Еңбектен бақыт тапқан ел анасы

227

0

Әлемнің әміршісі – еңбек. Ал еңбек еткенге бақыт басын иеді дейді данагөйлеріміз. Сыр өңірінде еңбектің көркін қыздырып, сол арқылы өзі де абыройға бөленген, туған жердің де даңқын асырған жандар жетерлік. Мәселен, бір ғана Шиелі ауданының өзінен 41 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы – соған дәлел. Бүгінгі заманауи құрылғы мен озық үлгідегі технологияға арқа сүйеген жас буынды таңның атысынан күннің батысына дейін бел жазбай еңбек етіп, қара жұмысқа жегілген, бейнет шеккен ата-әжелердің қажыр-қайраты қайран қалдырары сөзсіз!

«Мынау ердің, анау әйелдің жұ­мысы» демей, егін даласында ерлермен иық тіресе еңбек еткен қыз-келіншектер қаншама?! Күрішті, ырысты Сыр елінде бақытын ақмаржаннан тапқан сондай даңқты диқанның бірі – Шырынкүл Қазанбаева. Соғыс жылдары тракторды тізгіндеп ауылдың тұңғыш механизатор қызы атанған батыр ананың туғанына биыл 105 жыл толды.

Сыр маржанын егіп, ел ырысын еселеген еңбеккердің өнегелі өмірі мен еселі еңбегі жас ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге.

Шырынкүл Қазанбаева 1920 жылы 12 қыркүйекте Шиелі ауданы Ком­му­низм колхозы, қазіргі Нартай Беке­жанов ауылында  дүниеге келген. Ол 1938 жылдан бастап, яғни ерте жастан кін­дік қаны тамған ауылда еңбекке ара­ласқан. Бір ғасырға жуық ғұмырында  айна­ласына тек  жылы шуағын сеуіп, үлгілі іс-әрекетімен өзге­лердің жүрегінен орын алып келді. Жоғарыда айтып өтке­німіздей, «Дала академигі» атанған атақ­ты күріш­ші Ы.Жақаевтың тәлімін алып, ер-азаматтармен бірдей еңбек етіп, мем­лекет байлығын еселеп өсір­гендер­дің қа­та­рында Шырынкүл Қазанбаева да болды. 

Ол 1940 жылы механизаторлар кур­сында оқып, ең алғашқылардың бірі болып, трактор руліне отырды. Сұрапыл соғыс жылдарында ер-азаматтардың ор­нында тылда еңбек етіп, ауыл шаруа­шы­лығының сан сала­лы жұмысына атсалысты.  Ш.Қазан­баеваның егіншілік өмір­баяны соғыстан бүлінген халық шаруа­шылығын қалпына келтіру дәуірінен басталады.

Шырынкүл  апа тұйық, сөзге сараң кісі болған. Келген адамға жинаған өнімінің көрсеткіші жазылған қойын дәптерін ұсынады. Оның дәптерінен  үздік жұмыстарын көруге болады. Дегенмен, ол осындай жетістіктерге жету үшін қамырдан қыл суырғандай жұмыс атқарды және оның жолында көптеген кедергі туындаса да, Социалистік Еңбек Ері қиыншылыққа мойынсынбай, алған бетінен қайтпады. Мысалы, 1972 жылы Шырынкүл Қазанбаеваның еншісіне біраз жылдан бері соқа түрені тимеген «Қорған төбе» алқабы тиді. Ол құмдауыт жерді «ДТ-75» тракторының руліне отырып өзі жыртты, тұқымын да өзі септі. Осы жылы күрішті шылау баса бастады. Әйтсе де, диқан мұның сырын дөп басып тапты. Суды жаңартқаннан кейін күріш бітік өсіп,  тағы бір рекорд орнатылды. 25 гектар күріштің әрбір гектарынан 125 центнер күріш жинап алынды. 1966-1971 жылдар аралығында ол колхозға 61 272 сом пайда келтірген. Атақты күрішші жастардың ізашары болып, тәжірибесін бөлісіп отырған.

Шырынкүл Қазанбаева ес   білгелі қиыншылықпен күресіп келді.  Себебі ол ата-анасынан жастайынан айыры­лып, кішкентай кезінен тағдырдың тау­қыметін тартып, бір үйдің ауыртпалығын жалғыз көтерді. Сондай-ақ ол ел тіршілігіне, яғни қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Мысалы, 1974 жылы өткен облыс әйелдері слетінде сөз сөйлеп, өз жұмыс тәжірибелерін, еңбектегі табысын, ой-пікірін ортаға салды. 1946 жылдан бастап одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанға дейін осы шаруашылықта күрішші болып, тапжылмай еңбек етті. 1961 жылы депу­таттыққа сайланып, 1973 жылы Коммунизм колхозының звено жетекшісі болған. Барлық уақытта да жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізіп, жарыс жеңімпазы қатарынан табылды.

Ел анасы еңбегіне орай марапаттан кенде болған жоқ. 1964 жылы әр гек­тардан 63 центнерден өнім жинап, үкімет пен партияның ең жоғары наградасы – Ленин орденін иеленді. 1966 жылы есімі Қазақстанның Алтын кіта­бына жазылды. 1972 жылы ерен еңбегі үшін  Социалистік Еңбек Ері атанды. 2008 жылы Қызыл­орда облысының, 2010 жылы Шиелі ауданының құрметті азаматы атағы берілді. 

Шырынкүл Қазанбаева тек еңбек адамы ғана емес,  со­ны­­мен бірге ол –   ардақты ана.

– Мен апамның қолына 1970 жылы келін болып түстім. Содан 49 жыл бірге тұрдық. Мен түскенде 50 жаста еді. Үйде болғанынан сыртта жүргені көп еді. Ерте көктемнен ала жаздай, онан күз түсіп, өнімді жинағанша егін даласында жүрсе, қыста денсаулығын күту үшін курорттарға, одан қалды жиналыстарға баратын. Апам ерте көктемнен бастап тракторға мініп, жер айдайтын. Жерін айдап болған соң күрішке шығып кететін. Ол кезде қазіргідей технология жоқ, бар жұмысты қолмен істейді. Күрішті сондай қиыншылықпен алып отырды. Солай жүріп атам екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп-өсірді. Үлкен қызы Әсияның бес қыз, төрт ұлы бар, кіші қызы Әсемкүл үш қыз, бір ұлдың анасы. Менің жолдасым – Секен. Біздің бес ұл, екі қызымыз бар. Бүгінде мен де бес келіннің енесімін. Екі қызымыз тұрмыста. Апам бес ұлды өзі үйлендіріп, екі қызды өзі тұрмысқа берді. Менің жанымда 50 жылға жуық болды ғой, сол себепті де өз анамдай жақын болды. Анамның орнын жоқтатпай, мейірімге бөледі. Ол кісінің өмірден озғаны жаныма қатты батты. Асыл кісі еді. Алтын апам, еліне елеулі, халқына қалаулы болған, ауылымның ажары, отбасымның базары, елінің еркесі, балаларының берекесі болған жан анам еді, – дейді келіні «Күміс алқа» иегері Айжан Серікбаева.

Шырынкүл апа 2018 жылы 98 жа­сын­­да дүниеден озды.  Бақытын ең­бектен тапқан, өнегелі өмірінде өлшеусіз еңбегімен елдің елеулісіне айналған аяу­лы жанның есімі ешқашан өшпек емес.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»