Биыл облыста 9 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Талапкерлерге кәсіби бағдар беру – оқушыларға өз қызығушылығына, қабілетіне және мамандықты дұрыс таңдауына көмектесетін жүйелі процесс. Сонымен қатар мамандықтар туралы ақпарат беріп, мүмкіндігін зерделеуге көмектеседі. Осы мақсатта М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қызметкерлері мен студенттері Қызылордаға келіп «Серпін» бағдарламасының тиімді тұстарын айтып, жас түлектерге кеңес берді.
Жалпы еліміздің солтүстік өңірлерінде кадр тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолы ретінде халқы тығыз орналасқан өңірлердің талапкерлеріне бірнеше басымдықпен тегін білім беруге мүмкіндік қарастырылған. Осы бағытта «Серпін» бағдарламасы арқылы қаншама түлек білім алып, тұрақты жұмысқа орналасты.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Практикалық қазақ тілі» кафедрасының оқытушысы Қанат Смаилованың айтуынша, тоқсан жылға жуық тарихы бар оқу орнында 7 факультет, «Тіл және әдебиет» институты жұмыс істейді. Олар 113 білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Көпбейінді жоғары оқу орны педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы және медицина бағытында мамандар даярлайды. Жыл сайын талапкерлерді қолдау үшін екі мыңнан астам грант бөлінеді. Атап айтқанда жалпы гранттар, «Серпін» және «Аризона» бағдарламалары мен педагогикалық атаулы гранттар.
Оқу ордасы 2022 жылдан бастап Американың Тусон қаласындағы Аризона университетімен келісім-шартқа отырған. Соның нәтижесінде студенттер қосдипломдық бағдарлама бойынша білім алады. Басты шарт – ағылшын тілін терең білу керек. Студенттер 3 жарым жыл университет қабырғасында, одан кейінгі 6 айды Америкада оқу мүмкіндігіне ие болады.
Бүгінге дейін университет базасында «Серпін» бағдарламасы арқылы 1300 студент білім алса, оның барлығы солтүстік өңірлерде тұрақты жұмыс тапқан. Сондай жастың бірі, оқу орнының 4-курс студенті Динара Алдабергенқызы да түйіндемесін бірнеше мекемеге өткізіп қойғанын айтады.
– Өзім осы Сыр елінің қызымын. Қармақшыдағы №185 орта мектептің түлегімін. 2021 жылы «Серпін» бағдарламасы арқылы Петропавлдағы жоғары оқу орнына қабылдандым. Мемлекеттік грант есебінде шәкіртақы төленеді. Бастапқыда бағдарлама тек педагогикалық мамандықтарға басымдық берсе, қазір техникалық және агротехникалық бағытта білім алуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





