Жаңа туған нәрестенің орталық жүйке жүйесінің зақымдануы – бұл жүктілік кезінде немесе босану барысында болған әртүрлі факторлардың әсерінен туындайтын патологиялық жағдай. Ол нәрестенің миының немесе жұлынның құрылымы мен қызметінің бұзылуына алып келуі мүмкін. Мұндай зақымдану нәрестеде қозғалыс, сенсорлық немесе когнитивтік функциялардың бұзылуын тудырады.
Нәрестедегі орталық жүйке жүйесінің зақымдануы ана денсаулығымен тікелей байланысты. Оған анасының жүктілік кезінде жұқпалы аурулармен ауыруы, жүктіліктің ауыр өтуі немесе токсикоз, оттегі жетіспеушілігі, босану кезіндегі жарақаттар, генетикалық факторлар, темекі шегуі, алкогольге тәуелділік, есірткі қолдануы сынды жайттар әсер етеді. Бала дамуындағы ақау барын ата-анасы нәрестедегі қалыпты рефлекстердің төмендеуі немесе жоқ болуы, бұлшық ет тонусының бұзылуы, тремор немесе тырыспа, қозғалыстың бұзылуы, дамудың кешігуі сынды әрекеттерден байқауына болады. Егер сәбиіңізден осындай кемшіліктерді байқасаңыз дереу дәрігердің көмегін жүгінген жөн.
Мамандар сәбиге толық тексеру жасау үшін ультрадыбыстық зерттеу, магнитті-резонанстық томография, нейросонография сияқты заманауи әдістерді қолданады. Патологияның ауырлығына байланысты емдеу тәсілін таңдайды. Сонымен бірге дәрі-дәрмек терапиясы, физиотерапия, массаж, ерте дамытушы жаттығулар сынды ем шара жүргізеді. Орталық жүйке жүйесінің зақымдану ерте кезеңде анықталып, дұрыс диагноз қойылса баланың денсаулығын жақсартуға болады. Әсіресе, дәрігердің кешенді ем-дом жүргізуі баланың сауығып кетуіне үлкен септігін тигізеді.
Базаркүл Исаева,
Гүлмира Төлепбергенова,
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<