Жеңіс күні жақындаған сайын тарих бетін қайта парақтаймыз. Ұлы Отан соғысының отты жылдары алыстаса да, оның жаңғырығы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өмірін Отан қорғауға арнап, бейбіт өмір сыйлаған батырлардың бірі – соғыс ардагері Шамшадин Мусаев туралы әңгіме өрбітпекпіз.
Ол – елге Сары жырау деген атпен танылған Жансүгір Қанатұлының немересі. Қанаттан тараған Жансүгір, Күнсүгір, Айсүгір үшеуі де өз дәуірінде елге сыйлы, құрметі асқан азаматтар болыпты. Бірі – зергер, бірі – ғұлама, енді бірі – жырау. Шамшадин атамыз соғысқа небәрі 17 жасында аттанып, өмірдің ең қиын сынақтарын бастан өткерген.
Соғыста үш бірдей бауыры қаза тауып, қанды қырғыннан оралмады. Ол елін қорғауға ғана емес, майданда жүрген бауырларын көрсем, олармен қауышсам деген арманымен де аттанды. Бірақ үміті ақталмады…
Қызы Бақытгүл Мусаева әкесі туралы айтқан естелігінде былай деп еске алады:
– Әкем 1942 жылы соғысқа алынған. Жастық шағы от пен оқтың арасында өтті. Әкесінің туған інілері Жанкелді, Жампоз, Жайбергеннен әлі күнге дейін дерек жоқ. Үлкен әжем Айсұлу балаларын айта-айта өмірден озды. Біз соғыстан кейін туған ұрпақ болған соң, олардың басына түскен қайғыны толық түсіне алмауымыз мүмкін. Бірақ әкеміз ауыр мұңға бататын. Есімде, бала кезімізде «совет-неміс» болып атысып ойнаймыз. Қолдан жасалған бірлі-жарым мылтық ойыншықтарымыз болды. «Немістер келді» деп шулап жүргенімізде, әкеміз ауыр күрсініп: «Балаларым-ай, неміс келді деп айтпаңдар» дейтін. Соғыстың сұрапыл естеліктері жадында қайта жаңғырғанын балалықпен түсінген жоқпыз, – дейді ол.
Майдангер соғыста Польша мен Беларусьті фашистерден азат етуге қатысқан. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі еді.
– Әкем көп сөйлемейтін, томаға-тұйық адам еді. Шын мәнінде, тірі тарих болатын. Бірақ оны толық түсіне алмадық. Егер ұғынсақ, көзі тірісінде әңгімелерін жазып алар ма едік деп ойлаймын. Дегенмен, естеліктерінің кейбір сәттері жадымда қалыпты. Әкем әңгімесінде: «Соғысты Польшаның Варшава қаласында аяқтадым. Сол жерді азат етуге қатыстым. Бұған дейін Беларусь майданында шайқасып, азат еттік. Біз көрген қорлықты, кейінгі ұрпақ көрмесін» деп отыратын.
Енді бір әңгімесінде: «Айнала отқа оранып, оқ жауған түндер мен күндердің шегі жоқ еді. Үнемі атысып жүрдік. Бір нанды бөліп жеп жүрген жолдастарымыз көз алдымызда оққа ұшатын. Бізге төсек қайдан болсын, окоп ішінде ұйықтап кетеміз. Таң атысымен екі жақтан да ақ жалау көтеріледі, «соғыспаймыз» деген белгі. Сол кезде майданда қаза тапқандарды жерлеуге мүмкіндік берілетін. Күнде қасыңда жүрген достарыңды жерлеу қандай ауыр екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» деп еске алатын, – дейді қызы.
Соғыстың екі жылы артта қалғанда Шамшадин Мусаев сержант шенін алды. Бір күні майор шеніндегі кісі оны шақырып алып барлауға баратынын айтады. Алайда кешкісін бір солдат келіп: «Сен бармайсың, орныңа мен барамын» дейді. Бұл сөз көңіліне ауыр тиеді. Майордың штабына барып: «Мені қазақ болғаным үшін шеттетіп тұрсыз ба? Мен барлауға барамын!» деп өзі сұранды. Сонда майор ойланып отырып: «Жоқ, қазақ болғаның үшін емес. Сен – отбасындағы жалғызсың. Бұл барлауда тірі қалмауың мүмкін, жаудың шебін бұзу керек» деген. Бірақ Шамшадин атамыз айтқанынан қайтпай, барлауға өзі шығатынын айтады. Ақыры майор келісім береді.
Ертеңіне қолына карта мен дүрбі ұстатып, қасына 20 адамды ертеді. Межелі жерге келгенде «батырға да жан керек», аяғы өзінен-өзі кері тартты. Сол-ақ екен, талдың басында отырған жау солдаты оқ жаудырды. Алдыңғы қатарда келе жатқан майдангер оққа ұшты. Бір аяғын тесіп өткен оқ екінші аяғын да жаралайды. Сол жерде құлап түсті. Бірақ бөлімшесі тапсырманы орындап, жау шебін бұзып қайтты. Төрт айдай госпитальда емделіп, қатарға қайта қосылған майдангерге осы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені табысталды.
Соғыс бітсе де ақсақал қираған Челябинск қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Содан он жылдан кейін ғана туған елге оралды. Елге келгеннен кейін бейбіт өмірге белсене араласты. Еңбек жолында адал қызмет етті. Майдандағы ерлігін бейбіт өмірдегі табанды еңбегімен жалғастырды. Мәселен, Аралдағы обаға қарсы күресу станциясында техник, Сексеуіл станциясында ВОХР-да жұмысшы болып еңбек етті. Мұнан кейін кеме жөндеу зауытында электрдәнекерлеуші, Арал балық комбинатында моторист, оның көмекшісі болып қызмет атқарды.
Астрахань қаласындағы балық өнеркәсібі кадрларының білім көтеру мектебінде оқып, «Аралрыбпром» комбинатындағы балық кемелерінде механик, механиктің көмекшісі, бірлестіктің газ кесушісі болып жұмыс істеді.
Ардагердің еңбегі елеусіз қалған емес. Ол Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Данқ» ордендерімен, «Варшава қаласын азат еткені үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталды. Ал еңбектегі жетістіктері үшін «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын иеленген.
Жары Рабиға Мусаевамен екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпақтары әр салада табысты еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосуда. Соғыс ардагері 1984 жылы соғыс салған жарақаты сыр беріп дүниеден өтті.
Бірақ оның бейнесі, өмір жолы, майдандағы ерлігі мен соғыстан кейінгі еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






