Ең қымбат қазына – адам

1486

0

Мемлекеттің әлеуметтік функциясының мазмұны қандай? Ол адамдардың еңбегі мен денсаулығын қорғауды, кепілдендірілген ең төменгі жалақы мөлшерін, отбасын, ананы, әке мен баланы, мүгедектер мен қарт азаматтарды мемлекеттік қолдауды, әлеуметтік қызметтер жүйесін дамытуды, мемлекеттік зейнетақыларды, жәрдемақыларды және әлеуметтік қорғаудың басқа да кепілдіктерін қамтиды.

Әлеуметтік мәселелер кім­­ді болсын толғандырмай қой­майды. Әлі де толыққанды ше­шімін таба қоймаған мә­селелер бар­шылық. Солар­дың қатарына мем­ле­кеттің әлеу­меттік қыз­меті жатады. Әлем­нің көптеген елдері қоғам мүше­лерінің әлеуметтік тұр­ғыда қамсыздандыру мәсе­ле­сіне ерекше мән беруде.

Қазақстан Республикасы да  дамыған елу елдің  қатарына ену жолында осы мәселеге ерекше ықтиярмен көңіл бөлуі қажет. Мемлекеттің әлеуметтік қызметі сол мемлекеттегі эко­номикалық өсіммен тікелей байланысты.

Қазір мемлекет және құ­қық теориясында, ғалымдар ортасында мемлекеттің әлеу­меттік қызметін түсінуге бай­ланысты жалпы бағыты бір болғанмен, әртүрлі ой-тұ­жы­­рымдар орныққан. Отан­дық заңгер-ғалым Т.Ағ­дар­­­­бе­­ковтың айтуынша, әлеу­­мет­­тік құқық­тық мем­ле­кет­­тің құрылуы қиын жол­дардан өтті. Тек құ­қық­тық мемлекет бір­тін­деп әлеу­­меттік мемлекет кей­піне ие болады, жеке адам­­дар­дың еркін дамуына фор­мальды кепілдік әлеумет­тік қорғау­дың материалдық ке­піл­дігімен толықтырылады. Қа­­­зіргі құқықтық мемлекет бар­лығына бірдей әлеуметтік қорғалуға кепілдік береді.

Тек экономикалық, мате­ри­алдық, рухани жағынан ер­­кіндігі бар мемлекет қана ел­дің тұрғындарына адал әлеу­меттік саясат жүргізе алады. Қазақстандағы алғашқы мем­­лекет және құқық тео­риясының авторлары да әлеу­меттік қызметке мынандай тү­сінік береді: Әлеуметтік функ­ция – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жан-жақты қамтамасыз етіп, жақ­сы дәрежеде дамыту.

Мем­ле­кеттің әлеуметтік саясаты екі бағытқа бөлінеді. Бірінші бағыты – адамдардың қоғам­дағы еңбегіне қарамай мү­гедектерге, зейнеткерлерге, нау­­қас адамдарға, көпбалалы отба­сыларға, студенттерге мем­­ле­кеттік көлемде жан-жақты кө­мек жасап, олардың әлеуметтік жағдайын жақ­сарту, екінші бағыты – адам­дардың ден­сау­лығын қор­ғауға, жақсар­туға, мәдениетті дамытуға, ха­лықтың жақсы тұрып, жақсы демалуына қам­қорлық жасап, мемлекеттік бюджеттен тиісті мөлшерде қаржы бөліп отыру.

