Биыл қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, эпостану ғылымының негізін салушылардың бірі, ұстаз, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 120 жыл. Осыған орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Сенімі біліміне серік болған» атты дөңгелек үстел басында пікіралысу жиыны өтті.
Қазақ түркологы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ совет әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші», «Қазақтың Қозы-Көрпеш жыры туралы», «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері», «Әдебиетті оқыту методикасы», «Қазақ эпосы және түркология», «Қазақ фольклорының тариxы», «Қазақ әдебиетінің тариxы» еңбектерін жазып қалдырған. Шығыс және қазақ әдебиетінің тарихи сабақтастығы, жалпы түркология мәселелерін қарастырған. Он томдық еңбегі жарық көрген.
Жиынды жүргізген кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас тақырыпқа шолу жасап, ғалымның тарихтағы орнын атап өтті. Қатысушылар тарапынан ғалымның қазақ әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі, шәкірт тәрбиелеудегі шынайы ұстанымы, ғылым жолына деген шексіз адалдығы әңгіме арқауына айналды. Әуелбек Қоңыратбаевтың шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы ұстазы жайлы естелік айтып, оның өз міндетіне деген зор жауапкершілігін, сонымен қатар, адами болмысының ерекшелігіне тоқталды. Сол замандағы биліктің назарына ілініп, басқан ізі бақылауда болса да, өзінің түпкі миссиясына адал, ғылымға жан-тәнімен қызмет еткенін айтты.
Ғалымның ұлы, филология ғылымдарының докторы Тынысбек Қоңыратбаев бейнежолдау арқылы байланысқа шығып, әкесі Әуелбек Қоңыратбаевтың ел үшін еткен еңбегінің ұшан-теңіз екенін тарқатып айтып берді.
– Қоңыратбаевтар туралы сөз еткенде, үш ағайынды азаматты қатар атап өтуіміз керек. Қалжан Қоңыратбаев Алаш қайраткерлерінің бірі болды. Інісі Әлібек Қоңыратбаев сол кезде кеңес үкіметінің саясатына байланысты репрессияға ұшырап, неміс-жапон шпионы деген жаламен ату жазасына кесілген. Әуелбек Қоңыратбаев та Алаш қайраткерлерімен пікірлес болған, олардың ізін жалғастырған. Кеңес үкіметі уақытында қызмет еткенімен өле-өлгенше ұлттық мәселелерді бірінші орынға қойған. Сол себепті көп қудаланды, 1934 жылы Мәскеуде партия қатарынан шығарылған.
Бұл кісі бір ғана қазақ жерінде емес, Мәскеудегі «Правда» бүкілодақтық тәуелсіз журналистика институтында, Тәшкендегі Қазақ ағарту институтында білім алған. КазПИ-ді, Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген. 1949 жылы Алматыда СССР Ғылым академиясының қазақ филиалы құрылған. Соның басы-қасында жүрген ғалымдардың бірі – Әуелбек Қоңыратбаев, – деді ол.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Исламбекқызы, «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы, Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Нұргүл Утеева ғалымның өмірі мен еңбек жолына қатысты деректерді бөлісті.
Жиын қорытындысында өз дәуірінде ағартушылық жолда өлшеусіз еңбек еткен, көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіндегі тұлғасын ашуда кең ауқымды конференциялар ұйымдастырып, ғылымдағы орнын айшықтау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіліп отыруы қажет екені айтылды.
Іс-шара соңында «Ғалым мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылды.
Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ





