Кешегі кеңес дәуірінде де, тәуелсіздік алған соң да ел игілігі үшін тынбай еңбек еткен ардагерлеріміз бүгін ортамызда жүр. Әдетте еңбек адамының болмысы қарапайым келеді, мен мынаны жасап едім деуге жоқ. Олардың еңбек шежіресін маңдай әжімінен оқи алмайсың. Ал жүлгеленген жүрегіне үңіле алсаң, баяғы баябан даланың дастаны төгіледі.
Осындай дара тұлғалардың бірі – 1945 жылы Қаратау қойнауында өмірге келген Патыма Мүзарапова.
Жас күнінен «Пәтен» аталып кеткен апамыз бүгінде сексен деген жастың сеңгіріне шығып отыр. Өмірі өнегеге толы адам. Әттең, біз сол ғибраты мол ғұмырды қысқа мақалада түгел қамти алмаймыз, «арқан бойы соқпақтың тұсау бойы төтелігіне» көшеміз.
Жас Пәтен 1962 жылы Жаңақорған ауданы «Ақүйік» совхозының 4-фермасында тұратын Мүзарап әулетіне келін болып түсті. Келін болып үйде отырған жоқ, ферманың шөбін шапты, жүгерінің собығын қайырды.
1966 жылы ауданда «Задарья» күріш совхозы құрылып, бұл кісілердің отбасы тау жақтан көшіп барды. Совхоз директоры, іскер ұйымдастырушы Әбдіғаппар Нұртазаев елді біріктіруге үлкен еңбек жасады.
Жас отбасы Үйсінбай мен Пәтен шаруашылыққа күрішші болып кірді. Әуелі звено сушысы болып, сосын екеуі өз алдарына бөлек күріш еге бастады. Жабайы жерге күріш егудің қиындығы шаш етектен. Үйсінбай екеуі жыңғылдан қазық қағып, сабанмен сүле жасайтын. Сүле деген суды мөлшерлеп ұстап тұратын бөгет, әйтпесе, су бір жерге құлап жетеді, бір жерге жылап жетеді.
Күріш егу дегеніңіз – тұтас бір өнер, жерге түссе қаулап кете бермейді, оны басынан сипап, балаша баптап күтесің.
Ерлі-зайыптыларды көз бен қол сияқты дейді ғой. Қол қанаса – көзден жас шығады, көз жыласа – қол сүртеді. Пәтен мен Үйсінбай да дәл сол секілді өмір кешті. Үйсінбай мединституттың екінші курсынан оқуын тастап, жайқалтып егін егемін деген арманмен ауылға қайтты. Екі жастың бас құрап, мақсат қосып, диқаншылыққа шыққаны осыдан кейін басталды. Ауырға арқасын тосып, қиынды тізесін қосып жүріп жеңе білді.
Патыма Мүзарапова 1960 жылдардың ортасынан бастап шаруашылықтың күріш звеносының жетекшісі болды. Ол кезде жер инженерлік жүйеге келтірілмеген, егістіктің бір тұсы ой, бір тұсы сай болып жатады. Ондай жерге егіс біркелкі шықпайды, оның үсіне күріш арқасында күрмек су ішіп, еңбегі еш кетеді. Сондықтан таңнан бұрын тұрып, атыз жағалайтын күрішшінің қолынан кетпен түспейді.
1973 жылы «Өзгент» күріш совхозы құрылды. Оның алғашқы директоры Мұсахан Жапаров болды. Ол кісі күріш ісіне ден қойған Патыманы звено жетекшісі етіп бекітті. Үйсінбай – сушы. Шаруашылық гидротехнигі Әлімбай Шерубаев болатын. Күріш – су астында жатып өсетін дақыл, дәл осы жерде гидротехник деген мамандықтың біліктілігі бірінші орынға шығады. Әлімбай білікті және еңбекке берілген маман, соның көмегі, өздерінің ауырдың астымен жүретін жанкештіліктері, әйтеуір алғашқы жылдан бастап-ақ Мүзарапова звеносы жақсы табыстарға қол жеткізді.
