Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы» деді Президент.
Шиелі ауданының сол ауылға жастарға үлгі болатындай нағыз еңбек адамы тұрады.
Онымен кездесу үшін Нартай ауылына жол тарттық. «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Мұхамеджан Үрпеков елге, халқына сіңірген адал еңбегін алға тартып кеуде керген жан емес. Өзін барынша қарапайым ұстайтын ақсақал бүгінгі күніне шүкіршілік жасап, болашаққа сенеді. Ал өткен шаққа әрине, салауат айтады.
Ол еңбек жолын ауылдағы орта мектепті бітірген бойда бастап кетті. Қызылорда қаласындағы екі айлық механизаторлық курсты бітірді де, ауылына келіп, тракторға отырды. Бұл ісіне әкесі қарсы болған жоқ, қайта қуанды. Баласын күнде көріп жүретінін білген анасы да жадырап қалды. Колхоздың басқарма төрағасы Әнсары Әбдіхалықов ерекше қуанды. Ауылда жұмыс қолы жетіспейді. Әсіресе, механизатор дегенің таптырмайтын зәру мамандық.
Кейіпкеріміз әке жолын жалғастырды деуге толық негіз бар. Республикалық «Алтын құрмет» кітабында білікті диқан Үрпек Жансариевтің аты-жөні жазылып, суреті берілген. Барлық күш майдан үшін жұмсалған соғыс жылдары Ким Ман Сам, Ыбырай Жақаев, Ұлдар Дәуішева, Маман Қалдыбаев сияқты Шиелі ауданының беткеұстар, күріш дақылын өсірудің негізін қалаған диқандар сапында болды. Қызылорда облысынан майданға 60 тонна күріш салысы жөнелтілгенде Үрпек Жансариев бұл игі шараға да атсалысты. Күріштің әр гектарынан 80 центнерден өнім алды. Төсінде «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырады.
Сондықтан даңғайыр диқанның отбасында дүниеге келген, қайнаған еңбек ортасында өмір сүрген, есейген Мұхамеджанның еңбекпен етене болмауы мүмкін емес еді. Трактор тізгінін ұстаған күннен бастап еңбек қарқыны мен сапасына мән берді.
1969 жылы аудан бойынша әр гектардан 39 центнерден күріш салысы өндірілсе, 1970 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өсті. Жыл өткен сайын көлемі ұлғайтылып, 1970-1975 жылдары әр гектар күріштен 39-40 центнерден өнім өндіру тұрақты көрсеткішке айнала бастады. 1971 жылы ауданның 100-ден астам еңбек озаты лайықты құрметке ие болды. Көне деректерге көз жүгіртер болсақ, 1 адам «Ленин», 49 адам «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды, 33 адамға «Құрмет белгісі» ордені берілсе, тағы да осынша адам төсіне жарқыратып медаль тақты.
1970 жылы ауданның колхоз-совхоздарында 569 трактор, 196 комбайн, 180 автомашина болды. Ол кезде Нартай ауылы «Коммунизм» колхозы деп аталатын. «Үлгілі», «Еңбекші» және «Жиделіарық» деген үш елді мекеннен құралды. Үш бөлімше үш өндірістік бригадаға біріктірілді. Бас агроном Нақып Тыныбеков, бас инженер Төлеген Құрбанов, өндіріс бригадирлері Ізбасқан Құлтаев, Көшек Қосжанов, Досмағамбет Аюпов коммунизмдіктерді қажырлы іске бастай білді. Шаруашылықтың бір жылдық айналымындағы ақшалай қоры 1 миллион сомға жетті. Еңбек еселенсе, өнімділік артатынына, өнім көбейсе, әл-ауқат жақсаратынына еңбеккерлердің көзі жетті. Колхозшының айлық табысы артып, жыл соңында қосымша сыйлық ала бастады.
Мұхамеджан ағаның қатары жылдан жылға көбейе түсті. Сұлтан Айтасов, Әбдірахман Әпінов, Амангелді Сариев, Ержігіт Әміров, тағы басқа ауыл жігіттері шаруашылықтың егістік алқабын айдау, тұқым себу, егін ору мен жинау жұмыстарын абыроймен атқарып жүрді. Осылайша колхоздың механизатор жасағы қалыптасты, егіс көлемі, өнім мөлшері ұлғайды. 1971 жылы коммунизмдіктер қыруар табысқа қол жеткізді. Айналымдағы қаржы қоры 3 миллионға дейін жетті. Кейінірек бұл колхоз үшін тұрақты көрсеткіш болып қалды. Осы игілікті істің басы-қасында бірде трактор рулінде отырып жер жыртып, бірде комбайн штурвалында отырып астық орып, дән бастырып Мұхамеджан Үрпеков те жүрді.
Жыл қорытындысымен ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 25 жастағы жігіт үшін бұл үлкен жетістік болды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтің омырауына өз қолымен таққан ордені Мұхамеджанның ерен еңбекке деген құштарлығын еселей түсті. «Еңсең биік, кеудең кең, қолың салалы, қауқарлы екен. «Жас келсе, іске!» деген ғой, әлі талай марапат алдыңда күтіп тұр, әрекетің берекелі болсын» деп аймақ басшысы құттықтап еді сол кезде.
Ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Үрпековтің қандай азамат болғанын сол жылдары «Коммунизм» колхозы комсомол ұйымына жетекшілік еткен, қазір зейнеткер, Шиелі ауданының құрметті азаматы, қарымды қаламгер Есіркеп Шәдібеков жақсы біледі.
Ол кісі Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Шиелі ауданының құрметті азаматы Сәрсенбек Бекмұратұлына берген сұхбатында мынандай естеліктерді бөліскен еді.
«Шілде айының іші болу керек, бастық шақырып жатыр дегесін бардым. Барсам, бір өзі отыр екен.
– Есіркеп, «Еңбекшідегі» Ұлбала Алтайбаеваның күрішін көруге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов келе жатыр. Ертең егіс басында болады. Ерте барып көрсем, күріштің біраз жерінде судың деңгейі көтеріліп, атыздарды шайып кетіпті. Қазір кассадан 1000 сом ақша ал. Комсомолдарыңды жинап, мектепті көмекке шақырып, асар ұйымдастыр. Кешке дейін атыздың басын қарайтпасақ, еңбегіміз еш болайын деп тұр. Есіктің алдына бір машина шақыртып қойдым. Тапсырма орындалғанша сол машинаны пайдалана бер, – деді.
Дереу кассадан 1000 сом алып, машинаға міне сала ауыл белсендісі әрі құрдасым Мұхамеджан Үрпековтің үйіне бардым. Төрағаның тапсырмасын тыңдап болды да, «Үлгіліні» маған тапсыр. «Еңбекші» мен «Жиделіні» өзің ұйымдастыр» деді.
Ертесіне бөлінген автокөлікке мініп алып, жоғарыда аты аталған екі бөлімшеге шұғыл аттандым. Үйме-үй аралап жүріп екі бригаданың жастарын, жоғары кластың оқушыларын, бірлі-жарым ферма, бригада жұмысшыларын, ауылда демалыста жүрген студенттерді машинаға отырғызып, «Еңбекші» маңындағы күріш басына келсем, үлгіліліктер бізді күтіп тұр екен. Араларында жоғары класс оқушылары да бар. Мұхамеджан мектепке де соғып үлгірген екен. Белсенділігіне тәнті болдым.
– Ал, айта бер, қай жағынан бастаймыз, – деді ол. Іске құлшынып тұр.
– Басынан, күрішке кіреберістен бастайық, – дедім өз білгенімді айтып. Құрал-сайманымызды қолға алып кірісіп кеттік. Бәріміз жабылып, кешке қарай су шайып кеткен атыздың басын түгел қарайтып, қалпына келтірдік. Кешке қарай Жандарбеков көріп риза болды. Жұмыстан кейін асаршыларға 3 сомнан ақша тараттым. Бәрі мәз болды. Қалғанын «керек болып қалар» деген оймен қалтама салып қойдым. Таңертең Мұхамеджанды ерте келіп қарасам, атыздың бәрі қарайып тұр. Судың деңгейі төмендепті, шайып кететіндей қауіп жоқ. Көңіл орнына түсті.
Түске жақын обкомның бірінші хатшысы И.Әбдікәрімов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Бәйімбетов келіп көріп, риза болып кетті.
Жұмыс соңына қарай кеңсеге келсем, Жандарбеков бар екен. Кіріп едім, барлық бас мамандарды жинап алып маған ризашылығын білдірді. Шығып бара жатқанда: «Аға кешегіден 400 сом артылды» деп едім, «қапқа түскен, қазанға түспейді» деген ғой, тағы бір асарлатқан комсомол жұмысына қажет болады, сейфіңе салып қой» деді.
Қалған ақшаға волейбол доптарын, екі бөлімшеге екі волейбол сеткасын сатып алып бердім. Спортшы жастар риза болып қалды…».
Сол жылы күзде осы алқаптың күріші бітік шықты. Батыр ана Ұлбала Алтайбаева әр гектардан 106 центнерден күріш өндіріп, «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды.
1974 жылы ауданның бір топ ауыл шаруашылығы қызметкері арнайы мемлекеттік жолдамамен Мысырдың Каир, Александрия қалаларына сапар шекті. Құрамында Мұхамеджан аға да бар еді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) күміс медалін де осы жылы иеленді. Мұхамеджаның есінде сақталған тағы ерекше жыл – 1984. Осы жылы ерен еңбегінің нәтижесінде кеңес өкіметінің жоғары наградаларының бірі – «Еңбек Қызыл ту» орденіне қол жеткізді.
Ағамыз жұбайы Зөре Пернебекқызы екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 17 немере, шөбере көріп отыр.
Апамыз осыдан біршама жыл бұрын дүниеден озып кетті. Ағамыз өзінің бай тәжірибесін ауыл жастарымен үнемі бөлісіп отырады.
– Мені қуантатыны, жастардың механизаторлық мамандыққа қызығушылығы артып келеді. Жақсы жұмыс істесе, айлықтары да тәп-тәуір шығып жүр. Сондықтан алыстан іздемей-ақ ауылдан да жақсы жұмыс табуға болады, – деді сөз соңында еңбек ардагері.
Мақсұт ИБРАШЕВ.
Шиелі ауданы.






