Ақан сері мен Біржан салды исі қазақ түгел біледі десем артық емес. Мектеп оқулықтарынан бастап, өнер саласы оқу орындарының бағдарламасына енген екі қайталанбас тұлғаның асқақ әндерін әншілер де, әнсүйер жұрт та айта жүріп, кезегінде зор ықыласпен тыңдайтыны әмбеге аян.
Атам Қазақтан: «Арқаға барып әншімін деме» деген қисынды сөз қалған. Ақиқаты солай. Сөзімізді дәлелдейік, әйгілі «Гәккуімен» тоқсан түрлі ән қалықтатқан Үкілі Ыбырай, «Айым да сен Ғалия, күнім де сен» деп жүрек жауһарын тербеген Балуан Шолақ, «Қызы едім мен Уәлидің атым Майра, қызыл тіл көмекей мен тілім сайра» деп ән шалқытқан Майра, «Ажарың ашық екен атқан таңдай, нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай, анаңнан сені тапқан айналайын, күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай» деп сүйген қызының сұлу портретін берген Сегізсері. Солардың қатарына ақын, әнші-композитор Мәди Бәпиұлы Алшынбаевты қосайық.
Ол 1880 жылы (бір жазбаларда 1878 жылы) Қарағанды облысы, қазіргі Қарқаралы ауданындағы Үшқара тауының етегінде дүниеге келген. Руы-Қаракесек. Арғы атасы қазақтың атақты үш биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек, одан Бекболат би, одан Абайдың қайын атасы болған атақты Алшынбай. Алшынбайдан-Қақабай, Бәпау, Қосық, Жанығұл, Бәпи, Алшынбайдың кенже баласы Бәпиден Мәди туады. Бәпи ел басқаруға ұмтылмаған, қарапайым, момын кісі болған. Қазақы салтпен айтсақ, Алшынбайдан қалған қарашаңырақтың иесі кенже бала Бәпи болуға тиіс. Бірақ бар байлықты үлкені Қақабай иеленеді. Болыстыққа да сайланған.
«…Мәдиді сәби күнінен бастап Алшынбайдың әйелі Ұлжан әжесі тәрбиелеп, бетінен қақпай өсіреді. Бес жасында ашамай салып, тайға мінгізеді. Қайда барса да жанынан қалдырмайды. Ысқақ ишанға беріп 5 жыл оқытқан. Он жасында ауылға оралады. Аулына қайтарда артына бір қарап алып: «Ал молдеке, қош-сау болыңыз, мен өз міндетімді орындадым» деп жүріп кетіпті.
– Құлыншағым неге келдің, – деп алдынан шыққан әжесіне:
– Молдаңызда енді мен үйренетін ештеңе қалған жоқ, – деп жауап беріпті. Шындығында, алғашында ол дүние білімін түгел тауысқандай сезінеді. Бірақ өсе келе райынан қайтып, араб әрпімен жазылған қазақша өлең кітаптарды оқумен әуестенген…» (А.Жұбанов. «Замана бұлбұлдары», 15-бет)
Ер жеткесін әкесінің үлкен ағасы, жоғарыда айтқан Қақабай болыстың қолына келеді. Мәди жастайынан батылдығымен, ән-жырға әуестігімен, домбырашылығымен көзге түскен. 14 жасында Тайынша жәрмеңкесінде күй тартып, Біржан салдың батасын алады. Қарулы, жүректі, ел арасына атағы шыға бастаған Мәдиді Қақабай өз мақсатына жұмсап, қолшоқпары еткісі келеді. Әдепкіде аңғармағанымен келе-келе Қақабайдың арам пиғылы мен залымдығын байқап, одан бас тартқан. Айтқанына көніп, айдауына жүрмеген Мәдидің келешегінде өзіне бәле болатынын сезіп, одан тездетіп құтылудың жолын іздейді. Ақыры «Мәди менің 4 қойымды ұрлады» деп бәле жауып, Атбасардың түрмесіне қаматады. 1914 жылы түрмеден шығып ауылына келген Мәди бар малының талан-таражға түскенін көріп қапа болады. Зығырданы қайнаған ол: «Ақыры мені барымташы деген екен, онда сол тапқан малдарымнан садақа алып, қара халыққа таратамын» деп күреске белін бекем буады. Байлардан әуелі бөліс сұрайды. Көнбегендерінен тартып алады. Қазақты бір-біріне айдап салып пайда тауып отырған орыс шенділеріне бұл оқиға ұнай қоймайды. Билер сотына беріп жазалатқысы келген. Алайда бұл әрекеттерінен ештеңе шығара алмайды. Билер соты қалың елдің қолдауына ие болған Мәдиден қорқады.
