Елдік мұраттар тоғысқан қала

95

0

Атам Қоңырқожа мен әжем Ләтипа – осы өңірдің тумасы. Қ.Қожықов Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Сол уақытта жәдидтік бағыттағы ағартушылық идеялар кеңінен тараған еді. Жәдидтер сол дәуірдің алдыңғы қатарлы зиялылары, олар ғылымға, білімге, мәдениетке және ең бастысы, ағартушылыққа жаңа леп әкелуді көздеген. Белгілі ағартушылардың қатарында И. Гаспринский, өзбек классигі Махмұд Ходжабеков, Манавар Қори сынды тұлғалар бар. Атам солармен бірге оқып, бірге қызмет атқарған. Ол Ташкент мұғалімдер семинариясын аяқтап, халық мұғалімі дипломын алған. Білім алғаннан кейін туған жеріне оралды.

Сол тұста белгілі болыс болған, жаңашыл көзқарасты ұстанған Мұңайтпас Лапинге жолығады. Мұңайтпас – қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, білімді тұлға  Серәлі Лапиннің әкесі. Мұңайтпас, Серәлі және Қоңырқожа үшеуі бірігіп, жаңа мектеп ашуға атсалысқан.

Бұл мектептердің ерекшелігі неде еді? Бұрын оқу тек діни бағытта, исламдық жүйеде жүргізілген. Балалар тек Құран аяттарын үйренумен шектелген.  Ал Қожықов жаңа үлгідегі мектеп ұсынды. Дәл осындай мектепті ол Сырдария ауданында ашқан. Бұл өңірдегі алғашқы зайырлы мектептердің бірі болды. Оның үстіне мектепте қыз балалар да оқыған. Бұл ол уақытта сирек жағдай еді. Оқушылардың арасында кейін оның жарына айналған Мұңайтпас Лапиннің қызы Ләтипа да болды. Екеуі бірін-бірі ұнатып,  отбасын құрды.

Ләтипа қазақтың алғашқы театр суретшісі атанды. Ол өте батыл, жаңашыл, ойлы әйел болған. Кейін оны театр аңызы деп атады. Өмір бойы опера және балет театрында еңбек етті. 1926 жылы театр жаңадан құрылған тұста алғашқы қойылымға дайындық олардың үйінен басталды. Қожықовтардың үйінде Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков сынды тұлғалар жиі бас қосатын. Сол жерде алғашқы спектакльдер дүниеге келді. Атап айтар болсақ, «Қарагөз», «Алтын сақина», «Еңлік-Кебек» сынды. Бұл қойылымдардың бәрі де алғашында Қызылордада сахналанып, кейін Алматыда жалғасын тапты.

Бесінші съезд кезінде республикаларды межелеу мәселесі қаралып жатқанда Қ.Қожықов Қызылорданың атын ұсынған. «Қызыл» сөзі большевиктерге ұнайды ал, «Орда» – ұлттық атау деген ойын айтқан. Кейін бұл ұсынысты мінберде Сұлтанбек Қожанов жариялаған.

Атамның төрт ұлы болған. Олар Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет және Сұлтанахмет. Бәрі де суретші. Мен екінші ұлы Құлахметтің қызымын. Балалары да әке жолын жалғап, өнер мен шығармашылыққа бет бұрды. Әкемнің бойындағы дарын бізге де дарыды. Балаларының бәрі суретші, кинематографист, танымал тұлғалар.

Қызылорда – осындай ұлы есімдерге бай қасиетті мекен. Себебі дәл осы жерде алғашқы астанада, мемлекетіміздің іргетасы қаланды.

Сәуле ҚОЖЫҚОВА,

Қазақстан Суретшілер,

Кинематографистер одағының мүшесі