«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз»

1525

0

Азық-түлік пен ауылдың жағдайына алаңдаушылық білдірген еліміздің көптеген жанашырларының ой-пікірлері мерзімді басылымдарда, теледидарда жиі көрініс табуда. Расында, өткен ғасырдың 90-жылдарында елдің ішкі жалпы өнімінің 25 пайызынан астамы ауыл шаруашылығына тиесілі болса, қазіргі жағдайда оның үлесі 5 пайызға да жетпеуі, әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 6-нан импортқа тәуелді болуымыз, оның ішінен құс етінен ішкі тұтынудың 49 пайызын, шұжық өнімдерінен – 39, ірімшік, сүзбеден – 46, алмадан – 32, қанттан – 58, балық өнімдерінің 72 пайызының шетелден тасылуы шын мәнінде алаңдатарлықтай жайт.

1990 жылдары республикамыз астықты айтпағанда, жылына 1 млн тонна ет өндіріп, оның жартысынан астамын шетке шығаратын, сүт өнімдері сырттан әкелінбейтін, көкөніс, картоп, жеміс-жидек өнімдерінің керекті көлемі негізінен өзімізде өндірілетін. Біздің еліміз әлемде егістікке жарамды жер көлемінен 10-орын, жайылымдық жерден 5-орын, 4 млн гектар егістікті суаруға жететін су ресурстары болғанына қарамастан, жалпы халыққа керекті азық-түлік өнімдерінің 23 пайызын шет мемлекеттерден сатып алуда. Оның басты себебі – елдегі 76 пайыз жердің нашарлауы, шөлденуі, 48 млн гектар жайылымдықтың тозуы, суармалы жердің 40 па­йыздайы айналымнан шығуы, салаға көзқарастың нашарлауынан ауыл тұрғындарының қалалық жерлерге көшіп, елді-мекендердің, жердің, судың, табиғаттың иесіз қалуы секілді факторлар.

Қазіргі таңда, ел халқының 7,7 млн адамын ауылдықтар құраса (42%), мұнан елу жыл бұрын 50 пайызын құрайтынды және ол кезде бұл санатқа тек қана ауыл статусы бар елді мекендердің тұрғындары ғана есептелсе, кейінгі 10 жылдықтан бері ауылдықтар санатына кент, қала типтес кент тұрғындары да қосылғандығын ескерсек, шын мәніндегі ауылдықтардың үлесі тым азайып бара жатқандығы белгілі. Тәуелсіздік жылдары біздің елдің дамып келе жатқаны негізінен мұнай-газ секторынан түскен қаражат есебінен екенін бәріміз білеміз. Ал агросектордың жағдайы дамыған батыс елдерімен салыстыруға келмейді, оларда халықтың 4-5 пайызын құрайтын фермерлер бүкіл елін асырап, артық тауарларын экспортқа да шығарып жатыр дегенмен, біздің ауылдардың деңгейінен айырмашылығы жер мен көктей. Олар қала халқын асырауға тиіс болғанымен, ауылдықтардың саны күн санап кемуде, тиісті қолдаулар мардымсыз болуына байланысты мүмкіндіктері де шектелуде.

Енді қараңыз, республика­дағы 6443 ауылдың 3477-сі іріктеліп, болашағы бар «ті­рек­ті ауылдар» қатарына жатқы­зылса, қалғаны «келешегі жоқ ауылдар» санатында. Тек бір ғана Үкіметтің 2012 жылғы 9 тамыздағы шешімімен елі­міз­­дің 409 ауылы, негізінен қан­­дастарымыз тұратын елді ме­кендер, осы соңғы кате­го­рияға жатқызылып, қолдаулар көр­сетілмейтін болғандықтан басқа жерлерге көшу де ұсынылды.

Ауылда өсіп, еңбек етіп үй­ренген жандарды өздерінің ата-бабасының қаны тамған, бабаларының бейіті жатқан жерлерден алыстату дұрыс шар­уа емес. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жат жерліктерден қорғаған, өсіп-өнген, тамыр жайған қасиетті жерін тастап кетуінің себептері өте көп, бірақ оны түзеуге болады ғой. Ел болып, халық болып туған өлкені көркейтуге бірігіп күш жұмсасақ, жаңадан жұмыс орындарын ашсақ жағдай түзелер еді.

