ЕЛБАСЫНЫҢ ҚҰШАҒЫ

548

0

Тоқсаныншы жылдың орта кезі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қызылордаға келеді деген жағымды жаңалық жетті. Алаштың анасы атанған Сыр өңірі Елбасына қарыздар. Бір кездері астана болған Ақмешіттің әлде- кімдердің ұсынысымен тарайды деп тұрғанында Елбасы сақтап қалғаны ел есінде. Мемлекет басшысы Сыр өңіріне келіп, каланың сәулетті жерлерін аралап келеді. Көптің көңілі шат-шадыман. Елбасы жаңа базар тұсындағы №6 емханаға аялдады. Осы сәтте «Қарағым, Нұрсұлтан!» деген дауыс естілді.

– Келіңіз, жақындаңыз, – деді Елбасы шырайлы жүзбен.

– Мына бала менің немерем, Еркін еді. Сіздің кұшағыңызға бөленсе, деген Алтынай әженің өтініші естілді. Нұрсұлтан Әбішұлы дереу ана қолындағы Еркінді қос қолымен биікке көтеріп алып кетті. Бетінен cүйді  де:

– Жақсы азамат бол! Атың Еркін екен. Тәуелсіз елдің  еркін өскен азаматы бол! Атаң мен әжеңді қуант! Білімге, өнерге ұмтыл!

Елбасы кішкене бөбектің қазақы бөркі мен ою-өрнектелген шапанына қызыға қарады.

– Мына бөрік пен шапанды өзіңіз тіктіңіз бе?

– Өзім тіктім!

– Шебер тіккен екенсіз. Қандай жарасып тұр, – деп Еркінді тағы бір биікке көтерді.

… Сол Еркін биыл жиырма төртке қарай жол тартты, үйленді. Назерке атты сұлу жары бар, кішкене қызы Медина бір жарым жаста. Ата мен әженің құшағынан босамайды. Үй төріндегі ілулі сурет ұмытылмас ескерткіш. Елбасы қос қолдап Еркінді биікке көтеріп тұр.

Елбасы құшағына қысқан Ер­кіннің атасы мен әжесінің отбасында үлкен той-думан болды. Абдулла  ата тоқсанға, Алтынай әже сексенге толды. Бір сәт жиналған жұрт ерлі-зайыптылар өмірінен қызықты деректерге қанықты. Абдулла ата он бес жасында анасы Бибіханмен бірге әкесі Қосжанды сұрапыл соғысқа аттандырыпты. Бибіхан әже үш бірдей Абдулла, Қатшагүл, Күлжанды қиыншылықпен ер жеткізеді. Баланың үлкені Абдулла бұғанасы қатпай жатып колхозда бір бригаданың есепшісі болады. Бір жағынан жұмыс, бір жағынан оқу Абдулланы ерте шыңдайды. Мамандық алу мақсатында курстарда оқиды.

1943 жыл. Сұрапыл соғыс тынар түрі жоқ. Әкесі Қосжанның майданда ерлікпен қаза тапқаны жайында «кара қағаз» келді. Отбасының басына бұлт төнді. Бибіхан ана белді бекем буып, колхозда егін орды, шөп шапты. Бала Абдулла бұл кезде анасына көмекші, үлкен қолқанат болып, ержетіп  қалған кез еді.

Бірде ауылдық кеңестің төр­ағасы Сражаддин бұл отба­сының қиын­шылығын көріп, қол ұшын беру­дің амалын ойластырған сыңайлы.

Бұл жайында Абдулла ата: «Сражаддин ата қырмандағы арбаға қаппен астық тиеу жайында қыз-келіншектерден жарыс ұйымдастырып, бәйге жариялады. Жарысқа Қосжан атаның жеңгесі Айтжанды  әдейі шақырды. Айтжан қарулы келіншек еді. Қаптарды қолы-қолына жұқпай арбаға лақтырып, жарыста озып шығып, бәйгеге тігілген бір қап бидайды алады. Сол бір қап бидай біздің отбасына үлкен жүрек жалғау болды. Бұл Сражаддин   атаның Қосжанов әулетін аман сақтауда туған ұтымды ойы еді. Қазақ күн жаманы кетеді дейтін. Шындығында күн қиындығы өтері ақиқат екен» дейді.

Бір атадан жал­ғыз тұяқ Абдулла Қос­жанов сонау елуінші жыл­дың ортасында Қызылордаға қоныс аударды. Осындағы автокомбинатқа  жұмысқа тұрып, талай қызметтің тізгінін ұс­тап, зейнетке шықты. Қалада тұң­ғыш рет  №1, 3 маршруттарды іске қосып, көлік қатынасының алғашқы көш­бастаушысы бол­ғанын әріптестері Сансызбай Құтты­баев, Нұрлан Сыздықовтар талай айтқаны бар. Ал зайыбы Алтынай әжей болса маршруттағы автобустарда кондуктор болып еңбек етті.

Бұдан азғана күн бұрын Қос­жановтар отбасына атбасын бұрып, үлкен дарбазаның қоңырауын бастық. Сыртқа келіні Назерке шықты.

– Айналайын, ата-әжелерің үйде ме?

– Үйде аға. Үлкен залда шахмат ойнап, бірін-бірі жеңе алмай қызық болып жатыр.

Әңгіме рас болып шықты.

– Екеуміздің ермегіміз шахмат, шашкі. Бірде мен, бірде әжең жеңеді, – дейді Абдулла ата.

Абдулла ата бірде қала әкіміне кіріп, көше тазалығына байланысты ой қосқанын, жылы қабылдағанын айтып, мәз-мәйрам. Туған қаланың 200 жылдығы жақындаған сайын Абдулла атаны қазіргідей құлаш жайған мекеннің келбеті сүйсіндіре түскендей…

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<