Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Оған қала және аудан әкімдері, сала басшылары қатысты.
– Егін алқаптарын сумен қамтуды күнделікті бақылауда ұстау керек. Су ресурстарын ұтымды және үнемді пайдалануға бағытталған шараларды күшейтіңіздер. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдану, егін алқаптарын кезектестіріп суару, лазерлік тегістеу әдістерін кеңінен енгізу секілді тиімді тәсілдерге басымдық берілуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, су қоймаларына жиналған, жоғарыдан келетін су көлемінің болжамына сай, биыл 3,9 миллиард текше метр су лимиті белгіленген. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 193,7 мың гектар, оның ішінде күріш көлемі 80,9 мың гектар. Маусымның 5-дегі жағдай бойынша Сырдария өзенінен 955 миллион текше метр су алынған, соның 790 миллион текше метрі егістікке берілген.
Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалану үшін бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 357 насос қондырғысы дайындалып, бүгінде оның 162-сі қосылған. Су үнемдеу мақсатында магистральді және шаруашылық каналдарымен су кезектестіріліп беріледі. Күріш егістігін лазерлік тегістеу жұмыстары да жүргізілуде, бүгінде оның көлемі 60 мың гектарға жеткен. Су үнемдеу технологиялары бойынша жұмыс 9,2 мың гектар аумақта жүзеге асырылуда.
«СБ» ақпарат