Қостанай облысының құр­метті азаматы К.Карбозовтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 13 наурыздағы санында жарияланған мақала­сындағы «Қазақстанның бай­тақ жері, әсіресе ауылдық жер­­­лердегі өзендер, көлдер, ша­­­бындықтар, жайылымдықтар бос қалса, мал бағатын жерлер иге­рілмесе, келешекте халықтың жағдайы қалай болмақ?» деген жан айқайын түсінуге болады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерінің, қызмет­тердің, шикізат пен азық-түлік бағаларының теңсіздігі, ауыл инфрақұрылымын қала­мен са­лыстырғандағы айырма­шы­лық­тардың ұлғаюы ауыл хал­қына қазір үрей туғызуда. Жұ­­мыссыздық деңгейі белең алып келе жатқан соң ауыл халқы әсіресе жастарға жұмыс орындары болмағандықтан, алаңдаушылық артуда. Ауылдан жастар кеткен соң ауыл «қартайып» олардың болашағы бұлыңғырланып барады. Осыған нендей қарсы шаралар қабылдау керек, ауыл шаруашылығын өркендетіп, ауылға көмекті үйіп жатырмыз деп «ұрандай» бергенше, нақтылай ауылдың шаруасымен айналысатын кез жетті. Бос сөзбен уақытты өткізе бермейік.

Біздің елімізде аграрлы секторды дамытудың экономикалық негіздері бар. Ғалымдардың па­йымдауынша, еліміздің ауыл­шаруашылық ресурстары қа­зіргіден бірнеше рет артық өнім өндіруге мүмкіншілігі бар екендігі және сол арқылы 100 млн халықты тамақпен қам­тамасыз ете алатындығы айтылуда.

Ендігі жерде аграрлық саланы дамыту, ауылдарды көркейту үшін не істеуге болады? Пайымдап көрсек.

Ірілену ілгері жылжытады

I. Әр ауылдық елді мекенде бұрынғы айналысқан кәсіптерін саралап және бүгінгі күннің талабына сәйкес жүргізуге болатын кәсіп түрлерін анықтап, ауыл халқына лайықты еңбекақы төлейтін шараларды іске асыру қажет деп ойлаймын. Ол үшін ауылдық жерлердегі майда шаруа қожалықтар, фермерлердің басын қосып, ірі-ірі ұжымдық шаруашылықтар, кооперативтік құрылымдар, басқа да ауылшаруашылық тауар өндіруші, өңдеуші ұйымдарды құруды батыл қолға алған дұрыс болар еді. Осы секторға шын мәнінде мемлекет тарапынан басымдықтар мен қолдау тетіктері қарастырылып, қазіргі қолданыстағы заңнамалық акті­лер сарапталып, тиісті өзгерістер енгізілсе.

Тарихты парақтасақ, көп­теген өміршең оңды прак­тикалық шешімдерді көз алдымызда елестетуге болады. Мысалы, Сингапурдың премьер-министрі Ли Куан-Юдың бұрын көшіп кеткен елдің қалталы азаматтары мен кәсіпкерлерін елге қайта шақырып, оларға мемлекет тарапынан толық қолдау шараларын жасап, әлемдегі экономикасы дамыған көшбасшы елдер қатарына қосуын қалай бағаламасқа болады?! Сондай-ақ, 1929-1933 жылдардағы бүкіләлемдік ка­питалистік елдердегі ұлы дағ­дарысты, жұмыссыздықты ауыз­дықтау үшін ұсынылып, іске асырылған капиталистік еңбек қатынастарын реттеудегі нарық­тық жолмен бірге экономиканы басқаруда мемлекеттік реттеудің керектігін дәлелдеген ағылшын мемлекет қайраткері, экономист Джон Кейнстің «Кейнс теориясы» деп аталып кеткен көрегенді еңбегін қазіргі өтпелі кезеңде де басшылыққа алуға болар еді.

