Бүгінде өңірде кәсіпке бет бұрған қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Жеңіл өнеркәсіп саласында олардың алар орны ерекше. Тың бастамалары жемісті жобаға айналып, әжептәуір табыс тауып жүр. Шиелілік Жансая Имантаева аудан халқын нан-тоқаш, тәтті өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Табысты кәсіптің артында қаншама еңбек бар. Ол іс бастау да оңай емес екенін айтады. 2019 жылы аудан орталығынан «Honeymood» нан-тоқаш және кондитерлік цехын іске қосты. «Бастау-Бизнес» бағдарламасын тиімді пайдаланған ол кәсібін кеңейту үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысты. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, цехтан бөлек, екі дүкен желісін ашты. Қазір 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Алғашқыда үйден тәтті пісіріп бастадым. Жұмыс ауқымы кеңейген соң, шағын дүкен аштым. Бір жағында өнім дайындалады. Біз ең алдымен сапаға мән бердік. Содан болар көпшіліктің көңілінен шығып, күн санап тұтынушылар да көбейді. Уақыт өткен сайын тәтті түрлерін арттырып, сұранысқа сай еңбек еттік. 2021 жылы жеке қаражатымызға цех соғып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтадық. Күніне 25-30 торт сатылса, бәліштер мен тіскебасарлар да тез өтіп кетеді, – дейді ол.
Дүкеннен тәттінің кез келген түрін табуға болады. Келушілерге барлық жағдай жасалған. Тәттімен қатар сусын, кофе ішуге арналған орын дайындалған. Жансая табысқа жетудің бірден-бір жолы қаржылық сауаттылық, жаңашылдыққа бет бұру, табандылық және тынымсыз еңбек екенін айтады. Сондай-ақ білікті мамандардың да алар орны бөлек. Кәсіпкер тәжірибелі кондитерлермен қатар, арнайы курс оқыған жастарға да мүмкіндік беруде. Білікті мамандардың курсына қатыстырып, білімін тереңдетуге ықпал етіп жүр.
– Кәсіп бастаған соң үнемі ізденіс керек. Сондықтан өз-өзіңді жетілдіру, біліміңді шыңдау, тәжірибе жинау – басты ұстаным. Сіздің кәсіп өзгелерде де болуы мүмкін. Бірақ әркімнің қабілетіне қарай әртүрлі дамиды. Жаңа дүние ойлап, жарыққа шығару да маңызды. Алдағы уақытта торт, бәліш, тіскебасардың жаңа түрлерін шығарып, түрлендіру ойда бар. Жаңа мәзірге жаңа торттар, классикалық круассандарды қостық, – дейді ол.
Жансая алдағы бес жылдық жоспарымен де бөлісті. Енді ол Қызылорда қаласынан да тәттілер желісін ашып, өнімін қала тұрғындарына ұсынбақ.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<