Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, театр және кино актері, жерлесіміз Ғани Құлжанов биыл өмір белесінің асқаралы асуын бағындырып, 60 жасқа толды.
Ол Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде, қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімінде оқып, КСРО халық артисі, профессор Ш.Жандарбекова мен Қазақстанның халық артисі, профессор Т.Мейрамовтың класын бітірген.
Жас актердің өнер жолындағы алғашқы қадамы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан бастау алды. Ең алғаш М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» қойылымындағы Айбар рөлімен шықса, одан кейін Ж.Аймауытовың «Ақбілегінде» Мұсабай, Ә.Кекілбаевың «Абылайханында» Әбілмансұр, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектаклінде Э.Кламрот, Ысқақов пен Шахимарденнің «Қазақтарындағы» Қасымхан, Д.Исабековтың «Әпкесінде» Омар, Қ.Аширдың «Қабыл адам Ата перзенті» спектаклінде Абыл бейнелерін сомдады. 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің шақыртуымен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына актер ретінде қабылданып, осындағы Жастар театрының директоры қызметін атқарды.
Айта кетейік, театр қабырғасында жас актердің бағын ашқан образ – белгілі жазушы, драматург Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Құмар рөлі. Осы рөлді сәтті сомдағаны үшін 1998 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері атанды. Ал кино әлемінде «Тоғысқан тағдырлар» сериалындағы Жаһангер, «Қара шегіртке» сериалындағы Диас рөлдерімен көпшілікке кең танылды. Сонымен қатар, Ғани Құлжановты «Азия дауысы», «Жас қанат», «Жұлдыздар құттықтайды» сияқты өнер байқаулары мен мерекелік іс-шаралардың тұрақты жүргізушісі ретінде танимыз.
Танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ғани Құлжанов туған жері – Сыр еліне келіп, халықпен кездесті. Атап айтсақ, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры сахнасында Дональд Кобурнның «Ойыннан от шығар» атты трагикомедиясы сахналанып, спектакльде басты рөлдерді сомдаған Жастар одағы сыйлығының лауреаттары Ғани Құлжанов пен Нұржан Бексұлтанова көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Мерейтой иесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Ғани Құлжановтың шығармашылық кеші актердің туып-өскен жері Жалағаш ауданында жалғасты. Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік кеште облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев мерейтой иесіне облыс әкімінің құттықтауын табыстаса, аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан жұршылығының атынан құрмет білдірді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





