Ер-азамат орнына атқа қонған

37

0

Соғыстың суық хабары жүрек­терді мұздай қарығанда, ауыл қа­ңырап бос қалғанда, ер-азамат­тар атқарған тіршіліктің зіл батпан сал­мағы әйел затына, жасы келген ақ­сақалдарға, қала берді буыны қат­паған балалардың иығына ар­тылды.

Азаматы мен баласынан ха­бар күткен әйелдер, қайраты қайт­қан қариялар, жас балалар… Бә­рі­­­нің қолы күріш отаудан, кол­хоз жұмысынан, күріш, бидай ора­ғынан, қала берді майдан­дағы­лар­ға шұлық, қолғап тоқудан боса­майды.

Сүреңсіз көрініс, күн құрғатпай келіп жататын «қара қағаз», әр үй­ден шыққан қаралы дауыс, жы­лау, жоқтау… 

Әттең-ай, соғыс болмағанда ғой, әркім өз тіршілігін жасап, қайнап жатқан өмірдің ырғағы бұзылмас па еді, кім білсін?! Қайғыдан азап шегіп, сырқат кеудесін сүйреген қарт та, қара жамылған ана да, желегі желбіреген күйі жесір атан­ған жеңге де, бозторғайдай шы­рыл­даған бала да жан-жағынан ті­рек іздейді. Мұндайда қайратына мініп кім шығады? Әрине, рухы мықтылар…

Соғысқа дейін алғашқы «Қы­зыл отауды» ұйымдастырған, 1935 жылы комсомол қатарына қа­был­данған Тән өзі он сегіз жасын­да мүше болып кірген Қар­мақ­шы ауданына қарасты бұрынғы Во­­рошилов атындағы кол­хоз­да 1939 жылға дейін еңбек ет­кен еді. Мәдениет ауылында туып-өс­кен ол он үш жасынан кол­хоз­да масақ терді, өгізбен жер жырт­ты. Күйеуі Орынбай Тү­мен­баев соғысқа  кет­кенше Ворошилов кол­хозының тө­рағасы болды. Халық шаруа­шы­лы­ғын өркендетудің бесжыл­дық жос­парын орындау үшін жан аямады. Тән комсомол сек­ре­­тарь­лығын, Қосарық ауылдық кі­тап­хана меңгерушілігін қосымша ат­қарды, кейін салық агентіне ауыс­тырылды.

Ертеректе №12 ауылдың тө­ңірегінен Арықбай, Кезең  серік­тестері құрылып, кейін Ворошилов, Микоян, Түпбөгет колхоздарына бі­ріктірілген. Көп ұзамай тағы екі кол­хоз Карл Маркс пен Көктөбе қо­сылды. Төрағасы Орынбай Тү­­мен­баев 1942 жылы соғысқа алын­ды.  Күйеуі мен қайнысын  соғысқа аттандырып салғанда Тән небәрі 27-де еді. Бұған дейін сынақтан өткен партия кадрына сенім ар­тылып, осы ауылдық кеңеске Тән Түменбаева 1942 жылы төраға бо­лып сайланды.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп, ортақ іске жұ­дырықтай жұмылған жұрт­шы­лықты басқарып, соғысқа жа­рам­сыз ерлерді, жұмысқа жарам­ды балаларды, әйелдерді топ­тас­ты­­рып, еңбек армиясын жасақ­та­ды. Ауыл адамдарын май­данға азық-түлік, жылы киім жіберу үшін ұйым­дастырып, «Қазақ­стан кол­хозшысы» деп аталған танк ко­лон­­насына ақша аудару ісін үй­лестірді. «Қазақстан комсо­мо­ле­ці» авиа­эскад­ри­льясына көмек­­­тесу үшін  кол­хозшыларды бірік­­тір­ді. Күн­діз егістікте, қала берді мал басын аман сақтау үшін еңбек еткен әйелдерді түнде жүн иіріп жылы киім, шұлық тоқуға, кол­хоз­­дан арпа, сұлы, бидай, ет өнім­дерін майданға аттандыруға жұмыл­дырды.

– Шешем туралы небір есте­ліктер мен құжаттарды сақтап ке­лемін. Мен сәби кезiмде бipнеше орден-медалін бесігіме тағып қоя­ды екен. Содан бірталайы жо­ға­лып кетіпті, – дейді баласы Нұр­ғиса. – Қазақта «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген сөз бар ғой. Жақсы ананың да шара­паты ұрпағына же­теді екен. Ба­сым­нан өткесiн айтып отырмын. Бай­дiлда ағам қайтқанда, бiз жас қалдық. Баланың үлкенi мен 6-класс оқи­тынмын. Тән анам мен Тыныштық бiзге жетiмдiк көрсет­пей, ел қа­тарына қосты, – деді ол.

