Сыр елінің ардагерлері мінген автобус маусым айының 4-ші жұлдызында таң ата Түркістан облысын бетке алып, жолға шықты. Бабалар рухына құран бағыштап, тарихи жерлерді аралап көреміз деген көңіл-күй ардагерлерді қанаттандырып, автобус ішін жанға жәйлі бір әуен тербеп келеді.
Қасиетті Құрбан айт қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев бастаған Нәжмедин Мұсабаев, Әбдіғаппар Әмірғалиев, Серік Ыдырысов, Әмірбек Шаймағанбетов қостаған Сыр елінің өсіп-өркендеуіне, жас ұрпаққа рухани-тағлым беруде еңбегі сіңген ардагерлердің көрші облыстарға бұл алғашқы сапары емес. Бұған дейін де Ұлытау облысын, қасиетті қазақ жерінің бабалар дүбірге бөлеп өткен кең даласын аралап, тарих көмбесінен сыр шерткен мекендердің сырына үңіліп, қаныққан болатын.

Жол сапары адамдардың бір-бірін жақын тануға, болмыс-бітімін айқындауға мол септігін тигізетіні ақиқат. Әр саланың тізгінін ұстаған 50 ардагер жарқын жүзбен шүйіркелесіп, әңгімелері бір арнаға тоғысып келеді. Ол – Түркістан облысы, Отырар ауданының жерінде мәңгілік мекен тапқан-Арыстанбаб әулиенің басына құрбандық шалып, құран бағыштап, бабаның рухани әлеміне бойлау.

Жолаушының мақсаты діттеген жерге жету болса, ардагерлерді Түркістан қаласынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов күтіп алып, Отырар ауданына қарай жол бастады.
Қашан да келіп-кетуші көпшілік арылмайтын Арыстанбаб әулиенің кесенесінің алдындағы арнайы орынға құрбандық малын шалып, баба рухына қүран бағышталды.

Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арзықұл Бектібай, аудан әкімшілігінің қызметкерлері Сыр елінен келген ардагерлерге қонақжайлық көрсетіп, ыстық ықыласқа бөлендік. Отырар мұражайы көненің көзіндей жәдігерлермен қайта табыстырғандай рухани мол тағлым алдық.
Түркістан шаһарының келбеті-жасарып, жаңарып, сұлу да әсем қалаға айналыпты. Салынған, енді салынып жатқан ғимараттар көз тартып, оның үстіне күтіп алып, қызмет көрсеткен түркістандықтардың қонақжайлығы екі облыс ардагерлерін рухани жақындатып, көңіл толқытты. Қ.А.Яссауи бабамызға құран бағыштап, қаланы аралауға шықтық. Электро кармен кесене маңын аралатып, «Визит» орталығында Қ.А.Яссауи кесенесінің шығыс, батыс бөлігіндегі өрнектеліп жазылған қасиетті сөздердің мән-мағынасы түсіндірілді. Көне есік, түрлі жәдігерлер таныстырылды. Онан кейін «Ұлы Дала Елі» орталығын тамашалаған соң, «Алтын самұрық» 8Д әуе театрына кіріп, 50 ардагеріміз теңдесі жоқ ғажайып көріністердің куәсі болып,бір серпіліп қалды.
«Жасанды көл» саябағы, «Жастар» саябағы Түркістан қаласының жасыл желекке бөленген, экологиясы таза, жанға жәйлі мекен екенін дәлелдей түскендей болды. Рухани, мәдени орталықтарды аралап, көзбен көріп, көңілге түйген Сыр елінің ардагерлері жансарайы ашылып, бір серпіліп қалғандай болды. Жасы ұлғайып, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар сезініп, әр сәтін бағалап, алдын бағамдай білетін ардагерлер үшін бұл да бір тағдырдың сыйындай болды. Сонымен қатар сапарлас болған елу ардагер бір-бірін жақын танып, түсініскендей күй кешті. Бір күндік сапар-жылға рухани азық сыйлады. Бір айта кететіні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Сыр елінің ардагерлерімен жүздесіп, дәм-тұзын ұсынып, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған азамат екенін көрсете білді. Түркістан облысына зиярат жасап барған ардагерлеріміз рухани кемелденіп, елге аман-есен, соны серпіліспен оралды.
Осындай рухани тазалықтан нәр алып қайтуға бастамашы болып, ұйымдастырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевқа, орынбасары Мақсұт Баекеевке, ардагерлермен сапарлас болған қалалық мәдениет саласының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.
Сапарларыңыз таусылмасын, ардагерлер…
Қаршыға Есімсейітва,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі.






