Бұл қарым-қатынас дағдарысы ма?
Әлемде сүрбойдақ пен кәрі қыз көбейді. Кейінгі 8 жылда жаһанда сүрбойдақ пен кәрі қыз саны 100 млн-ға артты. Мұны Economist басылымының зерттеуі көрсетті.
Мәселен, әлеуметтік желі арқылы қыздар бойы 180 сантиметрден асатын жігіттерді іздейді. Сұңғақ бойлы ерлер аз болғандықтан, бойдақ жігіттердің 85%-ы бұл сүзгіден өте алмайды.
Келесі критерий – білім деңгейі. Дамыған елдерде оқыған-тоқыған азаматтардың саны қыз-келіншектерге қарағанда көп емес.
Кей елде жар таба алмай жүрген еркектер роботқа үйлену жағын ойлана бастаған. Мәселен, Жапонияда некесін қидырып жатқандар да бар. The Economist басылымы: «Әлемде қарым-қатынас дағдарысы басталды. Бірқатар елде қоғамның өткір мәселесіне айналды. Сауалнамаға қатысқан бойдақтардың 7%-ы жасанды интеллектпен отбасы құруға дайынбыз деп жауап берді. Олардың айтуына қарағанда нейрожелі қыздарға қарағанда талапшыл емес, сабырлы, мейірімді».
Шоколад бағасы шарықтап кетті
Бірнеше неміс өндірушіcі шоколад бағасының 20%-ға дейін өсетінін жариялады. Ferrero, Lindt, Mondelez және Ritter сияқты брендтер биыл нарықтағы үлесін жоғалтты.
Кәсіпорындар мұны бағаның өсуімен байланыстырып отыр: какао, қаптама, жалақы, энергия – бәрі қымбаттады. Бірақ бөлшек сауда өкілдері сүт пен қанттың соңғы кезде керісінше арзандағанын айтып, қарсы келді.
Кот-д’Ивуар мен Гана сияқты өндіруші елдерде қатты жаңбыр салдарынан өсімдік аурулары тарады, содан кейін басталған құрғақшылық өнімді жойды. Салдарынан какао бағасы күрт өсіп, 2024 жылдың желтоқсанында тоннасына рекордтық 11 957 еуроға жетті.
Қазіргі уақытта баға тоннасына шамамен 5000 еуроға дейін төмендеді, бірақ 2024 жылдың қараша айымен салыстырғанда бұл әлі де 30%-ға жоғары. Сарапшылар супермаркеттерде бағаның төмендеуін күтпейді, ал Lindt және Mondelez сияқты ірі брендтер бағаны төмендетудің орнына қаптама көлемін азайтуды таңдап отыр.
Тыйым мәселені шеше ме?
Дания өз елінде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр.
Ел билігі заң жобасындағы талаптарға сәйкес, балалар белгілі бір платформаларға ата-анасының рұқсатымен ғана кіретін болады. Бұл заң жобасы алдағы айларда қабылдануы мүмкін.
Қазір Данияда 13 жасқа дейінгі балалардың 94 пайызында ғаламторда кем дегенде бір парақша бар. Билік өкілдері шара кәмелетке толмағандарды цифрлық ортаның кері әсерінен қорғайды деп есептейді.
Осындай бастаманы Еуропаның өзге де елдері талқылап жатыр. Франция, Испания мен Греция әлеуметтік желі қолданушыларына міндетті жас шектеулерін енгізуге ниетті.
Ақпарат көздерінен