Қазір еліміздегі ақпараттарда таратылған мәліметтердегі ке­лешегі жоқ ауылдардан қала­ларға, кенттерге көше­тіндерге пәтер беру, көші-қон шығын­дарын жеңілдетуге кететін қаражаттарға сол ауылдардан жұмыс орындарын ашып берсе, ауыл өзінен-өзі дамуға бет түзейтін еді. Тұрғындары сиреп қалған ауылдарға қайтадан адам апару оңай тірлік емес шығар, бірақ осыдан біраз жылдар бұрын ғана «тың кө­терудің» қиыншылығын да, нә­тижесін де көрдік емес пе, мемлекет шындап қолға алса, ауыл шаруашылығын, ауылды дамыту қиын болса да жөндеуге көнетін тірлік.

Жасыратыны жоқ, ауылда өндірілетін өнімнің рен­та­бельділігі төмен, көп жағ­дайда өзіндік құны сатылу ба­ға­сынан жоғары болуынан азық-түлік өндіру шығыны көп кәсіп саналады. Бұрын ауыл ша­руашылығының бірқатар шы­ғындары орталықтан­ды­рыл­­ған жолмен өтелетін-ді. Атап айтқанда, машина-трак­тор паркін жаңалау үшін арнайы «энергетика» атты бағ­дар­­­ламамен күрделі қа­ражат бөлініп, 80 пайызға дейінгі ба­ғалары өтелсе, минералды ты­ңайтқыштар шаруа­шылық­тарға тіпті тегін беріліп, тұрғын үйлердің құрылысы да осы тектес бағдарламамен бюджет есебінен толық қаржыландырылатын-ды.

Иә, қазіргі кезде де субси­дияландырудың бірнеше жолдары қаралған. Дегенде шаруашы­лықтардың еңсесін көтеруге же­тімсіз. Сондықтан да, ауыл­дық жерлерде салынатын үй­лерді арнайы бағдарламамен мем­лекет есебінен жүргізсе, алы­натын трактор, автокөлік және тіркемелерді, минералды ты­ңайтқыштарды субсидиялау үлесін тағы да едәуір арттырса, өндірілетін өнімнің де өзіндік бағасы арзандап, сапасы артып, нарықтағы бәсекелестікке төтеп беретін халге жетер еді.

Ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің орташа жалақысы экономиканың басқа салаларына қарағанда төмен екендігі және оның былтырғы жылғы орташа айлық мөлшері 127,3 мың теңгені құрағанын статистика деректерінен көруге болады. Агросектордағы нақты жұмыс атқаратындардың табысы өспесе, бұл салада мамандарды ұстап тұру, әсіресе жастарды қызықтыру проблемалы бола бермекші. Кезінде климаты қатал аймақтарда, шөл, шөлейт және сусыз жерлерде, отгондық учаскелерде жұмыс атқаратындар үшін жалақыға 1,10-1,40 мөлшеріндегі аудандық коэффициенттер төленетін және мұндай қолдау сол өңірлерде еңбек ететіндерді ынталандырып, кадрлерді тұрақтандыруға себепші болатын. Бір  кездегі «ауылды қалаға теңейміз» деген бастаманың орындалуына да бір табан жақындап қалуға осындай қолдаулар негіз саналды. Біздің еліміздегі ауылдықтарды қолдап, тұрғындардың көшу процесін тежеу үшін бұрынғы өзін-өзі ақтаған демеулерді зерделеп, қайта енгізсе, ауыл ең­беккерлерінің, әсіресе мал ша­руашылығымен айна­лы­са­тындардың айлық жалақы­сына 25 пайыздан кем емес жоға­рылатылған төлемақы төлеу механизмі шешілсе. Б.Май­лин­нің «гүлденсе ауыл, гүлде­неміз бәріміз» деп ұрандатқан сөзінің орындалуына біршама аяқ басар едік.

