Кеше облыс әкімдігінде көрнекті ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есеновтің 100 жылдығына орай «Шахмардан Есенов және оның Қазақстан ғылымы мен мұнай-газ саласын дамытудағы рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Бұл шараға мұнай-газ саласында жемісті қызмет атқарған аға буын өкілдері, мамандар, ғалымдар және өзге де азаматтар қатысты.
Конференцияның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев еліміздің өнеркәсіп саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғаның өмір жолына тоқталып өтті. Биыл дүниеге келгеніне жүз жыл толып отырған ғалым Қазақстанның мұнай-газ саласының өсіп-өркендеуіне еселі еңбек сіңірді.
«Kazеnergy» Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында қолтаңбасын қалдырған ғалым қаншама ғибратты ісімен елдің есінде қалғанын атап өтті.
– Халықтың қамын ойлаған абзал азамат ел мен жерге қызмет етудің өнегелі үлгісін көрсетті. Пайым мен парасат иесі өзінің ғылым жолында уақытпен санаспай еңбек етіп, кемеңгерліктің биік шыңынан көріне білді. Еліміздің әр қиырынан көптеген кен орнына барлау жасап, оны ысырапсыз өндіру үшін тиімді технологияны қолдануға ерекше мән берді. Еліміздің геология министрі қызметін атқарған кезеңде Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ саласының қарқынды дамуына жоғары деңгейде қолдау көрсетті. Сондай-ақ жерасты қазба байлығын өндіру ісінде қаншама тәжірибелі мамандарды дайындауға ерекше мән берді, – деді ол.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Ләззат Қиынов Шахмардан Есеновтің ғылым-білім жолында табандылық танытуымен жоғары оқу орындарында арнайы факультеттер ашылып, онда жастардың білім алуына мүмкіндік туғаны, елімізде көптеген өндіріс ошақтары іске қосылып, халықтың табысы арта түскенін айтты.
Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Герой Жолтаев ғажайып ғалымның есімін дәріптеу қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен арнайы аудитория ашу артық емес.
– Мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген біз сол сабақтастықты лайықты жалғастырып, ел алдында міндет пен мақсатты сезініп келеміз. Ғибратты ғалым салған ұлы жол қай кезде де жарқырап тұра берері сөзсіз. Шахмардан Есенов қай кезде де батыл шешім қабылдай алатын қасиетімен ерекшеленетін. Ол кезінде Қаныш Сәтпаев секілді геология саласындағы көрнекті ғалымның ғибратты мектебінен өтті, – деді сөз кезегінде «Саутс-Ойл» мұнай компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов.
Республикалық конференция барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі-ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Бөрібаева, «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Ғалым Байманов және өзге де азаматтар мазмұнды баяндама жасады.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





