Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жоба ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді.
Бағдарлама 2022 жылдың 26 қарашасындағы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске қосылған. 2022 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен насихаттау жұмыстары белсенді жүргізілді. Жоба ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға немесе қолданыстағы бизнесті кеңейтуге көмектесуге арналған, бұл ауылды жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, ауылдық аймақтардың дамуына елеулі үлес қосады.
Бағдарлама бойынша 2023 жылы өңірге 3 млрд теңге (406 жоба), 2024 жылы 2,5 млрд (376 жоба) қаржы тартылды. Нәтижесінде 2 жылда 1110 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік саны артты. Сондай-ақ 50-ден астам өндірістік кооператив құрылды. Өңдеу саласы бойынша 158 кәсіпорын тұсауын кесіп, 56 жылыжай өндірісі ашылды. Елдегі ағайындар 2,6 мың асылтұқымды мал сатып алды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, мал басына қаралған қаржы жалпы берілген шағын несиенің 27 пайызын құраған. Басымдық өнім өңдеу, кооперативтерді дамытуға бағытталған. Оған қоса ауыл шаруашылығы емес бизнес жобаларға, оның ішінде өндірістік бағытқа баса назар аударылып отыр.
– Біз әр жобаны іске қосып, өнім шыққанға дейін сүйемелдеп, өткізу мәселесіне де қолдау көрсетудеміз. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін кепілмен қамтамасыз ету және бизнес ғимаратының құрылысына қатысты мәселе күн тәртібінде болды. Осы ретте жерді өз игілігіне пайдаланып отырған шаруашылықтар елді мекендерді қолдауды өз міндетіне алды. Осылайша халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалыcты, – дейді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.
Осы сөзіміздің айқын дәлелі ретінде Сырдария ауданы «Бесарық» ауылында «Абай Дәулет» ЖШС-ын атап өтуге болады. Серіктестік демеушілігімен шағын өндіріс орталығы (бизнес-инкубатор) жобасы жүзеге асты. Көлемі 1000 шаршы метрден асатын ғимарат салынды. Сол арқылы жалпы құны 318,2 млн теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылып, 25 жұмыс орны ашылды.
Бұл тәжірибені кеңінен тарату үшін биыл 14 шағын орталық құру жоспарланған. Сол арқылы 451 млн теңгеге 72 жобаны іске асыру көзделуде. Қазірге дейін Шиелі және Қазалы аудандарында осындай орталықтар ашылды. Атап айтқанда, Шиелі кентінде 6, Қазалыда 17 жоба жүзеге аспақ.
Биылға 5,5 млрд теңге қаржы қаралып, 815 жобаны іске асыру жоспарлануда. Басымдық өңдеу саласына және кооперативтерге, жеке қосалқы шаруашылықтарды тартуға берілетін болады. Бұл бағытта балық, құс шаруашылығы, егін мен мал шаруашылығын дамыту, импортқа тәуелді өнімдерді ауылда өндіруге баса мән беріледі.
Аталған бағдарлама аясында Жаңақорған ауданының тұрғыны Наурызбай Айымбетов өз кәсібін бастады. Ол 3,9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл қаржыға ашылған жылыжайда бүгінде қияр мен қызанақ егіледі. Өнімдер ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылады.
– Жылыжай – бір күндік тірлік емес. Күнделікті күтім, уақытылы бап, тұрақты еңбек қажет. Қазір өзіміз күтіп-баптап отырмыз. Отбасымызбен бірге істейміз. Бастысы – халық разы, өнімге сұраныс бар, – дейді кәсіп иесі.
Жылыжайдың жалпы көлемі ауыл тұрмысына бейімделген. Жылы мезгілде өнім мол жиналады. Қыста да оған қажетті жағдай жасалған. Қазір қияр мен қызанақтың көлемі өсіп келеді. Кәсіп иесі енді шабдалы, анар, жержаңғақ өсіруді қолға алуға ниет танытты. Алдағы уақытта өнім көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұл кәсіп – тек отбасының табыс көзі емес, ауыл ішіндегі азық-түлікке деген сұранысты қамтамасыз етуге жол ашты. Сырттан тасымалданатын өнімге қарағанда, жергілікті әрі жаңа үзілген көкөніске сұраныс жоғары. Осы арқылы кәсіпкер ауылдың азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосып келеді.
Мамандардың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы халықтың тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған. Демек, жоба өз нәтижесін беруде деп толық айтуға болады.
Осылайша жергілікті тұрғындар санитарлық нормаларға сай келетін, заманауи жабдықталған ғимаратта тегін (тек коммуналдық төлемін төлеу) орналасуға және жобаларын іске асыруға мүмкіндік алады.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





