Қамбарбек Мүбараков 2021-2022 жылдары Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына басшылық етіп, күріш шаруашылығын дамытуға, ғылым мен өндірістің өзара тиімді байланысын жолға қоюға үлкен еңбек сіңірді. Ол іскерлігімен, парасат-пайымымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген, адамгершілік асыл қасиеттері мол, ұжымның шынайы сый-құрметіне бөленген азамат еді.
Білікті маман 30 жылдан астам мемлекеттік қызмет жолында облыстық салық комитетінде, тексеру комиссиясында, бірнеше басқармаларда, аудан әкімдігінде басшылық лауазымды үлкен жауапкершілікпен атқарып, аянбай еңбек етті. Оның өмірлік ұстанымы мен елге деген адалдығы, туған жердің өркендеуіне қосқан үлесі көп болды.
Мен Қамбарбектің еңбекқорлығын мына әрекетінен дәлелдегім келеді. Ол қызмет жасап жүрген кезде де, айталық облыстық экономика басқармасында басшылық қызметте жүріп, отбасы мен туған-туысы үшін ерте көктемнен бастап егінге кірісетін. Сонда үлкен бір басқарма басшысының еңбекқорлығына таңғалған едім әрі риза болдым.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бір жарым жылдай басшылық еткен уақытта үлкен істер жасаған. Қазір осы институттың профессор ғалымдары Қамбарбек Амангелдіұлын сағынышпен еске алады. Өйткені ол кісі келген бойда 30 жылдан бері көміліп қалған каналдың көзін ашып, экскаватормен тазартқан. Соның рахатын қазір біз көріп, пайдаланып, егін суарып отырмыз.
«Тектіден текті туады» деп халқымыз бекер айтпаған. Жаңақорғанда қызметте болғанымда Қамбарбектің әкесі Амангелді ағамен үш жарым жылдай бірге болдым. Ол кісі Жаңақорған ауданының ақсақалы еді. «Өзге балаларым бір төбе, Қамбарым бір төбе, одан көп үміт күтем» дейтін. Сондай әкеден тәлім-тәрбие алған ұл өмірінің соңына дейін елі үшін тынбай еңбек етті. Бұл ұмытылмайды деп білеміз.
Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы





