Дрондар жүр дән сеуіп

374

0

Шиелідегі «Бидайкөл» шаруа қожалығы биыл тың әдіс қолданып, агродронмен күріш егуді жүзеге асырып отыр.

Шаруашылық басшысы Талғат Байдалиевтің айтуынша, бұл әзірге тәжірибе, нәтижесі күзгі жиын науқанында белгілі болады. Мамандар мұндағы ар­тықшылық тұқым мен тыңайт­қышты егістікке дәл және тегіс тастауға ыңғайлы дейді. Бір жағынан еңбек өнімділігін арт­тырады. Осылайша дамыған елдердің озық технологиясын жұмыс барысында пайдалануға мән беріліп отыр. Дронның дель­тапланға қарағанда дән не тыңайтқыш болсын оны себу мүмкіндігі нақтырақ. Се­бебі, дрондар арқылы дән 2-3 метр биіктікте себіледі, дәрі де ысырап болмайды. Жалпы өнімді жақсарту үшін өңірге жаңа техникалар, дрондар, көшеттеп егетін тракторлар жет­кізілген.

Биыл облыс бойынша 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылы­ғы дақылын егу жоспарланып отыр. Мұнда күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрайды. Облыстың егістік алқабында биыл күріштің бірнеше сорты сыналады. Олардың қа­та­рында Қытай, Түркия және Еуро­падан жеткізіліп, алғаш рет жерсіндірілетін тұқым түр­лері де бар. Ал көктемгі егінге облыс бойынша 22,2 мың тонна тұқым дайындалса, қа­жетті тыңайтқышпен қамту ба­ғытында тиісті келісімдер де тия­нақталған.

– Кейінгі жылдары шаруа­шылықтарда лазерлік тегістегіш құрылғысының саны өсіп келеді. Оның тиімділігі дәлелденді. Қазір өңірде 200-ден астам лазерлік тегістеуіш бар. Биыл 60 мың гектар жер оның көмегімен өңделді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасының бас­шысы Талғат Дүйсебаев.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты мамандарының айтуынша, күріш егісіне агродрондарды пайда­ла­нудың тиімділігі зор. Әлемнің көп­теген елінде қолданыла бастады. Өткен жылдары аталған техно­логия егін алқабын бақылау, тыңайт­қыш беру және химиялық өңдеу бағытында кәдеге асты.

– Былтыр институт агродрон­дар­мен күріш тұқымын себу тәжіри­бесін қолданды. Сол арқылы жақ­сы көрсеткіштер болды. Күріш тұқымын себу нормасы дәстүрлі технологияға қарағанда 2 есеге дейін азаяды, яғни, гектарына 130-150 келі мөлшерінде дән тасталады. Оған қоса күріш атыздары алдын ала суға бастырылып, себілген тұқымның шығыны болмайды. Көктемгі егін науқанына бөлінетін жанар-жағар-май мен техникалардың қосалқы бөлшегіне кететін шығын азаяды, – дейді институт басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»