Егінді әртараптандыруға мән берілген

115

0

Биыл өңірде күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,7 мың гектарға қысқарды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев айтты.

Үкімет бекіткен жол картасына сәйкес 80,9 мың гектар жерге Сыр салысы егіліп, суға бастырылды. Қазіргі кезде соның 25,6 мың гектары түптену (31,6%), 47,8 мың гектары түтікке шығу (59,1%), 7,5 мың гектары масақтану (9,3%) кезеңінде. Күріш егісінің 60,8 мың гектары үстеп қоректендірілсе, 65,3 мың гектары арамшөпке қарсы өңделді.

– Қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азы­ғы, майлы дақылдар, кар­топ, көкөніс көлемі артты. Осылайша облыста егінді әртараптандыруға мән беріліп отыр. Биыл егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суару үшін 3,9 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Қазіргі жағдай бойынша «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 92,3 текше метр су түсіп жатыр. Қоймада 1,3 млрд текше метр көлемінде су бар. Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетіні – 380 текше метр (2024 жылы – 650 текше метр). Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалануға ден қойдық. Облыста осы бағытта 238 насос жұмыс істеп тұр. Оның 25-ін Төтенше жағдайлар министрлігі қолдау ретінде жеткізіп берді, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі күні егін шаруашылығына қажет су магистральды және шаруа­шылықаралық каналдар арқылы кезекпен беріліп жатыр.

Басқарма басшысы аграрлық салаға мемлекеттен қомақты қолдау барын атап өтті. Биыл осы бағытқа 31,3 млрд теңге, оның ішінде субсидиялауға 14,2 млрд теңге бөлінді. Оның басым бөлігі осы егін шаруашылығына берілген. Қолдаудың арқасында жыл басынан бері ауыл шаруашылығында 31,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,8%-ға артты. Негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі де артып келеді.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, көктемгі дала жұ­мысын қосымша қаржыландыруға байланысты облыстың ауыл шаруа­шылығы құрылымдарын несие­лендіру мақсатында «Кең дала-2» бағдарламасы іске асырылуда. Бағ­дарлама шеңберінде биыл облысқа 22,5 млрд теңге қаралды. Есепті кезеңде 78 шаруашылыққа 68255 гектар егістікті қаржыландыру үшін 13,7 млрд теңге берілді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»