Мұқағали ақынның:

– Қайран біздің шешелер,

Арды ойлаған.

Шілік шауып, ши орып,

бау байлаған.

Жігіттерден айырылып, қалмай

қараң,

Қырман басып, егін caп, арба айдаған, – деп келетін өлеңінің кейіпкерлері осындай гүлден нә­зік, тастан берік жандар еді.

Жеңістің ақ таңы арайлап ат­қан­мен, Тәннің жары Орынбай май­­даннан оралмады. Ендігі мақ­саты екеуі бірігіп жаққан ошақтың отын сөндірмеу, Байділданы ел қа­­тарына қосу болды. 1949 жылы Қар­мақшы ауданынан Компар­тияның IV съезіне делегат болып қатысты. Облыстан курс оқып, еңбек ете жүріп білімін жетілдірді. Ауылдық, поселкелік  совет пред­седательдерін, секретарьларын да­йындайтын жо­ға­ры даярлық кур­сын, Мәскеуден Жо­ғары партия мектебін бітірді.

Қосарық ауылдық советі атқару, кейін халықтық бақылау комитетін басқарды. «Қазақстанның шөл жә­не шөлейт аймақтарында қой ша­руашылығын өркендетуді ұйым­дастыру» атты қаулыға сәйкес, Қы­­зылқұмның қойнауында «Жа­ңа­қала» қой совхозы құрылғанда Тән ана сонда қоныс аударды. Ди­рек­торға кеңесші болып еңбек етіп, рес­пуб­ликалық дәрежедегі дербес зей­нет­керлікке шықты. Қа­зығы енді қағылған ауылдың бой түзеуіне елеулі үлес қосты.

– Соғыс уақытында колхозда жұмыс істеген Раунақ деген апа­мыз бiздiң үйде жатқан екен. Мар­құм сол кici «Тән тәуліктің қай мегзілінде болсын, жағдайын айтқан адамның шаруасын бiтi­pетiн. Халықтың үжжаты үшiн күн демей, түн демей атына мiнiп кете беретiн» дейтін.

Қайсар жан ұзақ жыл ат үстінде жүріп халықтың мұң-мұқтажына ден қойды. Комсомолда қызмет атқарғанда ауданға жаяу қаты­на­ғанын көзкөргендер айтып оты­рады екен. Бет қаратпайтын қарлы боранда, аспан айналып жерге тү­сердей ыстықта жалғыз, жаяу… Оның үстіне әйел адам. Елсіз жер­дегі қаптаған ит-құс зәресін алатын. Бірақ қоғам қажеттілігі, өзіне сенім артқан жұрттың игілігі үшін осындай  табандылық керек еді.

Тылдағы еңбегі ескеріліп со­ғыс ардагеріне теңестірілген Тән анаға жеңіл көлік, пәтер алуға же­ңілдіктер берілді. Бірақ қолда­ғы барына қанағат қылған ол отбасы­ның амандығы мен халықтың ты­ныштығынан артық бақыт жоқ деп ұқты. Қарапайым тірлік кешіп, 1997 жылы өзі тұрған ауылда дүниеден озды. Ұрпақтары жоғары білімді, балалары, немерелері елі­міздің әр қиырында еңбек етіп, өсіп-өнуде.

– Шешем мен туғанда қуанып, алты қанат үй тіккен еккен. Қазір алпыс жылдай болды, сатуға қи­маймын. Керегелері сөгіліп кетсе,  сыммен емес, түйенің мойна­ғы­мен көктеймін. Бау-шуы мен киізін орағанда, күйе жемес үшін арасына адыраспан саламын. Та­биғи қалпын сақтап, анамның көзі ретінде қаладағы үй алдына тігіп қойғым келеді, – дейді Нұрғиса Түменбай.

Жақында ауыл мектебінің 8-сынып оқушысы Iнжу Нұрлан­қызы қолдағы  құжаттар негізінде ардагер Тән Ерманқызы, оның тылдағы ерлігі туралы еңбек қор­ғады. Ардагер ананың ерен еңбегін республикаға танытып, өте жақсы баға алды. Бұл – ерліктің тағылымы ұмытылмайтынына, өскелең ұр­пақ жадында жаңғыра беретініне дәлел. Дегенмен тылдағы еңбек майданының басы-қасында жүріп, ер-азамат орнына атқа қонған Тән Түменбаеваның есімін есте қал­дыру үшін өзі тұрған ауылдан, аудан орталығынан көше аты бе­рілсе деген ұсыныс бар. Арда­гердің ұрпақтары еңбектің бағасын білетін ел азаматтары ескерер деп үміттенеді.

М.МЕРЕЙ