Ақыры патша үкіметі қарулы әскермен тұтқындап, Мәдиді Қазалы түрмесіне әкеліп қамайды. Бірақ ештеңеден тайсалмайтын, ержүрек Мәди 1915 жылы түрмеден қашып шығады Арада екі жыл өткенде, яғни 1917 жылы «банда» атанған Мәди тағы ұсталады. Алайда осы жылы қазан төңкерісі болып, патша билігі құлайды. Орнына Кеңес үкіметі келеді. Түрмеден босаған Мәди теңдікті жалаулатқан «большевиктер» жағына шығады. 1919 жылы Колчак әскерлерімен болған соғысқа қатысады. Колчакты Қарқаралыдан қуып шығуға үлес қосады. Осында Қарқаралы кеңесінің мүшелігіне сайланады. Бірақ көп ұзамай кеңес үкіметінің де қазақтарға ешқандай азаттық бермейтініне көзі жетеді. Кезінде патша үкіметіне жандайшап болған сатқындар енді кеңес үкіметінің қолтығына кіріп, қазақтың көзі ашық, азаматтарын бірінен-кейін бірін ұстата бастайды. Мұны көрген Мәди сатқын қазақтармен ашық күреске шығады. Арамнан тапқан мал-мүліктерін тартып алып, сіңірі шыққан кедей-кепшікке таратады. Әділдік пен еркіндік жолындағы күреспен тағы да екі жыл уақыт өтеді. 1921 жылдың ақпан айында Мәди Қарқаралы түрмесінде қара халыққа жанашыр болған Мұстафа Малдыбаевтың отырғанын естіп, жағдайын білуге келеді. Күзетшілір кездестірмейді. Осыдан шатақ шығады, төбелес болады. Жабылып ұстап, алып бара жатқанда «қашпақшы болды» деген желеумен Жасанов деген түрме күзетшісі Мәдиді атып өлтіреді.
«Сұрасаң Мәди еді менің атым, кем емес еш адамнан салтанатым» деген атышулы батыр, жарлы-жақыбайдың теңдігі үшін күрескен ер Мәди осылайша қаза тауып, Қарқаралы маңындағы бейітке жерленеді. Кейін ұрпақтары бейітіне құлпытас орнатыпты. Мәдиден бізге жеткен мұра-небәрі 4 ән. Алғашқы әні – Қаракесек. Бір шумағын жаза кетейік:
– Сұрасаң руымды Қаракесек,
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек,
Үстінде құс мамықтың жататын ем,
Бұл күнде қу қарағай болды төсек, – деп басталады.
Екінші әні – «Қарқаралы». Екі шумағын берейік:
– Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады,
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.
Қонғаны ауылымның талды-ау деймін,
Жағалай ел жайлауға қонды ау деймін,
Кір жуып, кіндік кескен туған жерім,
Артымда бір көрінбей қалды-ау деймін…
Кең тынысты ән, зарлы әрі аянышты. Рамазан Стамғазиев пен Ерлан Рысқалидың орындауында әнді салыстыра тыңдадым. Екі орындаушы да әнді түпнұсқаға сәйкестендіре айтады. Айырмасы, Рамазан Стамғазиев қоңырлатып әрі баяулата, ал Ерлан Рысқали өзіндік екпінмен сәл биіктеу орындайды.
