Табиғи ресурстарға бай еліміздегі газ саласы – ұлттық экономиканың маңызды құрамдас бөлігі. Кейінгі жылдары газ өнеркәсібі серпінді даму үстінде. Өндіру көлемі артып, жаңа зауыттар салынуда, ішкі және экспорттық құбырлар желісі кеңейіп келеді. Бұл үрдіс Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізуде.
Қазіргі уақытта елімізде табиғи газ өндіру жылына 55 млрд текше метрден асты. Бірақ оның үштен бірі жер қабатына кері айдалады. Шамамен 20 млрд текше метрден астамы ғана тауарлы газға айналады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 86,5 млрд текше метрге жетеді деп болжануда. Еліміз алдағы жылдары газ өндіру мен өңдеу көлемін ұлғайтуды, тасымалдау жүйесін цифрландыруды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ ішкі нарықты толық қамтып, экспорттық бағытты әртараптандырмақ. Осы ретте еліміздегі газ саласының дамуына оның ішінде Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталмақпыз. Әуелі елдегі ахуалдан бастасақ.
Ұсыныс сұранысты қанағаттандыра ма?
Мемлекет басшысы 2021 жылдың маусымындағы газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте «Газ саласы әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды орын алады. Елде газ тұтыну жыл сайын артып келеді, бірақ өндіру қарқыны бұл өсуге сәйкес келмейді. Өнеркәсіптік нысандарды газға көшіру бойынша жаңа жобалар іске қосылуда. «Көгілдір отынды» тұтынатын халық саны өсуде. Сондықтан газға деген сұраныс тек өседі. Ұсыныс сұранысты қанағаттандыруы тиіс» деген болатын. Бұл ретте елімізде ауқымды жұмыс атқарылуда.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 59 млрд м3 газ өндірілген. Ал халықтың қамтылу деңгейі – 61,8%. Сондай-ақ республикалық бюджет пен «Самұрық-Қазына» есебінен газбен жабдықтаудың құны 193,8 млрд теңгенің 200 жобасы жүзеге асырылды. Биыл халықты газбен қамту деңгейін 62%-ға дейін жеткізу және екі ірі жоба бойынша жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша 300 мыңнан астам адам немесе 92 елді мекен газға қол жеткізді. 4 мың шақырымнан астам газ құбырларының құрылысы жүргізілді, 93 газбен жабдықтау жобасының құрылысы аяқталды. Алда өткен жылы басталған газбен жабдықтаудың 51 жобасын аяқтау және жалпы сомасы 112,4 млрд теңге болатын 29 жаңа жобаны іске асыру мәселесі тұр», – деді Энергетика министрлігінің жыл қорытындыларына және міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа отырысында бұрынғы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
«Көгілдір отынды» тұтыну көрсеткіші жыл санап үлкен қарқынмен өсіп келе жатқандықтан, өндірісті арттырып, инвестиция тарту керек. Мамандар газдандыру жұмыстарын жандандыруды әрі қарай жалғастырмаса, инвестиция тартып мәселені реттемесе, халықтың сұранысы өтелмейтінін айтуда. Сөзімізге тұздық болсын, жыл басында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға депутаттық сауал жолдап, ұсыныс білдірді.
Оның айтуынша, еліміздің 5 өңірінде газдандыру деңгейі 20%-дан аз. Ақмола облысы 5,7%, Қарағанды облысы 3,4 %, Ұлытау облысы 3,5%, ШҚО 3,2 %, Астана қаласы 14,3%.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде газдандыру деңгейі халық санымен 61,8% болғанымен, 6386 елді мекеннің 1846-сы ғана «табиғи газдың» игілігін көруде. Мысалы, Қызылорда облысында 236 елді мекеннің 38-і, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 477-сі, Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 277-сі, Алматы облысында 384 елді мекеннің 157-сі, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 65-і газдандырылған.
