– Әкем 1921 жылы өмір есігін ашқан. Кейін «Жалаңаш» аулындағы мектептен 4 кластық білім алады да, 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1941 жылы Отан қорғау үшін кеудесін оққа төсейді, – деді ол.
Ол кісі «Қос жанарымды Отаным үшін, ұрпақтарым, сендер үшін майдан даласында тастап кеттім. Алланың жазмышы болар, жанарсыз қалсам да, еліме аман-есен келдім ғой» дейді екен.
Қарғыс атқыр соғыс қасіреті бұл.
Болат айтқандай, Құдекең ажалмен талай рет бетпе-бетпе келген. Соғыста механикаландырылған 8-гвардиялық бригада құрамында қатардағы жауынгер, яғни барлаушы болды. Қарша бораған оқтан ата-баба аруағы сақтаған болар, жараланса ем-дом алып, үш жыл бойы оқ пен оттың ортасында жүріпті. 1943 жыл болса керек. Өзі айтқандай, басына жау оғы тиіп, жылға жуық госпитальда жатып, ем алды. Өкініштісі сол, қос жанарынан айрылып, су қараңғылыққа ұшырайды. Содан Құдекеңнің өмір үшін арпалысы басталды.
Туған топырағына аман-сау оралып, қос жанарынан айрылса да, қалған ғұмырын еңбек етуге арнайды. Балықшы болып, ел несібесін молайтуға қосқан үлесін ерлік демеске болмас.
Әлі есімде, Құдекең қолындағы таяғымен жер шұқылап, тыным көрмейтін. Ешкімнің көмегінсіз бір өзі жүретін. Алақандай ауылдағы кімнің үйінің қайда екенін жатқа білетін.
І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен, Ұлы Жеңіс құрметіне арналған және Қарулы күштердің мерекелік медальдарымен марапатталды.
Ал еңбектегі ерлігі үшін аудандық, облыстық әкімдіктің Алғыс хаттарын, Құрмет грамотасын иеленді. Тұңғыш Президенттің құттықтау хаты мен сыйлығын алды.
Құдайберген ағамыз ауылымыздың абыз ақсақалы атанды. Шуақты шаңырақтың отағасы болды. Дәмен Олжабаева апамызбен бас қосты. Қызы Күнжамал – оқу-ағарту саласының маманы болса, ұлы Болат ондаған жылдар бойы жауапты қызметтер атқарды, бүгінде жеке кәсіпкер.
Ұлы Жеңіс жолында да, еңбек жолында да өзіндік қолтаңбасы мен ұлағатын қалдырған айтулы азаматтың есімін ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз.
Еркін ӘБІЛОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Арал ауданының құрметті азаматы