Ауыл шаруашылығы өндірі­сін өркендету жанар-жағармайға және электр энергиясына тікелей тәуелді. Осы энергетикалық компоненттер бағасының барлық тұтынушыларға бірдей болуы, агросектордың өнімдерінің өзіндік құнының қымбаттауына тікелей әсер етеді. Жыл сайын егін егу, жинау науқанында жанар-жағармай бағасының нарықтан 15 пайыз төмендетіліп берілетіндігін ескергенде де, ауылдықтар үшін энергоресурс бағасы ауыр тиюде. Сондықтан ауылдықтар үшін жанар-жа­ғармай мен пайдаланылатын электр қуатын 50 пайызға тө­мен­детудің мүмкіндіктерін қа­растырған дұрыс болар еді. Өзіміз куә болған кешегі Ке­ңестік дәуірде 1 квт-сағат электр энергиясы үшін қалада 4 тиыннан төлесек, ауылдық жерлерде 1 тиыннан ғана төленген еді ғой.

Ауылдықтарға өнім өндіру, бастапқы өңдеу, өңдеуші кәсіп­орындарға делдалсыз өткізу мүмкіндігін тудыру мақсатында арнайы қабылдау пункттері, ет-сүт комбинаттары жүйесін қалыптастырып, тапсыру ба­ғаларын тұрақтандырса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бұ­рынғы социалистік шаруашы­лық жүргізу жүйесіне қайта оралғандай көрінер, бірақ жоғарыда аталып өткен «кейнс теориясы» кезінде әлемдік ка­питалистік жүйеде де қолда­нылып, оң нәтиже беріп еді.

Елімізде мал басын өсіріп, одан өндірілетін өнімдерді арттыруда негізгі қол байлау болып тұрған мәселе – мал азығын да­йындау. Осы мәселе – өте қиын да емес, шешімі табылатын шаруа. Шабындық, жайылымдықтарда шөп өсуде, мал азығындық дақылдарын егетін егістік жерлер де жетерлік, тек оны оруға, тасуға әрбір ауылға 3-4 трактор мен арнайы тіркеме, механизмдер керек. Осы мәселені шешу үшін ауылдардағы әкім­діктерге бастапқы кезде 1 тракторды тіркемесімен соқа, арық салғышы және басқа да меха­низмдерін алып беріп, ауыл тұрғындарының үйіргелік жер­лерін жыртып, жүйек, арық­тарын жүргізуге, күл-қоқыс­та­рын шығару, отын, шөптерін тасу және басқа да жұмыстарын жергілікті қоғамдастық келі­сім­мен әкім бекіткен тариф ар­қылы атқаруға болар еді. Біздің облысымыздағы 132 ауыл ок­ругінде 2017-2019 жылдарға ар­налған бюджетті бекіткенде осы шараларға тиісті қаражат мүмкіндігі қаралған-ды. Алайда, Бюджет кодексінде ауыл әкімдеріне шаруашылық мәсе­ле­лерімен айналысуға қаржы бөлуге болмайды деген желеу­мен бастама аяқсыз қалды. Осы мәселеге қайта оралып, қазіргі ауыл округтерінің дербес бюджеттерінің болуы жә­не жергілікті әкімдердің өзін-өзі басқару функцияларын да жүзеге асыратындығын еске­ріп, керекті заңдарға тиісті өз­герістер енгізіліп, ауылдың бі­рінші кезектегі мұқтаждарын өтеуге мүмкіндік беру өте-мөте қажет шара деп есептей отырып, оң шешімі табылса игілік болар еді. Мүмкін осыдан сәл ғана бұрын тәп-тәуір істей бастаған селолық тұтынушылар кооперативтерін (СТК) қайта қолға алып, осы міндетті жүк­тесе. СТК-лардың орнына келген ауыл шаруашылығы коо­пе­ративтері өз дәрежесінде жұ­­мысын жандандыра алма­ғанын көріп отырмыз.

Мамандарды қолдауға мұқият зер салу қажет

II. Әлемнің 30 озық елі­нің қатарына қосылу үшін саладағы инновациялық, инс­титуционалдық өзгерістер мен экономиканы әртараптандыра өсуіне білімді мамандардың қажет екендігін мойындауымыз керек. Қазіргі уақытта ауылға әлеуметтік сала мамандарының баруына бірқатар жағдайлар жасалған. Алайда, жастарға жұ­мыстан бос уақытында кө­ңіл көтеретін мәдени, спорт ке­шендері жеткіліксіз, айлық жалақысы да мәз емес. Сон­дықтан ауылдық жерлерде қал­ғаннан қала, аудан орта­лықтарында жұмыс атқаруды ыңғайлы және тиімді санайды. Енді осы әлеуметтік сала қызметкерлері мен шаруашылық мамандарын ауылда тұрып, жұмыс атқаруға қызықтыратын мәселелерге көңіл аударсақ.