Десе де, шешімі табылмаған мәселелер жетеді. Оны біз елді аралау барысында көріп отырмыз. Арғыны қойып, соңғы 50 жыл бойы «көгілдір отын» арман болған қаракөз халқымыз бар. Былтыр депутаттардың тікелей араласуымен газдандыру үшін республикалық бюджеттен 88,7 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы 55 жобаға (16 жалғасып жатқан, 29 жаңа жоба) 65 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат теңізге тамшы құйғанмен тең. Бөлінген қаржымен бұрыннан келе жатқан жобалардың жыртығын жамайды.
Өзіңізге мәлім, Президенттің әлемдік деңгейде абырой-беделі мен ұтымды саясатының арқасында елге триллиондаған инвестиция тартылып жатыр. Солардың бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-желісі. Жоба құны – шамамен 3,1 трлн теңге. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі. Жоба арқылы Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Алматы облыстарын газбен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ көптеген жұмыс орны ашылады. Бұл жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген.
Еліміздің әр ауылына газ келіп, мұқым жұрт мәз болатын күн туатынына сенеміз. Осы ретте, Үкімет елді мекендерді газдандыру жұмыстарын әрі қарай жандандыру қажет. Сондықтан келесі мәселелерді қарастыруыңызды сұраймыз.
Бірінші – елдің инфраструктурасын дамыту үшін жыл сайын газдандыру жобаларына барлық қаражат көздерінен (бюджеттен, «Самұрық-Қазына», «QazaqGaz») кем дегенде 400 млрд теңге қаржы қарастыру. Жаңа жобаларды алға тарту.
Екінші – Президент тапсырмасына сәйкес «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-желісінің құрылысын тездетіп бастауымыз қажет. Өйткені жыл сайын халықтың газ тұтынуы артып келеді.
Үшінші, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасының жалғасы ретінде, «Қызылорда-Астана-Көкшетау-Петропавл», «Ақтөбе-Қостанай» және «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры жобаларын қолға алып, қаржы механизмдерін қарастырған жөн, – дейді депутат М.Жайымбетов өз ұсынысында.
Қалай десек те, газбен қамтуда тұтынушының сұранысын өтеу – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды кепілі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай мәселе көптеген елде газ құнын нарықта реттеу арқылы шешілген. Ал жеке инвесторлар саланың тұрақты түрде дамуына мүмкіндік жасайды.
Қызылорданың газдандырылғанына – 20 жыл
Газ саласы – тек экономикалық өсімнің драйвері ғана емес, сонымен қатар елдің экономикалық өсуінің ең маңызды мультипликативті әсерлерінің бірі. Елді газдандыру жобалары арқасында елді мекендерге құбыр тартылып, экологиялық жағдай жақсарып, тұрмыстық жағдай жеңілдей түсті. Осы ретте аймақтағы газдандыру жұмыстарына ерекше тоқталып өткен жөн.
Сыр жұртшылығының «көгілдір отынның» игілігіне көргеніне 20 жылдан асып барады. Аймақта 1995 жылы «Құмкөл» кенішін игеруге шетелдік инвесторлар тартылған болатын. Компания кеніштерде ілеспе газды пайдалануға қатысты бірқатар шараны жүзеге асырып, «Қызылорда қаласының жылу көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы қолға алынды. 2004 жылы «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральді газ құбырының құрылысы басталды.
2014 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры пайдалануға беріліп, 2015 жылы 4 аудан орталығы Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған және Байқоңыр қаласы, «Тасбөгет» кенті мен Қызылжарма ауылы газға қосылды. Көп ұзамай қалаға қарасты «Белкөл» кенті мен «Талсуат» елді мекенінің халқы да «көгілдір отынның» игілігін көрді. 2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш кент төрініне арнайы жоба жасалып, газ тарату станциялары салына бастады. 2019-2020 жылдары жоба Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелінің «Байсын» ауылы, Қазалыға қарасты Ғ.Мұратбаев және қала маңындағы «Қарауылтөбе» елді мекендерінде жалғасын тапты. Ал 2021 жылы Шиелідегі Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов ауылдарына газ құбыры тартылды. Осылайша облыс тұрғындарын газдандырудың жаңа кезеңі басталды.