Белгілі ғалым С.Табанов мемле­кет­тің әлеуметтік қыз­ме­тінің мәні мынада деп са­найды: «Әлеуметтік сфера­да халықты әлеуметтік қор­­­­ғау (мүгедектерді, көпба­ла­лы ана­ларды, жұмыссыз адам­­­­дарды), зей­нетақымен қам­та­­масыз ету, денсаулық сақ­тауға, білімге, жол құры­лысына, қоғамдық көлік­ті да­мытуға, байланыс құралда­рына қажетті қара­жатты бөлу, т.б.». Ал, Ғ.Сапар­ғалиев пен А.Ибраева әлеу­меттік мемлекеттің маңызы мынада дейді: «Қандай да болсын қоғам түрлі таптардан, әлеуметтік топтардан тұрады. Кейбір елдерде, мысалы Қа­зақстанда, көптеген ұлт­тар тұрады. Олар­дың ара­қа­тынасын реттеу – не­гізі­нен мемлекеттің мін­деті. Олар­ға қамқорлық жа­сауды, олар­дың арасындағы қаты­нас­тар­ды, пайда болатын қай­шы­­лық­тарды реттеу, ше­шу, жөнге салу, тек қана мем­ле­кеттің қолынан келетін іс. Ол үшін мемлекетте күш те, қаражат та, басқа да мүм­кіндіктер бар. Осыған сәйкес мемлекет әлеуметтік функция атқарады. Егер мемлекеттің осы қызметі кең өріс алып, үздіксіз жүргізілетін болса, оны әлеуметтік мемлекет дей­ді».

С.Өзбекұлы мен Ө.Қо­па­­баев Қазақстан Республи­ка­сының Ата заңына сү­йе­не отыра, мемлекеттің әлеу­меттік қызметінің мәнін мы­на­дан көреді: «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Конститу­ция­сы мем­лекетімізді де­­­мо­­­кра­­тия­лық, за­йырлы, құ­­қық­­тық мем­­лекет ретінде ор­­нық­ты­ру­мен қатар, оны әлеу­­меттік деп жа­риялады. Әлеу­­меттік функ­ция қоғамның көп­теген салаларын қамтиды және мем­лекеттің, адамның әл-ауқатын, тұрмысын жақсар­туға бағытталған.

Әлеуметтік функцияның ең негізгі мақ­са­ты қоғамдағы байлықты ха­лық арасында әділеттілік қа­ғи­дасы негізінде бөліп беру бо­лып табылады. Мемлекет өз тарапынан еңбек етуге жа­рам­сыз болған қоғамдағы әлеу­­­меттік топтарға жан-жақ­ты қам­қорлық жасауға міндет алады.

Конституцияда былай деп көрсетілген:

1. Қазақстан Респуб­лика­сының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төменгі мөл­шеріне, жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағ­дайда және өзге де заң­ды негіздерде әлеуметтік қам­сыз­дандырылуына кепілдік бері­леді.

2. Ерікті әлеуметтік сақ­тан­дыру, әлеуметтік қам­сыз­­­дан­дырудың қосымша ны­­сан­­­дарын жасау және қайы­рым­дылық көтермеленіп оты­рады (28-бап).

Бұл норма мемлекетке қарт адамдарға, мүгедектерге, көп­балалы отбасыларға, тас­танды, жетім балаларға және тарихи отанына оралған қа­зақтарға көмек көрсету мін­детін жүк­тейді. Сонымен қатар, мем­лекеттің әлеуметтік функ­­ция­­­сының ең бастапқы мін­­­­­дет­­терінің бірі – кедей­лік­пен, жұ­мыссыздықпен күресу. «Қазақстан-2030» бағ­­дар­­ла­­ма­­сында мемлекет ал­дына мы­нандай міндеттер қойылған. «Осы жылдардың ішін­де ке­дей­шілік пен жұмыс­сыз­­дық­қа қарсы күрес страте­гиясы:

– кіші кредиттер жүйесін енгізуге;

– шағын және орта бизнесті дамытуға;

– еңбекті көп қажет ететін салаларды басымдықпен да­мытуға және бұларға шетел инвестициялары мен ұлттық капиталды белсенді тартуға;

– шарттар мен контракттар және бюджеттік сатып алу­лар кезінде жұмыспен қамту проблемаларына қатаң тұрғы­дан келуге;

– қоғамдық жұмыстарды, ең алдымен жол құрылысы мен орман отырғызуды дамытуға;

– жеке кәсіпкерлікті дамы­ту жолындағы қажетсіз әкім­шілік кедергілердің бәрін алып тастауға;

– қызмет көрсету саласын, әсіресе туризмді белсенді да­мытуға негізделеді.

Бұл міндеттер мемлекеттің әлеуметтік функциялары ар­қылы іс жүзіне асырылады.

Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<