Біріншіден, ауылдық жер­лердің инфрақұрылымын өз дәрежесіне жеткізу алғашқы кезектегі мәселе болуы керек. Жылдың кез келген мезгілінде қиындықсыз жететіндей автожол, электр энергиясы, бай­ланыстың (оның ішінде ұялы телефонға қосылуы) тұрақты жұмыс атқаруы, ауызсу, үй­іргелік жерлерін суаратын су­дың болуы, сапалы білім алу үшін заманауи мектеп ғимараты, медициналық, мәдени ошақтар, спортпен айналысатын алаңдар мен залдар өз дәрежесінде жұмыс атқаруы бүгінгі ауыл өркені үшін өте маңызды. Шүкіршілік етуіміз керек, біздің облыста осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар көңілге қонарлықтай, игі шаруа жалғасып, көші-қон жағдайы тұрақты болсын деп тілейік.

Екіншіден, қолданыстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы бойынша ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ветеринария салалары мамандарына жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен лауазымдық айлық жалақыларына 25 пайыздан кем емес, қалаларға қарағанда жоғарылатылған тө­лемақы төлеу, бюджет есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мәслихат бекіткен тәртіппен және мөлшерде көрсетілетіні қаралған. Бұған қоса, мамандар қызметтік тұрғын үймен немесе жалдамалы үймен қамтамасыз етілуі белгіленген.

Енді осы жеңілдіктер нақ­ты қалай іске асып жатыр десек, біздің облыста аудандық мәслихаттардың шешімі бойынша лауазымдық айлық жал­ақыға үстеме тек 25 пайыздық мөлшерде төленуде (заңда 25 пайыздан кем емес). Отын алуға 4 еселенген айлық есептік көр­сеткішке тең немесе 0,5 тонна көмірге ғана жететін біржолғы көмек көрсетілуде. Тұрғын үймен қамтамасыз ету барлық жерде бірдей жолға қойылмай отыр.

Аталған мамандардың ауыл­дық жерлерде қызмет атқаруын ынталандыру мақсатында және кадр тұрақтылығын қамта­ма­сыз ету бағытында оларға көр­сетілетін қолауларды ұлғайтқан абзал.

Мәселен, мамандарға  ла­уазымдық жалақыларына тө­ле­нетін үстеме мөлшерін тұ­рақты «40 немесе 50 пайыз» деп заңмен бекітсе. Ескеретін тағы бір жайт, қазіргі уақытта да жергілікті әкімдер мен мәс­лихаттардың өздері ақ қол­да­ныстағы заң аясында елді-ме­кендердің алшақтығына, ин­фрақұрылымдарының даму деңгейіне қарап, дифференциалды түрде үстеме мөлшерін бекітуге болады. Мысалы, облыстағы Қазалы ауданының орталығы 50 мың халқы бар, теміржол, автожол бойына ор­наласқан Әйтеке би кентінде тұрып қызмет атқаратын әлеу­меттік сала қызметкерлері де, аудан орталығынан 120-200 шақырым қашықтықта тұратын дұрыс жолы да жоқ отгондық жайылымда орналасқан Шәкен, Қызылқұмның кіндігіндегі Кәу­кей, Тасарық ауылдарында да осы тектес қызметкерлер жал­ақыға бірдей 25 пайыз үстеме алу­да. Мұны жергілікті билік ие­лері өздері шешсе оң болар еді.

Сондай-ақ, тұрғын үйлерді жылыту үшін керекті отынның мөлшерін оның ауданына шақтап, Үкіметтің қаулысымен бекітсе (жергілікті биліктің қарауынан алып), қатты отын, тамызықты ағымдағы жылдың 1-қыркүйегіне дейін жеткізіп берсе, мұндай практика 1993 жылға дейін болып тұрғын үйдің әрбір шаршы метріне 50 келі көмір, 12 келі тамызық есебінен қамтамасыз етілетін-ді.

