Грекиядағы теміржол апатынан қаза тапқандар саны 57 адамға жетті

614

0

Фото: ашық дереккөз

Грекия тарихындағы ең ірі теміржол апатының құрбандары 57-ге жетті, бұл сан әлі де өсуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Лариса қаласына жақын маңдағы теміржолда тауар тиеген пойыз бен Афина-Солоники бағытындағы жолаушылар пойызы соқтығысқан болатын. Жолаушылар пойызының ішінде болған адамдардың жағдайы туралы туыстары әлі де ақпарат ала алмай отыр.

Құтқарушылар майысқан, сынған металдар арасынан іздеуді жалғастырып жатыр. AFP-тің өрт сөндірушілерге сілтеме жасап хабарлауынша, пойыздағы мейрамхана-вагон бірден өртенген, оның ішіндегі температура 1300°C-қа дейін жеткен болуы мүмкін.

Елдегі қан тапсыру орталықтарына донор болғысы келетін адамдар көптеп барып жатыр. Грекияның Қызыл Ай өкілдерінің айтуынша, бірінші күні-ақ олардың қызметкерлері қан құйылған 270 контейнер жинаған.

Зардап шеккендердің жасы – 21-26 жас аралығы. Олар Лариса мен Салоник ауруханаларына жеткізілді. «Прото Тема» басылымы 48 адам жараланғанын, олардың алтауы қарқынды терапия бөлімінде жатқанын жазды.

Трагедия Грекия қоғамы үшін ауыр соққы болды. Елде қарсылық шаралары өтіп жатыр. Теміржол қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұрыннан келе жатқан мәселелер бар екенін айтып ереуілге шықты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<