2022 жылы аймақта 10 жоба жүзеге асты. Қалаға қарасты Ж.Маханбетов пен «Наурыз», Жаңақорғандағы «Бірлік пен «Қыраш», Аралдағы «Сексеуіл» кенті, Қармақшы ауданындағы «Төретам» мен «Ақай» ауылы, Қазалыдағы «Басықара», Жалаңтөс баһадүр және Қ.Пірімов елді мекендері, Шиелідегі М.Шоқай ауылына газ тарату стансасын салу жұмыстары қолға алынды. Ал 2023 жылы 26 газбен жабдықтау жобасын жүзеге асыруға 8,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 7,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге қаралды. Бұл қаржыға 2022 жылы басталған 6 жоба жалғасса, 19 жаңа жобаның құрылысы басталды. Нәтижесінде 2023 жылдың соңында 12 елді мекеннің, яғни «Төретам», «Ақай», Махамбетов, Абай, Досан, Қалжан ахун, «Бірлік», «Қыраш», «Жайылма», Құттықожа, «Шалқия», «Кейден» ауылдарының газдандыру жобасы аяқталды.
Табиғи газ өңірімізге 20 жыл бұрын келсе де, бүгінде газдандыру деңгейі бойынша республика бойынша 6-орында орналасқан.
Былтыр да өңірде ауқымды жұмыстар жасалып, «көгілдір отынның» игілігін көргендер қатары көбейді. Мәселен, өткен жылы газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді.
– Бөлінген қаржыға 11 елді мекенде («Алмалы», «Ақтоған», «Бестам», Абай, «Төретам», «Төменарық», «Ақсу», Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, «Сексеуіл») газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, табиғи газға қосылды. Жоспарланған 400 шақырым газ құбырының орнына, 461 шақырым (115%) газ құбыры салынды. Осылайша өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың газбен қамту деңгейі 78 пайызға, газдандырылған елді мекен саны 46-ға жетті, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ізмағанбетов.
Биылғы меже
Жыл жақсылығымен басталды. «Шижаға», «Ортақшыл», «Ақтан батыр», қалаға қарасты «Талдыарал» елдімекенінде газдандыру жұмыстары аяқталып, газ жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 5 елді мекен «Қамыстыбас», Дүр Оңғар, «Шаған», «Сабалақ» Н.Ілиясов тұрғындары қол жеткізетін болады. Халықты қамту деңгейін 83 пайызға өсіру жоспарлануда.
Қазіргі таңда облыс аумағында 44,6 млрд теңгенің 13 жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек аудан әкімдіктері 8,2 млрд теңгенің 9 жаңа жобасын қаржыландыруға ұсынған. Олардың қатарында Аралдың «Қамыстыбас», Қазалының Бекарыстан би, Жанқожа батыр, Түктібаев, Жалағаштың «Қаракеткен», Далдабай, Сырдарияның «Ақжарма», «Бесарық», «Шіркейлі», Жаңақорғанның 5 елді мекені бар.
Сонымен қатар Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі ауданы әкімдіктері 8 елді мекенді газдандыру бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеуде («Майдакөл», «Иіркөл», Төребай би, Бұқарбай батыр, «Қоғалыкөл», «Іңкәрдария», Жансейіт, «21 разъезд»).
– Бүгінгі күні облыс халқын табиғи газбен қамту деңгейі 80 пайыз.
Барлық қала (Қызылорда, Байқоңыр, Арал, Қазалы) мен аудан орталықтары және 40 ауыл табиғи газға қосылған.
Биыл газдандыру жобаларына республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 11 жоба жүзеге асырылмақшы. Осылайша облыстың газбен қамту деңгейін 82 пайызға, газдандырылған елді мекен санын 55-ке жеткізу жоспарлануда, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары.
Жалпы биыл елді мекендерді газдандыру жобаларын республикалық бюджеттен қаржыландыруға 15 жоба бойынша 18,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған жобалар жүзеге асса тұрғындардың тұрмыс тауқыметі азаяры сөзсіз. Бастысы, ел игілігі жолында қолға алынған дүниелерге қолдау бар.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