Осы кездері атақты күрішші Машбек Нәлібаевтың бригадасында еңбек етті. Сонау соғыс жылдарында бейнеттің ауырын арқалаған тау тұлға Машбек әке еңбектің қыр-сырына жетік болатын. Күрішші Патыма табысқа жетудің жолын осы кісіден үйренді. Машбек бригадасында еңбек ету оның алға ұмтылуға деген құлшынысын арттырды. Өйткені, бұл жерде артта қалу деген болмайды, тек озаттарға ғана орын бар. Сол кезде Патыма Мүзарапова есімі облыстық 100 центнершілер қатарына қосылды.
Бұрынғы кездері дала қостарында тек ер кісілер жүретін. «Өзгенттен» – Ұлбосын Төреқожаева, Ардақ Әлімбетова, Зылиха Бәйімбетова, Мәлика Әбілхайырова, Алма Мұсаева, Нәзен Сүлейменова секілді күрішші әйелдер есімдері шықты. Осылайша «Өзгент» қай жағынан да өзгеден дара тұрды.
1976 жылдың күзінде Патыма Мүзарапова өзіне бөлінген участоктің әр гектарынан елу центнерден өнім келтірді. Бұл сол кездегі жоғары көрсеткіш болатын. Оған оп-оңай жете салатын жол қайда.
Агротехникалық ережелерді қатаң сақтау – бірінші кезекте тұратын міндет. Бұл еңбек шығынын азайту арқылы мол өнім алу деген сөз. Пайдалана білген жерді қорғай да білу керек. Сондықтан күрішшінің кетпені батырдың қылышындай жалтылдап жүреді. Күліп-ойнауға уақыты жоқ, оның демалысы түн жарымында тыныстайтын ұйқысы ғана.
Күрішші Патыма дән сабағын қолына алып, аялай қарағанда жаңа босанған жас анаға ұқсайтын. Күміс дәнге деген оның мейірімін осы теңеу ғана дөп баса алатын шығар. Осындай махаббатпен атқарған іс қана нәтиже береді.
Майталман Машбек Нәлібаев бригадасындағы еңбек Патыманы болаттай шыңдады, кәнігі күрішші етіп шығарды. Осы кездегі табыс пен көрсеткіштері үшін егіншілер де, басшылар да оған үлкен сенім артып, аудандық кеңеске депутат етіп сайлады.
Депутат диқанға жүктелген міндет арта түсті, ол енді өнімді еселеп қана қойған жоқ, халықпен тікелей жұмыс істеді. Ауылдастарының жол қатынасына, тұрмыстық-тұтынушылық мәселелеріне орай айтылған аманаттарын орындады.
Халық өз сенімнен шыққан Мүзарапованы бір емес, бес рет қатарынан депутаттыққа сайлап, дауыс берді.
Аудандық партия конференцияларына делегат болды. Партияның пленумы мен Жоғарғы кеңес сессияларының шешімдерін жүзеге асыру саясаты алдыңғы орында тұратын заманда күріш звеносының жетекшісі Патыма Мүзарапова қатарласқандардан қашан да бір бас озық тұрды.
1986 жылы жоғары өнім алғаны үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін омырауға тақты. Облыстық партия, аудандық партия комитеттерінің мақтау қағаздарымен марапатталды.
1988 жылы күрішші әр гектардан 63-70 центнерден өнім жинады. Оның жұмысы тек егіс басында емес, аудандық партия комитетінің мүшесі, цехтық партия ұйымының хатшысы болды. Соның бәріне үлгерді, үнемі үдеден шықты.
Еңбек адамы қандай болады десе, «осы міне, танып қой» деп көрсететін тұлға Патыма Мүзарапова бүгінде әз әже атанып, үш перзентінен тараған ұрпақтарының қызығын көріп келеді. Ер азаматы Үйсінбай 2001 жылы өмірден өтті. «Орында бар оңалар», Талғаты көп жыл мұнай саласында еңбек етіп, зейнетке шықты. Қуанышы – кәсіпкер, Жанаты – мұғалім. Әрқайсысы бір-бір оттың иесі, орталарында алтын діңгек болып ел еңсесін еңбекпен тіктеген Патыма апай отыр.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





