Ғылым – экономиканың тірегі

5

0

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Ғылым академиясының ғылыми жобаларын іске асыру, оның әлеуетін экономика мен өңірлердің түрлі салаларын дамытуға тарту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Күн тәртібінде басымдықтарды анықтаудағы жаңа тәсілдер, өңірлік ғылымды дамыту жайы талқыланды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев кеңеске селекторлық режим арқылы қатысты. Одан кейін арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

– Президентіміздің ұсынысымен өңірімізде өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысы тарихи миссиясы айрықша мазмұнға ие алқалы жиын болды. Құрылтайда еліміздің келешек бағдары айқындалып, қоғамдағы ең өзекті мәселелер ашық талқыланды.

Мемлекет басшысының бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық, Парламенттік және мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалар туралы бастамалар көтерілді.

Өткен аптада Астана қаласында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Ата Заңға енгізілетін түзетулер талқыланып, жаңа Конституция жобасы ұсынылды.

Өзгерістер негізінен биліктің құрылымдарын қайта қарауды, адам құқықтарын күшейтуді, мемлекеттік басқарудың жаңа институттарын енгізуді қамтыды. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған.

Президентіміз Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында ғылым мен технологияның стратегиялық маңызын ерекше атап, өңірлерде әкімдіктер жанынан ғылыми кеңестер құруды тапсырған болатын. Аталған бастама өңірлік ғылымды дамытуға, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жаңа серпін береді және бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуіміз қажет.

Ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту, өңірдің салалық ерекшелігіне сәйкес қолданбалы зерттеулер санын арттыру, жас ғалымдарды тартуды кешенді түрде ұйымдастыру керек. Ғылыми зерттеулер мен жобалар өңір экономикасының түрлі салаларын одан әрі дамытуға, тиімділігін арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Н.Нәлібаев.

Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде ғылыми-зерттеу ұйымдарын экономиканың түрлі салаларын дамытуға тартуда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Негізгі 3 жоғары оқу орны, атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситеті, «Қызылорда Болашақ» универ­ситеті мен Қызылорда Ашық университетін­де 791 профессор-оқытушы бар. Соңғы бес жылда білім алушылар саны 32%-ға артқан, қазір 20 мыңға жуық (19 720) студент оқиды.

Үздік шетелдік университеттер филиалын ашу туралы Президент тап­сыр­масы орындалды. Қорқыт ата университеті базасында Кореяның СеулТех уни­вер­ситетінің филиалы ашылды.Қазіргі таңда қос дипломды, бірлескен білім беру бағ­дарламалары жүзеге асырылуда. Жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және инфор­матика жоғары мектебінде 4 білім беру бағдарламасы бойынша 240 студент за­манауи зертханаларда бірнеше тілде оқиды. Алдағы уақытта жоғары білікті кадрлар облыстың ғана емес, еліміздің ІТ саласын дамытуға, экономикаға жасанды интеллект пен озық технологияларды енгізуге үлес қосады.

Ғылымды дамытуда 2023 жылдан бері гранттық және бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру механизмі арқылы 23 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек, Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында 7 ғылыми жоба қолға алынды. Институт базасында өңірдің топырақ-климаттық ерекшеліктеріне бейім­делген дәнді дақылдардың жаңа сорттарын шығару, су үнемдеу техно­логияларын енгізу мәселелері жан-жақты зерттеліп келеді.

Аймақта ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен 9 кәсіпорын айналысады, 400-ден аса қызметкер жұмыспен қамтылған. Аталған компаниялар 2024 жылы ғылыми жұмыстарға 1 млрд 300 млн теңге қаржы бөлген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бес есе артты.

Әкімдік жанынан ғылыми кеңес құрылып, жұмыс жоспары бекітілді. 2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына «Жалпы өңірлік өнімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстары шығын­дарының үлесі» көрсеткіші енгізілді. Қол­данбалы ғылыми зерттеулерді қаржы­ландыру үшін тиісті қаражат бөлу мәселесі де басты назарда.