Елена әндері елорда төрінде шарықтады

386

0

Фото: автордан

Астанадағы «Қазақконцерт» залында танымал әнші-композитор, ақын, Сыр елінің төл перзенті, қазақтың дарынды қызы Елена Әбдіхалықованың «Сағыныш ғұмыр» шығармашылық кеші болып өтті.

Елена мектеп қабырғасында жүріп-ақ айтысқа қатысып, ән жазған талант.  

Ол 1991-2002 жылдар аралығында об­лыстық, республикалық, халықаралық жүз­ге жуық  ақындар айтысының жеңім­пазы атанған.

Сонымен бірге ол – Фариза Оңғар­сынова, Иран-Ғайып, Светқали Нұржан  сын­ды қазақтың қабырғалы ақындары жо­ғары баға берген жазба ақыны.  Оның қала­мынан туған «Қарашық», «Бақыт құсы», «Шынар көлі» аталатын жыр жинақтары да көпшіліктің қолынан түс­пеген туындыларға айналды.

Елорда төріндегі Еленаның мерей­лі кешіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауын, сый-сияпатын, ықы­лас гүлін жеткізуге облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысты. Кеш­те қазақ эстрадасының жұлдыз­дары Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Светлана Айтбаева, Жұбаныш Жексенұлы, талантты әншілер Дәурен Сейітжанов, Шолпан Шарапатова, Аида Байгелова, Арайлым Ыбыраева, Мұратбек Хайролда, Өзгеріс Шерікбай, музыкалық жас көрермен театры және «Saz & Soul» тобы, басқа да өнерпаздар өз тартуларын ұсынды.

Бұл кештің ерекшелігі әндердің бәрі жанды дауыста шырқалды. Жасанды­лықтан шаршаған талғампаз жұртшылық Еленаның мөлдір бұлақтай сыңғырлаған әуендерінің саф әсеріне бөленді.

Елена әндері өрнекті және өміршең. Мәселен, оның «Есіңе мені алғайсың» әнінің жазылғанына отыз бес жыл болыпты, алайда, бұл ән кеше ғана өмірге келгендей, әр күні шырқалып келе жатыр.

Сондай-ақ кеште орындалған ақын Е.Жүністің сөзіне жазылған «Сағыныш-ғұмыр» әнші репертуарындағы – таңдау­лы әндердің бірі.

Еленаның өз сөзімен айтсақ, кештің негізгі мақсаты – сағыныш сезіміне сәу­ле құйып, замандастарымыздың бір-бі­ріне деген сыйластық құрметін арттыру. Расында, қазір сағыныш азайған, алыс­тан жылдам хабар алғызған смартфондар қадірліңнің жүзін сәт сайын көз ал­дыңа тосады. Бүгінде есіктен тосын кіріп келетін ешкім жоқ. Бір сәттен кейін кіммен кездесетініңді көріп отырасың, сонда қалай сағынбақсың?

Қазақтың талантты қызы адам кеуде­сіндегі асыл сезімді әнмен тербеп қайта­рып, оны аялап ұстауға үндейді.

«Сағыныш-ғұмыр» – дара таланттың осы мақсатын орындау жолындағы бір белесі, мұны көрген де, естіген де сөзсіз сезінді. 

Айта кетейік, биыл облыс әкімінің қол­дауымен Елена Мәжитқызының «Жасай бер, Қызылорда!» атты республикалық ән­шілер конкурсы өзінің туған жерінде өткізілмек.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»