Ғалым – ұлттың шамшырағы

160

0

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүк­теледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.

Басқосуда Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында ғылымға баса мән берілмегені, көптеген ға­лымның басқа салаға ауысып кеткені жайында айтылды. Соның салдарынан Қазақстандағы ғы­лыми қызметкерлердің саны үш есе азайып, бұл ахуал ұлттың зияткерлік әлеуетіне орасан зор кесірін тигізген. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым сала­сында жемқорлық фак­тілерінің көбейіп кеткенін де тілге тиек етті. Мәселен, «Парасат» хол­дингін басқарған белгілі академик оны әбден тонап, кейін бала­ла­рымен бірге АҚШ-тың аза­мат­тығын алып, мұхиттың ар жағына қашып кеткен.

Дегенмен бүгінде жағдай оңа­лып, ғылым қайтадан төрге шық­қанын атап өтті. Бұл – мемлекеттің нағыз, адал ға­лымдарға сенімі деген сөз.

– Мемлекет ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Мен осыдан үш жыл бұрын Ғылым академиясын жаң­ғырту туралы тапсырма бердім. Содан бері ауқымды жұмыс жасалуда. Академияға жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді. Инфрақұрылым жүйесі жаңар­тылып жатыр. Кадр даярлау ісі жолға қойылды.

Былтыр қабылданған «Ғы­лым және технологиялық сая­сат туралы» заң осы үрдістерге тың серпін берді. Құжатта ғылымды басқару тәсілдері нақтыланды. Ғалымдарды әлеу­мет­тік қолдау шаралары айқын­далды. Бір сөзбен айт­сақ, заңда ғылым жолында еңбек етіп жүрген азамат­тардың мүддесі барынша ескерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылым – стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан соңғы жылдары бұл бағытқа бөлінетін қаржы 3,5 есе артты, жас зерттеу­шілерге қолдау күшейді. Мемлекет басшы­сы­ның пікірінше, осындай қа­дам­дар еліміздің ғылыми әлеу­етін арттыра түседі. Қазір Қа­зақстанда 25 мыңнан астам ғалым болса, олардың жар­тысы – 40 жасқа толмаған ма­мандар. Бұл елімізде ғалым­дар­дың жаңа буыны қа­­лып­­тасып келе жатқанын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев отан­дық ғылымның алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке назар аударды.

Мемлекет басшысы әлемде жасанды интеллект техноло­гиялары қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды және Қа­зақ­станның аталған салада алдыңғы қатардан көрінуіне то­лық мүмкіндігі бар деп санайды.

Президенттің айтуынша, универ­ситеттер тың зерттеу­лер мен жаңалықтардың бас­тауында тұруға тиіс. Ал елі­міздегі білім мекемелері ғы­лымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек.

– Қазақстанда зерттеу уни­вер­ситеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғы­лымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты кү­шейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетіс­тігіміз бар. Қол­данбалы зерттеу­лермен айна­лысатын ғылыми ұйым­дардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңге­ден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвес­тиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Осылайша, ғалымдарымыз эко­но­миканы өркендетуге атса­лысып жатыр. Оқу орын­дары кәсіп­орын­дармен тығыз бай­ланыс орната бастады. Мысал ретінде Satbayev University зерт­теушілерінің жұ­мысын атап өтуге болады. Уни­верситет ға­лымдары селен эле­ментін жоғары дәрежеде тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Соның нәти­жесінде бір келі селеннің құны 15 есе артып, оны өндіретін ком­панияға 1,2 миллиард теңге қосымша пайда әкелді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбіт­ханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық фи­зика саласындағы ғылыми зерт­теулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйе­сінде сәтті қолданылып жа­тыр. Прези­дент цифрлан­дыру дәуірінде мұны өте маңыз­ды жетістік ретінде баға­лап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсет­кенін айтты.

Мемлекет басшысының пі­кірінше, еліміздегі кәсіп­орын­дар да ғылымды дамытуға үлес қосуға тиіс. Олар универ­ситет­термен және ғылыми орта­лықтармен бірлесіп, жаңа өнім­дер шығаруы керек. Қазақ­стандағы ірі өндіріс орын­дары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып келеді. Президент мұны стратегиялық маңызға ие бағыт деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік ахуалға тоқ­талды. Ғылымы дамыған ел кез келген сын-қатерге төтеп бере ала­тынына баса мән берді. Сондай-ақ Қазақстанның бо­ла­шағы отаншыл әрі білікті ға­лымдардың қолында екенін, мем­­лекет оларға жан-жақты қол­дау көрсете беретінін атап өтті.

– Біздің ортамызда майтал­ман мамандар отыр. Арамызда бүкіл саналы ғұмырын ғылым-білімге арнаған ардагерлер мен дарынды жас ғалымдар да бар. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік награ­да­мен марапаттады. Іс-шарада «Қазақ­­станның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы тұңғыш рет тапсырылды. Сондай-ақ бір топ жас ғалымға баспана кілті берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<