Қазақ қоғамында қай кезде де көпбалалы отбасылар көпке үлгі. Олардың қатарына шиелілік Рая Бердешованың отбасын қосуға болады. Бүгінде батыр ана ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпағының қызығына кенеліп отыр.
Бала күнінен еңбекпен ерте есейген ол 1956 жылы «Авангардтағы» орыс орта мектебін үздік бітіріп, ауылдағы сауыншылар бригадасына қосылды. Ал бір жылдан кейін жары Төлешпен бас қосып, «Төңкеріске» келін боп түсті. Малдың жайын жақсы білетін жас жұбайлар колхоздағы бір отар қойды бағуға бел байлады. Қой бағудағы тәуір көрсеткішінің арқасында колхоз басшыларының назарына ілікті. Осылайша коммунистік партия қатарына қабылданды. «Төңкеріс» колхозында бес жылға дейін озат шопан атағын ешкімге берген жоқ. Бірнеше рет бесжылдық жоспарды үш жылда орындап, атақ-даңқы облыс, республикаға танылды. Кейін сиыр фермасына ауысып, бірі бақташы, бірі сауыншы ретінде отыз жеті жыл еңбек етті. Құдай қосқан қосағы екеуі төрт қыз, бес ұл өсірді.
Еңбек пен отбасын қатар алып жүрген, өзгелерге өнеге бола білген алтын құрсақты ананың еңбегі елеусіз қалмады. Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының 1980 жылғы Жарлығымен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен, Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті, Қазақ ССР Министрлер советі, Қазақ ССР Кәсіподақтар кеңесі, Қазақстан ВЛКСМ Орталық комитетінің естелік құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл, 110 жыл орай құрметке бөленді. 1986 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен КСРО-ның «Халықтар достығы» орденін кеудесіне тақты. 1988 жылы КСРО Жарлығымен, Жоғары Кеңестің шешімімен КСРО-ның «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Бұдан кейінгі жылдардағы атқарған жемісті еңбегі үшін КСРО-ның «Ерен еңбегі үшін» медальдері табысталды.
2010 жылы Президент Жарлығымен «Батыр ана» атанып, алтын алқа тақты. Саналы өмірінің қырық жылдан астам бөлігін ауыл шаруашылығын өркендетуге арнаған кейіпкеріміз облыстық кеңеске екі дүркін, Шиелі аудандық кеңесіне төрт, «Төңкеріс» ауылдық кеңесіне бес дүркін депутат болды. Жиырма жылдай «Төңкеріс» ұжымшарының басқарма мүшелігінде жүрді. Он жыл партия комитетінің партком мүшесі болды.
Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Ендеше, Рая Бердешованың ерлікке бергісіз өмір жолы ғибратқа толы.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<