Тұрғын үйді жарықтандыруға арнайы нормативпен бекітіл­ген мөлшерде электр қуатын пайдаланғаны үшін шығын­дарды өтеуді де реттеуге болар еді.

Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін жас ма­мандарға өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында, үйіргелік бау-бақшалық жер учаскесін беру, 1 бас бұзаулы сиыр немесе жылқы, түйе, 10 саулық қойды тегін үлестіру қарастырылса, оларға жасалған қолдаудың нағыз орынды үлгісі болар еді.

Осы әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдаулар зоотехник, гид­ротехник, механик, т.б. маман­дарға көрсетілсе, ауыл шаруа­шылығын дамытудың, өз-өзін азық-түлікпен қамту­дың, сайып кел­генде, ауылдарды қайта түле­тудің негізгі тетіктері бол­мақшы. Ал оған жұмсалған қаржы еселеп қайтатыны анық.

«Туған жерге туыңды тік»

ІІІ. Ауылдарды сақтап қалу­дың тағы қандай амалдары бар деген сұраққа оқырмандармен ой бөліскен дұрыс секілді.

Ауыл мұқтажына көңіл бөлу, сол жерден шыққан білімді, қолында билігі, қаражаты бар, әртүрлі жағдайларға байланысты сырт жерлерде қызмет атқарып жүрген азаматтардың да перзенттік парызы болуы тиіс. Қара шаңырақты егесіз қалдырмау кейінгі ұрпақтың міндеті, бұл аталар аруағына қошемет пен құрмет іспеттес. Ақпарат құралдарындағы жария­ланымдар мен өзіміз күнделікті куә болып жүрген осы бағыттағы оңды мысалдар көптеп саналады. Облыстың Сырдария ауданының Бесарық, Н.Ілиясов ауылдары, Қазалы ауданының Ғ.Мұратбаев, Қармақшы ауда­нының Дүр Оңғар ауылдарына барғанда тура кішігірім қалаға барғандай боласыз. Тұрғындары негізінен жұмыспен қамтылған, әлеуметтік ошақтар толығымен жұмыс атқарып, ауыл абат­тандырылған. Осындай жағым­ды тірліктерді барлық ауылдарға да тән ету мақсатында пат­риоттардың, қалталы аза­мат­тардың, меценаттардың, зия­лы қауымның ықыласын бұр­са, біршама ауылға керекті мәсе­лелер шешілетін еді. «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында меценаттар көп көмек көрсетіп жатса, жергілікті жерлерде ұйымдастырылған «Парыз» және осы секілді игілікті бастамалар да өз ықпалын ти­гізуде. Биылғы жылды Пре­зидентіміз волонтерлар – ерік­тілер жылы деп жариялап, елдің мұң-мұқтажын өтеуге бағыттаса, келесі бір жылдарды «Туған жерге туыңды тік» жылы деп атап, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетсе, құба-құп болар еді.

Біздің облысымызда 2001-2003 жылдары ауылдықтардың еңсесін көтеру мақсатында бір­­­қатар бағдарламалар іске асы­­рылған. Айталық, ауыл тұр­ғындарына арналған «1000 тұр­ғын үй» жобасы. Оған бюджет қаржысынан бөлек, тұрғын үй алушылар да қолғабыс етіп, қоғамдық жұмысқа тар­тылғандар да қатысып еді. Со­нымен қатар, облыстың эко­­номикасы тоқыраған ауылдарынан 3 жылда 21 ауылдық округке арнайы бағдарлама жа­салып, оларға біршама кө­мек беріліп, жұмыс орындары ашылған-ды. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы Ақ­үйік ауылдық округіндегі 5 елді мекенде 3 мектеп асар әдісімен тұрғызылса, жабылып қалған аурухана қайта ашылып, мәдениет үйі жөнделіп, 4 елді мекенде саялы ағаш бақтары қалпына келтіріліп, маусым кезінде 54 жұмыс орны ашылса, кейіннен 27 жұмыс орны тұрақты болып қалды. Осындай практиканы қайта қолға алуға болады ғой.

