«Нұрсәт» теннис орталығында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы аясында «Болашаққа бағдар» атты шара өтті. Оның мақсаты – жұмыссыз азаматтарға жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасу және кездесу мүмкіндігін ұсыну арқылы олардың еңбек нарығына араласуына жағдай жасау.
Шарада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев жұмысшы мамандар елдің экономикалық дамуына үлкен серпін беретінін айтты.
– Жыл сайын жастарға және аймағымыздың жұмыссыз азаматтарына Солтүстік өңірлерге қоныс аударуды насихаттайтын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Қызылорда облысы жұмыс күші артық өңірлерге жатады. Сондықтан ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы – кәсіби біліктілігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуына немесе кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жаңа бастама, – деді ол.
Жәрмеңкеге қатысқан Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Ұлытау, Павлодар облыстары 8 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар жергілікті жұмыс берушілерден «Аksa Еnergy Qyzylorda» компаниясы, «Автобус паркі», «Қорқыт ата әуежайы», «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары және аймақтағы ірі құрылыс мекемелері де қатысты. Қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің «Қызылордада жасалған» атты дайын өнімдері де жұртшылыққа ұсынылды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждер кәсіби бағдар көрсетіп, «Ашық есік күнін» ұйымдастырды.
Шарада өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқандарға аймақ басшысының атынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар, үздік тауар өндірушілер мен жұмыс берушілер де марапатталды. Колледж түлектері арасынан 3 жас маманға тұрақты жұмысқа жолдама берілді.
«СБ» ақпарат






