Өз өмірін қатерге, басын бәйгеге тігетін жауынгерлік қасиет өрт сөндірушілердің бойынан табылары сөзсіз. Қызыл жалынды қаперге алмай, өмір мен өлім арасында қызметін адал орындайтын мамандық иелері халықтың қаһарманына айналғаны анық.
Фархат Миранбекұлы Тәжиев көзсіз ерлік жасаған бейбіт күннің батыры. Ол Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры. Кезекшілік уақытында тәулікке ауысымға түсіп, өрт сөндіру бөлімдерінің дабыл бойынша шығыстарын байқайды және басшылық жасайды. Сондай-ақ өрт сөндірушілердің біліктілігін арттырып, жетекшілік етеді. Осындай бір кезекшілік уақытында, яғни 2024 жылдың 12 қаңтар күні 21 сағат 40 минутта Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйде өрт оқиғасы бойынша шақырту түседі. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында подъезді қою қара түтін басқандығын анықтаған. Өзі жетекшілік жасап, өрттен анасын және екі сәбиін қызыл жалын арасынан алып шығып, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған. Өртті жедел әрі тиімді ұйымдастыру нәтижесінде орын алған өрт оқиғасының таралуына жол бермеген.
Өрт сөндірушілер сонымен қатар құтқарушы. Көзінде жалын, бойында қаны тулаған алаштың арқа сүйер азаматтары. Ел басына күн туғанда қолын алғаш созар батырлар. Халықтың қауіпсіздігі үшін от пен суды кешіп өтетін қайсарлық өрт сөндіруші-құтқарушыларға тән.
Фархат Тәжиев ауысым сайын түрлі өрттерге жетекшілік етеді. Ол үшін адам өмірін құтқару маңызды. Биыл 31 тамыз күні 09 сағат 09 минутта Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Бозғұлов көшесі №5 мекенжайда орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен ашық жалын шығып, пәтерде балалар мен олардың анасы бар екені анықталған. Фархат өзі жетекшілік еткен өртте анасы мен 9, 4 және 3 жасар балаларды құтқарған. Батылдық көрсетіп, төрт адамның өмірін аман алып қалған. Өрттің әрі қарай өршуіне және басқа пәтерлердегі дүние мүліктердің зақымдалуына жол бермеген аса тәжірбиелі өз ісінің маманы. Өскелең ұрпаққа өрт сөндіруші Фархатты өнеге етіп, қандай марапатқа ұсынсақ та лайықты.
Адам өмірінің арашасы Фархат Миранбекұлы 1991 жылы 8 шілдеде Қызылорда қаласында өмірге келген. 2011-2015 жылдар аралығында Көкшетау техникалық инстутуты, қазіргі М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының түлегі. 2015 жылы еңбек жолын алғаш Байқоңыр қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастаған. Кейін қызметте абыройы артып, №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Алғашқы қатысқан өрті кеше болғандай көз алдында. Себебі ол – бірінші әрі күнделі өрт еді. Байқоңыр қаласында орналасқан ауқымды, мыңдаған шаршы метрді қамтитын «Еуразия» сауда орталығында өрт шығып, өртті тиімді өшіру және адам өмірін құтқару мақсатында басшылықты өз қолына алған.
Өрт сөндірушілер аса маңызы миссияны орындаушылар. Күніне бірнеше өрттерге шақырту түседі. Адам өмірін және жануарларды құтқару, газ баллон шығару, бағалы заттарды сақтап қалу секілді күрделі өрттер орын алып жатады. Жаңа қызметіме тағайындалғанда мен қатысқан алғашқы өрт Ресей Федерациясында болды. Бұл менің алғашқы тәжірбием болатын. Кешкі сағат 19:00-де орын алған өрт ертесі күні сағат 10:00-ге дейін созылды. Сауда орталығына келген адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, Ресей Федерациясына көмекке келдік. Түн демей, күн демей екі елдің өрт сөндірушілері ат салысып, өртті ауыздықтады. Ол түн ең ұзақ түн десем де болады. Нағыз арпалыс еді, – дейді өрт сөндіруші Фархат.
Азаматтық қорғау саласының қызметкері, өз ісінің шебері Фархат Тәжиев отбасында екі ағайынды. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, кезекшілікке түскен күні анасы тілеуін тілейді екен. Фархаттың отбасы да бұл саладан алыс емес. Әпкесі де, жан-жары да Өрт сөндіру қызметінде радиотелефонист болып қызмет атқарады. Отбасында әрі қызметте табысқандар. Сонымен қатар, екі бала тәрбиелеп отырған асқар тау әке – болашақта балаларының таңдауы осы салаға түссе, қолдайтынын және жауапкершілігін түсіндіретінін айтады. Себебі, ел мүддесі үшін қызмет қылу, адам өмірін құтқару бұл – абыройлы міндет, – дейді.
Қызыл жалынның беті қашан қайтатынын ешкім білмейді. Кейбір лаулаған отпен арпалыс бірталай сағатқа созылуы мүмкін. Осы уақытта шарпыған оттың арасында қалып қойған жандарды құтқару үшін өрт сөндірушілер лаулаған жалынның ортасына кіруге тура келеді. Осындай абыройлы әрі арпалысқа толы мамандық иелері халықтың алғысын алып жүргені ақиқат.
Марина САҒИДАТБЕК
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<