Ескерілмеген ерлік

7

0

2008 жылдың желтоқсан айы. Теңіз жағалауы салқын самалмен тербеліп тұрды. Аспан күрең тартып, алыстан қара бұлттар жылжып келе жатқан. Балықшылар үшін бұл әдеттегі құбылыс еді. Бірақ бұл жолы теңіз мүлде басқаша мінез көрсетті…

Кіші теңізден нә­пақасын айырған балықшы қауым мұз үстіне ауын то­ғытып жа­тқан. Бірі мұз үс­тінде болса, бірінің қосқа оралған беті. Асқар қа­сындағы жігіттермен ау-құралын дайындауға кіріскен. Бір сәтте «Мұз жарылды, сең бөлінді» деген дауыс даланы жаңғыртты. Жиектегі қауым жалт қараса, көлкіген мұз ұлы теңізге қарай бет алыпты. Үстінде әрлі-берлі жүгірген жан. Көз ұшында кетіп бара жатты. Етектегі қауымнан ерте ес жиған Асқар болды. Үлкен каюта қайықты жағаға жеткізгенмен, қасына серік болар жан бар ма деп зер салғанда, топ балықшыдан бір ғана жігіт суырылып шығып, қасына мінгенін біледі.

Айтпаса да, көбінің көз жанарынан «бекер барасыңдар-ау» деген үрейді сезіп үлгірді. Бірақ ол тыңдамады. Басында бір-ақ ой болды: «Адам өмірі бәрінен қымбат».

Толқынмен арпалыса отырып, ыққан мұзды қуып берді. Арқадан ауған жел екпінімен қуып жеткенімен, мұзға жету оңай болған жоқ. Бөлшектелген мұз бірінің үстіне бірі үйіліп жақындатар емес. Әлі есінде 20 метрге дейін жақындағаны. Өмір мен өлім арасындағы арпалыста алыстан лақтырған арқан ұшын каюта қайықтың тұмсығына тіркеп үлгерді. Әрі қарай мұз үстіне балықшылардың бұлар мінген қайықты тартып алғаны, мұз үстімен екі шақырымдай сырғанатып отырып, тіркемесіндегі қайығымен қайтара суға салғаны кино картинасындағыдай көз алдында.

Қас қарая 27 адамды қасындағы серігімен аман-есен жағаға алып шықты. Жағада у-шу болған халық. Баласын іздеген ана, күйеуін күткен келіншек. Бірі көзіне жас алып, бірі құшақтап, алғыс жаудырып жатты.

Ерлік деген осындай болады екен. Адам баласы өмірді шын бағалағанда ғана осындай қадамға бара алады. Сол күннен бастап райымдық Асқар Сақтағановтың аты тек ауылда ғана емес, бүкіл аймақта аңызға айналды. Бірақ өзі бұл туралы ешқашан мақтанып айтқан емес. Өйткені ол үшін бұл ерлік емес, адамгершілік борыш еді.

 Бұған да 17 жыл уақыт өтіпті. Әттең, бізде кеш бағалау – қалыпты нәрсе. Кешегі қырықтағы Асқар да енді міне, елуді еңсерді. Адамға алалығы жоқ, ер мінезді осы бір ақжүрек азамат марапат төрінен көрінсе деген ойымыз бар.

Нұрлыбек САДЫҚОВ,

Жетес би ауылдық округінің тұрғыны.

Арал ауданы