Мәдидің үшінші әні – «Үшқара». Үшқара – Мәдидің кіндік қанының тамған жері. Әрине, бұған ән арнамау мүмкін емес ғой. Жаңылмасам, 11 шумақтан тұрады. Қазіргі әншілер оның 3-4 шумағын ғана орындап жүр. Бүгіндері көбірек орындалып жүргені осы «Үшқара», Мәди өмірінің қысқаша баяны. «Арғы атам әулие еткен ер Қазыбек» деп басталып, одан туған Бекболатқа тоқталады. Өз атасы Алшынбайды құрметтей келе: «Атағы Алатаудай бабаларым, білдің бе осы күнгі біздің жайды» деп бір қайырады. «Қақабай Мәдименен бір туысқан, екеуі өле-өлгенше кек қуысқан» дей отырып, әкесі Бәпидің үлкен ағасы Қақабай мен екеуінің шиеленісті жағдайын тілге тиек етіп, ата-бабаларының аруағына сыйынады. «Үшқара» әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың орындауында сазды әрі өте нақышты, тыңдаушыға керемет әсер береді. Кезінде «Серпер» тобының әншісі болған, марқұм Биғазы Тұтқабековтің орындауында алтын қорда сақтаулы. Тағы бір тоқтала кететініміз, бертіндегі «Қоңыр» тобының әнді өзара гармониялық үйлесіммен орындап, әсерлі жеткізе білуі еді.
Төртіншісі – «Шіркін-ай» әні. Бұл ән сирек орындалады. Бірақ құрылысы мен сазы жағынан алып қарағанда алдыңғы әндерінен кем емес.
Өнертану ғылымының докторы, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның кафедра меңгерушісі Аманкелді Күзеубайұлы: «Мәдидің ұмытылып, халық әндері болып аталып кеткен әндері болуы әбден мүмкін» дейді. Ол – өнер зерттеушілерінің құзіретіне кіретін тіршілік.
Осы мақаланы баспаға әзірлеу барысында облыстық Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада болып, Мәдиді зерттеуші қаламгер Әшімбек Бектасовтың 1969 жылы жарық көрген «Мәди» атты шағын кітапшасымен таныстым. Бір ғажабы, кітаптың алғашқы бетінде (бұрын еш жерде суреті сақталмаған деуші едік) суреті басылған. Автор тарихи деректерге, халық аңыздарына сүйене отырып, Мәдидің ақындық, әншілік, композиторлығын, қуғын-сүргінмен өткен өмір жолын қаһарманның өз сөзінен, өлеңдерінен мысал келтіре отырып нанымды баяндайды. Қарқаралы өңірінде Мәдидің аумалы-төкпелі замандағы өмірі жайлы мәліметтер берген ондаған жанашыр азаматтар болған, соларға рақмет айтады.
Жарықтық Жүсекең, Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков бір естелігінде: 1914 жылы туған ағасы, өзінің алғашқы ұстазы Жақыпбекпен Қоянды жәрмеңкесіне барғанын, Мәдиді көргенін айтады. Сонда әуелі Жақыпбек ағасының ән салғанын, болғасын Мәдиге қарап: «Әдейі сізге тыңдатайын деп мына інімді де ертіп келіп едім» деп өтініш білдіреді. Сол жолы аса талантты Жүсіпбекке риза болған Мәди, батасын беріпті. Турасына келсек Мәдидің жоғарыда атап кеткен әндерін бізге жеткізген күміс көмей әнші-ұстаз Жүсіпбек атамыз. Қазір орындалып жүрген төрт ән Елебеков нұсқасы. Жүсекең болмағанда кім білсін, әлдеқалай болар еді?
«Мәди батыр жігіт, халық бақыты үшін өмірін күреспен өткізген қайраткер. Еңбекші халықтың жауы қолынан қапыда өлді. Бірақ артына лайықты ескерткіш қалдырып кеткен композитор, әнші. Оның шығармалары халықтың аузында. «Қаракесек» әні «Ер Тарғын» операсындағы Ер Тарғынның бас ариясы болып берілген. Ал «Шіркін-ай» әні «Қыз Жібек» операсында айтылады» дейді Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» деген кітабында.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Үшқараның баурайында Мәди атымен аталатын ауыл бар екен. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында, яғни осыдан 300 жылдай бұрын Мәдидің бабасы Қазыбек би рулы елін бастап келіп осы маңайға қоныстаныпты, содан өсіп-өнген ғой.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





