Есірткі және достықтың күші туралы ертегі

79

0

Әрдайым күн нұрын төгіп, гүлдері жайнап тұратын шалғай жерде Әділ есімді қайырымды, батыл бала өмір сүріпті. Ол айналасындағы әлемді зерттеуді, достарымен араласуды және көмекке мұқтаж адамдарға көмектесуді жақсы көрді. Бірақ бір күні оның әлемі қорқынышты түстей өзгерді.

Ауыл маңындағы тоғайда Есірткі есімді зұлым  пайда болды. Ол айлакер, опасыз, онысымен қоймай халықты тәтті уәделерімен алдап, арбауды білетін. Ол барлығына өзінің сиқырлы заттарын қолданып көрсе, оларды бақытты және күшті ете алатынын айтты. Көптеген адамдар, әсіресе жасөспірімдер оның айла-амалдарына құлап, оның заттары туралы ойлана бастады.

Әділ достарының екі ойда жүргенін, қиналғанын көре алмады. Ауылдағылардың барлығын жинап, Есірткі туралы айтуды ұйғарды. Кездесуде ол:

– Достар! Есірткі бізге бақыт уәде ететінін білемін, бірақ бұл жай алдау! Біз бірігіп, оған қарсы тұруымыз керек!

Ол достарына бастапқыда расымен өздерін керемет сезінетінін, бірақ көп ұзамай  өздерінің сүйікті істеріне – футбол ойнауға, сурет салуға және достасуға қызығушылықтарын жоғалтатындарын, өмірлерінің мәні қашатынын түсіндірді, өмірден мысалдар келтірді.  

Кейбір жігіттер артқа шегіне бастады.

Әділ болса: «Бұл өткінші және өкінішті жағдай! Нағыз бақыт – достық, деннің саулығы және уайымсыз бақытқа толы күніміз!» деуден танбады.

Жігіттер ойланып қалды. Бірге жасырынбақ ойнағандарын, мерекелерді қалай тойлағандарын, қиын-қыстау кезде бір-біріне қолдау көрсеткендерін еске алды. Бірте-бірте олар есірткінің кесірінен, ең құнды нәрсе – достықты жоғалтатындарын түсінді.

Әділ өз ойын ортаға салды: олар бірге тоғайға барып, Есірткімен бетпе-бет кездесуді шешті. Сол күні олар топ болып жиналып, оның ұясына қарай бет алды. Балалардың Есірткіні сыртынан білетіні болмаса, түрін алғаш көрулері еді.

Есірткінің үш басы оның алдау – арбау қасиетке ие екенін білдірсе, қара түсті киімі оның зұлым ниеті мен қараңғылықпен байланысын аңғартты, ал аузынан оттың шашырап шығуы, бұл есірткінің   адамдарды қызықтырып,  тартатын қасиетке ие екенін білдіртті. Балалар қорыққандарынан  бір – біріне тығылды.

Ол келген қонақтарын қуана қарсы алып, күлімсіреп амандасты:

– Жай жүрсіңдер ме? Маған қояр қандай сұрақтарың бар? Әлде көмек сұрағалы келдіңдер ме?

Әділ батыл алға басып:

– Мынаны ұғып ал! Біз сенімен байланыста болғымыз  келмейді! Біз шынайы өмірді таңдаймыз – салауатты, мағынаға толы өмір!

Осы кезде барлық достар бірігіп, достық пен бақыт туралы ән айта бастады. Дауыстарының қатты және сенімді шыққаны соншалық, олардың бірлігінің күшінен ағаштар да дірілдей бастады.

Есірткі қорқынышты сезінді. Оның зұлым ниеті достықтың күшіне қарсы тұра алмады! Көп ұзамай ол кішірейіп, қалың тоғай арасында ғайып бола бастады, соңында артында көлеңкесі ғана қалды.

Содан бері Әділ және оның достары шынайы өмір, ол – әрқашан бірге болу, бір-бірін қолдау және жаман әдеттен аулақ болу екенін ұмытпады. Олар шынайы достықты ешнәрсе алмастыра алмайтынын түсінді.

Және олар өмірлерінің әр күнінен ләззат алып, бақытты өмір сүрді.

Нұрасыл Тілеухан,

Қызылорда қаласы

Абай атындағы ДБА мектебінің

7 «J» сыныбының оқушысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<