Ерлік ісі ешқашан өшпейді

248

0

Фото: Кейіпкердің отбасының жеке мұрағатынан

Қан майданда Отан үшін, ел үшін алға ұмтылған, қаһар­мандық пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлердің бірі – Бегайыс Өткелбайұлы. Ол 1920 жылдың 15 тамызы күні Қазалы қаласында шаруа отбасында дү­ниеге келген. Әке мен анадан ерте айырылып, жетім қалғасын ағайын-туыстың қолында тәр­биеленді. Жастайынан тағ­дырдың кермек дәмін татқан ол соғыс оты тұтанғанда небәрі 21 жаста болатын. 1941 жылы өзі туып-өскен Қазалы ауданынан майдан шебіне атта­нып, Севастополь шай­­қа­сына қатысқан.

Се­вастополь – екінші дү­ниежүзілік соғыс жыл­дары фашистермен шай­қаста ер­лік көрсетіп, «Ба­тыр қала» атан­ған ке­ңес­тік қалалардың бі­рі. Соғыс жылдары Қы­рым­­дағы Севастополь үшін болған со­ғыс­тың зарда­бы тарихтан белгілі. 300 мыңдық неміс армиясын 250 күн бойы жібермей ұстап тұрған батыр қаланың даңқы әлемге жайылды. Осы қала үшін болған шайқаста Бегайыс Өт­кел­баев ер­лікпен көзге түсті. Майдан­гердің соғыс даласындағы ерлігі елеусіз қалған жоқ. 1944 жылы «Ер­лігі үшін» медалін екі мәрте кеу­десіне тақты. Сонымен қатар «Ста­лин­град қаласын қа­рулы күштерден қор­ғағаны үшін» орденін, «Герма­ния­ны жеңгені үшін» медалін иеленді.

Бегайыс Өткелбайұлы 1945 жы­лы елге оралды. Өкініштісі, ал­дынан кү­тіп алатын не әке, не шеше бол­ған жоқ. Бірақ ол же­тімдікке мо­йы­мады. Өзін ата­­ның ғана емес, адамның, ха­­лық­­тың ұлы деп есеп­теді. Май­дан­гер бейбіт өмірдегі ең­бек жо­лын теміржол саласында жал­ғас­тырды. Жауаптылығымен жә­не тиянақтылығымен көзге түс­кен ол өмірінің ширек ғасырында партияға қалтқы­сыз қызмет ет­ті. 1966 жылы небәрі 46 жас­қа қараған шағында ауырып дү­ниеден өтті. Марқұмның артында бір ұлы мен төрт қызы қалды. Құдай қосқан жары Раушан оларды оқытып-тоқытты, қатарынан кем қылған жоқ. Бүгінде бес баладан Несібелі мен Нәзігүл ғана бар. Олар сауда саласында еңбек етіп, зей­нет де­малысына шықты.

– Әкемнің арманы көп еді. Бала­ларының ер жетіп, жоғары білім алып, өз Отанының адал азаматтары болуын тілеп отыра­тын. Бірақ амал не, ол арманына жете алған жоқ. Анамыз әкеміздің аманатын орын­дап, балаларының қатарынан кем болмай өсуіне үл­кен ықпал жа­сады. Біз, ұл-қыз­дары мамандық алып, адал еңбек еттік, – дейді қызы Несі­белі апа.

Ерлік даңқы ешқашан өшпейді. Бегайыс Өткелбайұлының есімі Қа­залы ауданында орналасқан «Же­ңіс» саябағында даңқ тақта­сына жазылған. Ұрпағы май­дангер ата бейітіне жиі барып, ру­хына Құран бағыштап тұрады.

Иә, сол бір сұм соғыс жылда­рындағы отты күндер адамзат са­насынан өшпек емес. Се­бебі оның құнды­лығы ғасырлар бойы жаңа буынға өсиет.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<