Биыл Қазақстан Кәсіподақтары қозғалысына 120 жыл толды. Бұл – еңбек адамын қорғау, әлеуметтік әділеттілік пен жұмысшы құқығын қорғау жолындағы ғасырдан астам уақытқа созылған тарих. Атаулы күнге орай облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.
Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақ қозғалысы күрделі өзгерістерден өтті. Еңбек қатынастары жаңа заңнамалық нормаларға сай реттелді, жұмысшылардың құқығын қорғау жүйесі жаңғыртылды.
Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына биыл 35 жыл толды. Бұл жылдар ішінде федерация еңбек адамының мүддесін қорғаудың қуатты институтына айналды. Оның құрылымына 16,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымы, 18 аумақтық кәсіподақ бірлестігі және 24 салалық кәсіподақ кіреді. Ұйым халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының мүшесі және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құрудың бастамашысы, халықаралық әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Бүгінде оның құрамында 2 миллионға жуық мүше тіркелген.
– Жалпы Қызылорда облысы кәсіподақтары қозғалысының 75 жылдық тарихы бар. 1949 жылы Қазақстан кәсіпшілер одағы кеңесінің қаулысымен «Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесі» құрылған. 1950 жылы Қызылорда облыстық кәсіподақтар конференциясы өтіп, кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып Мөрәлі Шәменов сайланған. Кәсіподақтар федерациясы шешіміне сәйкес 2014 жылы Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесі қайта атауы өзгертіліп, облыстық кәсіподақтар орталығы болып құрылған.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кәсіподақтар қоғамда қозғаушы күш болған және солай қала бермек. Кәсіподақтар қозғалысы елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық үйлесімділікті қамтамасыз етуге ықпал ететін сындарлы, конструктивті күш ретінде анықталады, – деді М.Нәлібаев.
Қазір облыста 12 салалық кәсіподақта 97 мыңнан аса мүшесі бар. Кейінгі жылдары еңбек қатынастары тұрақтылығы бойынша 52 меморандумға қол қойылды, 130-дан астам ұжымдық шарт жаңартылып, жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктер бекітілді.
«СБ» ақпарат





