Елді мекендерге дәрігерлік амбулатория салынады

1147

0

Алдағы бес жылдықта елді мекендерде медициналық қызметтердің сапасы да, қолжетімділігі де артады. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясы Шиелі ауданына қарасты Досбол би, Алғабас, Бұланбай бауы және Бала би елді мекендерінде ауылдық дәрігерлік амбулатория­ның бой көтеруіне ықпал етпек.

Бұған қоса, жыл сайын 230 медициналық ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жағдай жасау­ға ниетті. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың материал­дық-техникалық базасын нығайтып, заманауи қондырғылармен жабдықтауды көздеп отыр.

Денсаулық сақтау саласына қатысты бұл бастамаларды облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Тілеуберген Шау­тай, Баян Дүйсенбек, Қазбек Шәукебаев пен Мөлдір Дүйсенова аудандық денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Басқосуда үміткерлер партияның алға қойған мақсатты жұмыстары мен сайлауалды бағдарламасын таныстырып, салаға қатысты бірқатар мәселелерді талқыға салды. Ал, аудандық дәрігерлер медицина саласы мамандарының жалақысын көбейту, әлеуметтік жағдайына баса мән беру, ауылдық елді мекендердегі медициналық мамандардың тапшылығын жою мәселелеріне ерекше назар аударуды сұрады.

– Партия медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділікті арттыру бағытында 4 елді мекенде ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізіп, жыл сайын 230 медициналық ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға күш салмақ. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ықпал етеді, – деді үміткер Тілеуберген Шаутай.

Осылайша, сала мамандарының сан түрлі сауалына жауап берген үгіт тобы әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы тағы да мынадай бірнеше статистикалық мәліметтерді ұсынды. Нақтырақ айтсақ, партия аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды көздеуде. Бұл ретте 5 мектепті  және 12 мың тұрғыны бар Алғабас, Бекежанов, Қодаманов, Ақмая елді мекендерін «көгілдір отынмен» қамтып, ауданның газдандыру үлесін  66,4 %-ға жеткізуді жоспарланып отыр.  Сондай-ақ, жұмыссыздық деңгейін 3,5 %-ға азайту және жаңа жұмыс орнын ашу мақсатында жұмыстар жасалмақ.

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысының

сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<