ішім алай-дүлей болып оқығасын ба, дауысым ша­шыраң­қырап шықты.

«… Сау бол досым, сау дегелі,

келгенмен,

Қайран көңіл, сені өзіңе тартады.

Уақыт, бізді досым екі айырып

бөлгенмен,

Алдымызда бір кездесу

бар тағы…»

Түркістанда да «ауылға қайта­мын, ауылды сағындым» деп, бай­салды, сабырлы мінезіне жат, көн­бес, қайтпас, қалып танытыпты. Жу­саны мен жуасының иісі аңқы­ған ауылын сағынған шығар.

Сездім, таңғы ұшақпен елге кел­дім. Түске таман ауылына жет­тім.

Мырзабек қолымды қысты. «Ризамын», үні еміс-еміс естілді. Жанарымнан жас шықты. Осы күні кешке досымның демі үзілді.

Ертеңінде мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов жер­ленген «Сәдір ата» қорымына қо­йылды.

Иә, расында да

Ақылдасып кеңесуге, дос керек,

Жапырақты жаярыңда дос керек,

Өміріңнің баянында дос керек,

Бақұлдасып қалу үшін армансыз,

Ғұмырыңның аяғында дос керек,

Қанатыңның талғанында

дос керек,

Қуанатын жүрегімен сен үшін,

Жұлдызыңның жанғанында

дос керек.

 Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ.

 Астана қаласы