Ерекше қажеттілігі бар жандар – қоғамның толыққанды мүшесі

77

0

Мүгедектігі бар адамдар үшін құқықты қамтамасыз ету және тең мүмкіндік жасау – қазіргі қоғамның маңызды басымдықтарының бірі. Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты әр адам өзінің ерекшеліктеріне қарамастан әлеуетін іске асыра алатын инклюзивті орта құру бойынша белсенді жұмыс істейді.

Еліміз 2015 жылы БҰҰ мүгедектердің құқық­та­ры туралы конвенцияны ратификациялады, осы­лай­ша мүгедек адамдарды қоғамға толыққанды ин­те­гра­циялауға бағытталған шаралар кешенін одан әрі іске асыру бойынша міндеттеме алды.

Ал 2023 жылғы 7 маусымда конвенцияға факуль­тативтік хаттаманы ратификациялай отырып, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауда елеулі қадам жасады. Бұл елдің халықаралық стандарттарға адалдығын және ұмтылысын көрсетеді.

Бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 732 мыңға жуық азамат тұрады, бұл халықтың 3,6%-ы. Мемлекет олардың өмір сүру сапасын жақсарту және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету шараларын белсенді түрде енгізуде. Еліміздің барлық өңірінде олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, медициналық қызмет және әлеуметтік көмекке қолжетімділікті қоса алғанда, жағдайын жақсартуда.

Өткен жылы сырттай медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша пилоттық жоба аясында 96,9 мыңнан астам өтінім өңделіп, рәсімдер жеңілдетілді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 1,1 миллионнан астам қызмет көрсетілді, ал инватакси қызметі 207 мың реттен көп пайдаланылды. Қамсыздандыруға арналған шығыс жыл сайын 22%-ға артып, былтыр 748,5 млрд теңге болды.

Мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделі­нен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшуге бағ­дарланған 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы бекітілді. Жаңа тәсіл мүгедектігі бар адамдарды барынша әлеуметтік ықпалдастыру үшін шаралар қабылдауды көздейді, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуы үшін жаңа перспективалар туғызады. Ұлттық құқық қорғау мекемесі мен өңірлік өкілдер мүгедектігі бар азаматтардың өтініштерімен белсенді жұмыс істейді, медициналық көмек, мүгедектік та­ғайындау, жеке көмекшілер ұсыну мәселелерін шешуге көмектеседі.

Былтыр Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қы­зылорда облысы бойынша өкілінің атына мүгедек­тігі бар адамдардан 10 өтініш түсіп, оның 5-еуі қанағаттан­дырылды.

Мәселен, Қызылорда қаласы теміржол аурухана­сының ғимаратындағы лифт стандарттарға сәйкес кел­мейтіндігі, атап айтқанда, оның екінші қабатта тоқ­тамайтыны және мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайсыздық тудыратыны жайлы арыз жолданған. Арыз иесі лифтті жөндеу және мүгедектігі бар аза­маттарды бірінші қабатта қабылдауды сұраған.

Өкіл арызда көрсетілген мән-жайларды жан-жақты қарау және тексеру үшін әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің департаментіне, об­лыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті сұраныс хаттар жолдады.

Нәтижесінде Қызылорда теміржол ауруханасы ЖШС-де мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қол­же­тімділік талаптарының бұзылғаны анықталды. Ау­руханаға ұйғарым беріліп, сондай-ақ қолжетімділік та­лаптарын бұзғаны үшін 738 000 теңге көлемінде айып­пұл салынды. Сонымен қатар бірінші қабатта ар­найы жабдықталған бөлмеде мүмкіндігі шектеулі аза­маттарды қабылдауды ұйымдастыру мәселесі шешілді.

Берікбол БАЙХОЖАЕВ,

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің

Қызылорда облысы бойынша өкілі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<