«Елге көмектеспесек, несіне ат үстінде жүрміз?!»

1156

0

Қасиетті Қармақшы топырағында «Тұрмағамбет» ЖШС озық шаруашылықтар қатарында.

Серіктестік директоры Нұржан Пірмантаев елдегі қауіпті індетпен күресте едәуір көмегін тигізді. Ол ауылдық емхананың дәрі-дәрмегіне шаруашылық есебінен 1 млн теңге қаражат бөлді. Одан бөлек, аудандық ауруханаға да қаржылай қолдау көрсету жоспарда тұр.


– Елде тыныштық болға­нын қалаймыз. Жақын-жуы­ғынан кім айырылғысы келеді дейсің?! Бір жағынан шалғай елді мекенде тұрамыз. Қажетті дәрі-дәрмек бізге келем дегенше өзіміз де қол қусырып отыр­май беріп жатқан жәрдеміміз. Оның үстіне, елге көмектеспесек, несіне аттың үстінде жүреміз? Әрбір азамат кіндік қаны тамған туған жерінен аянып қалмауы керек, – дейді Нұржан Пірмантаев.


Тұрмағамбеттіктер пандемия кезінде ауызбіршілігін көрсетті. Астана, Алматы, Тараз секілді Қазақстанның ірі қалаларына қоныс аударған ауыл түлектері де жиналып, елге көмегін аянып қалмады. Ауыл азаматтары да қосылып, еріктілер жасағы ретінде қолғабыс етуде. Шаруашылық төрағасы өз атынан бір мал құрбандыққа шалды.


Нұржан Айдарбекұлының бастамасымен ауылды абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Іскер азамат бүгінде серіктестіктегі жұмыс ауқымын арттырып, кезінде қалаға көшіп кеткендерді де елге тартты. Еңбектің нанының тәтті болатынын еске салды.


Туған жеріндегі әлеуметтік нысандардың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуына атсалысты. Бүгінде шаруашылықтың қо­ғамдық моншасы халық игі­лігіне жұмыс істеп тұр. Моншаға жерді ауыл тұрғыны Бектасов Темірхан ешқандай өтеусіз берген.

Сонымен қатар кейіпкеріміз көршілес ауылдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, елге еңбек сіңіріп келеді. Ал бірер жыл бұрын ашылған балабақша балғындарды тәр­биелеу жолында игі қадам­дарға барды. Елді мекендегі мал ұстап, сиыр сауатын жан­дар шаруашылық ашқан сүт өңдеу цехына шикізат өт­кізіп отыр.

Бүгінде оның қолдауымен «Қазпошта» ғи­мараты да заманауи үлгіде қайта салынуда. Серіктестік жұмысшыларын ынталанды­рып, еңбегінің өлшеміне қарай сыйақы беруді дәстүрге айналдырған. Бұл – Нұржан Пірмантаев қол алған игі бастамалардың бір бөлігі ғана.


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<