Еркіндік туы, елдіктің үні

255

0

Фото: облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылордадағы «Рәміздер алаңында» 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне арналған жалпыұлттық патриоттық акция өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, зиялы қауым, саяси партиялар, этномәдени бірлес­тіктер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шара театр актерлері мен облыстық филармонияның аралас хорының, «Ай-ару» би ансамблінің «Алаштың асқақ арманы» қойылымымен басталды.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылық­ты құттықтап, тәуелсіз еліміздің өркендеу тарихындағы мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы: «Көк байрағымыз – мызғымас мем­лекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақ­таныш ұялатады» деген болатын. Рәміз­дердегі әрбір нышан халқымыздың өткені мен бүгінін бағамдап, келешекке ұмтылған адал ниетімізді, байыпты мақсатымызды айшықтайды. Біздің мемлекеттік рәміз­деріміз Қазақстанды күллі әлемге бейбіт­шілік пен татулықтың символы ретінде дәріптеуде. Бүгінде көк Туымыз халық­аралық ареналарда, әлемдегі алпауыт ұйымдардың төрінде Тәуелсіз Қазақстанды танытып келеді.

Биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл бастама – тек атаулы жыл емес, қарапайым еңбек адам­дарына деген шынайы құрмет. Кез кел­ген өндірістің, кәсіпорынның немесе инфра­құрылым саласының дамуы алдымен шебер жұмысшылардың еңбегіне байланысты. Еңбек адамын дәріптеу бір­тұтас қоғам мен жас ұрпақтың тәрбиесі үшін аса маңызды.

Елтаңбамыз еңселі, Туымыз тұғырлы, Әнұранымыз айбынды болғай! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасай берсін! – деді облыс әкімі.

Шара барысында хордың сүйемелдеуі­мен Мемлекеттік Гимн жанды дауыста шыр­қалып, жас өнерпаздар мен жергілікті әншілер патриоттық әндер орындады. Содан кейін 10 автокөлік пен 35 велошеруші қала көшелерімен шеру жасап өтті.

Патриоттық акция аясындағы тағы бір шара ипподромда болды. Ат құлағында ойнаған шабандоздар Мемлекеттік туды биікте желбіретіп, батыр бабалар рухын көтерген дәстүрді жаңғыртты.

«СБ» ақпарат