2025 жылы пайдалануға берілген физика-математика бағытындағы мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатын сала бойынша жылдың жаңалығы десек болады. Лицей-интернаттың ашылуына академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев қатысты. Физика-математика лицей-интернатының директоры Ерлан Қоңырбаев – С.Демирел атындағы халықаралық университет түлегі. Информатика пәнінің мұғалімі, ғылым магистрі. Оның айтуынша, мұнда білім беру әдісі мемлекеттік стандартқа сай, айырмашылығы, жаратылыстану пәндерінің барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Физика-математика пәндері аптасына 4-5 сағат, сонымен бірге ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға басымдық берілген.
Лицей-интернатта 8 сынып бар. Қазір 200 бала оқып жатыр. Келесі жылға қабылдау тәртібі жөнінде айтар болсақ, ақпан айының 1-нен бастап сәуірдің ортасына дейін тіркеу, ал мамыр айында қабылдау емтиханы болады. Емтиханға қатысқан оқушылар арасынан іріктелген 75 оқушы 7-сыныпқа қабылданады. Оның ішінде 15 пайыз әлеуметтік осал топтың балалары алынады. Бүгінде осы топтан алынған 30 бала оқып жатыр. Сонымен қатар, 10 пайыз ауыл мектептері арасында өткізілетін «Мың бала» сайысы жеңімпаздары қабылданады. Бұл екі санаттағы 25 пайыз бала бөлек конкурспен өтеді. Ал қалған 75 пайыз оқушы жалпы конкурспен қабылданады. Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның 17 аймағынан 1445 бала құжат тапсырған.
Лицей-интернатта 24 педагог бар. Оның 16-сы «Білім-инновация» лицейлерінен ротациямен келген, ағылшын тілінде білім береді. Бұдан бөлек, психолог, әлеуметтік педагог, тәрбиешілер қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, білім ошағы математика пәніне қызығушылығы зор, жаратылыстану бағытында жан-жақты ынталы балаларды тереңдетіп оқытады. Бүгінгі күннің өзінде білім алушылар түрлі бағытта ғылыми жобалар дайындап, бәсекеге қабілетін шыңдау үстінде.
Өңірдің білім беру саласына қолдау жылдан-жылға арта түскен. Айталық, бұл салаға кейінгі 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге бөлінген. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бері өңірдегі 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарынан Оқушылар үйі мен Өнер мектебі, «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынды.
«Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 мектеп ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен, тағы 58, оның ішінде 8 шағын жинақты мектепті физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен жабдықталды.
Биыл екінші жыл қатарынан Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен аймақ республикада үздік атанды. Жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік грантты иемдену бойынша да талапкерлеріміз бірінші орынға шықты.
Облыс командасы желтоқсан айында өткен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада қорытындысымен қоғамдық-гуманитарлық бағытта 2- орын, жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша 3-орынды иемденді.
Боливия мемлекетінің Сукре қаласында мектеп оқушыларына арналған ХХХVI халықаралық олимпиадаға (International Olympiad in informatics-IOI) Қазақстан құрама командасы атынан сайысқа түскен Қызылорда қаласы С.Шаухаманов атындағы №9 Білім-инновация лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов күміс медаль иеленді. Тағы бір жетістік, Worldskills Kazakhstan – X республикалық чемпионатында қызылордалық жастар 1 күміс, 5 қола медаль және 5 үздік маман медальонын жеңіп алды.
Аймақ ұстаздары «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері», «Мектепке дейінгі ұйымының үздік педагогі», «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы», «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Математикалық регата», «Үздік педагог – 2025» аталымдары бойынша республикалық конкурстарда абырой биігінен көрінді.
Айта кетейік, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртылған болса, алдағы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