Ауылдық жерлердегі «бала саны азайып кетті, ауылдың болашағы жоқ, мектепті жабамыз» деген қазіргі кездегі үрейді сейілтудің бір жолы  – Үкімет бекіткен елді мекендегі мектепке баратын бала санына сәйкес бастауыш, негізгі, орта мектептердің ауыл жағ­дайындағы бала контин­гентін қайта қарап, өзгеріс енгізу. Осы қаулыға сәйкес, бастауыш мектепте 5,  орталау мектепте 41, орта мектепте 81 оқушыдан кем болмау белгіленген, яғни мектепте 40-ақ оқушы болса, негізгі мектеп бастауышқа, немесе 80 ғана оқушысы болса, орта мектептің статусы өзгеріп, негізгіге айналуы керек. Мұндай жағдайда, бірқатар оқушылар ауыл мектебінен тыс қалады, оның салдарынан мұғалімдер жұмыссыз қалса, әрі қарай көші-қонмен жал­ғасады. Билік басындағылар Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіп, мектептердің сатыларына қарап, ауыл жағдайындағы контингентті төмендетіп, олар­дың жұмыс атқаруына мүмкіндік бергенін ойланған дұрыс дер едім.

Ауылдық жерлерде дәрі­герлердің қызмет атқаруға, сон­да тұрақтап қалуларын ынта­ландыру үшін олардың жүк­темелеріне төленетін лауа­зымдық жалақыларын аудан орталықтары, қалаларда қызмет атқаратын әріптестерінен бір­шама жоғарылатылған ставкамен төлесе. Бұрын ауылдық жердегі дәрігерлердің лауа­зымдық жалақысы қалалық жерлердегі осындай ұйымдарда қызмет атқаратын дәрігерлерден 10 пайызға артық және олар ауыл жағдайында 3 жылдан артық еңбек етсе, 10 пайыздан 40 пайызға дейін қосымша төлемақы есептеліп, жыл сайынғы демалысына да 3 күн қосылушы еді. Сонымен қатар, қос басындағы егіншілер мен жаз жайлауында, қыс қыста­уында үнемі жүретін малшы­ларға медициналық көмекті көрсету үшін «отгондық фельдшер» бірліктері енгізіліп, олар­дың жалақысына қосымша жүріп-тұру (разъездной характер) шығындары да енгізілгені абзал.

Қоғамның үздіксіз дамуында ауылдың рөлін арттырудағы тіректердің негізгісі – жергілікті өзін-өзі басқару. Біз­дің жағдайымызда шектен тыс орталықтандыру жүйесі қалыптасқан, қалай дегенде де орталық билік жер-жердегі әлеуметтік-шаруашылық мә­селе­лерін жергілікті жерде­гілерден жақсы білмейді де, мәселелерін толық шеше алмайды да. Оны ауыл, аудан халқының өзі ғана шешуі мүмкін. Ғасырлар тоғысында елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытында Үкімет тарапынан 2 рет заң жобасы ұсынылғанымен, нақты шешімдер қабылданбай, әкімдер мен мәслихаттар жү­йесі деңгейінен  аса алмады. Жергілікті өзін-өзі басқару негізінен ауылдық жерлерге өте қажет, бізде өзін-өзі басқару функциялары да әкімдерге бе­рілген. Қазіргі таңда барлық ауылдық әкімдіктерде дербес бюджет бар деп есептеледі, бірақ оның бюджетіне аумақ­тағы бірқатар мекемелерді қар­жыландыру жүктелмегені түгілі, оның кірістері шектелген, немесе осындай «күзелген» бюджет шығыстарының 5 пайыздайы ғана өз кіріс көздерімен жабылуда, аумақта жиналатын жеке табыс, әлеуметтік салықтардың барлығы орталықтандырылған, бір сөзбен айтқанда, жергілікті мәселелердің қаржылық шешілу деңгейі күрделі, үнемі жоғары тұрған органдарға қол созу, жалтақтау жалғасуда. Сенімсіздік пен жергілікті проб­лемаларды дер кезінде шешу, өзін-өзі басқаруды тиісті, оң­тайланған дәрежеде атқару бағытында ауылдық жерлерге тиесілі биліктерін берген абзал. Осындай жағдайда ауылдарда өз мәселелерін өздері шешіп, беделдері де артқан болар еді.            

Қамбар ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<