Халықтың жаны да, жарқын бейнесі де салт-дәстүрде тұр

72

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Наурыз мейрамында халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрі ұлықталады. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.

Қазақ халқының басты құн­ды­лық­тарының бірі – салт-дәс­түрі. Ата-бабаларымыз дінді де дәстүрмен сабақтастыра қабыл­даған. Сол секілді мәдениет пен дәстүр біріккенде ғана халықтық мақсатын орындайды.

Ғасырлар ауысады, дәуір өз бет-бейнесін қалыптас­ты­рады. «Елу жылда – ел жа­ңа, жүз жылда – қазан» де­ген сөз соған байланысты өмір тәжірибесінен алынған даналық. Ал салт-дәстүр сақ­талып қала береді, ол бұзылса, халық өзінің болмысынан ажы­райды.

Міне, «Мәдениет және ұлт­­тық салт-дәстүр күні» не үшін қажет, оның атқарар міндеті мол. Салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріп­теуді мемлекетіміз басты міндеттерінің бірі санап, ұрпақ құндылығына ай­нал­дыруды көздейді.

«Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы – сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар – бүкіл бір халықтың өмір жолын­да ғасырлар бойы мысқал­дап жинаған рухани қазынасы, ұр­пақтан-ұрпаққа қалдырған ар­дақ-мұрасы. Онсыз қара шаңы­рағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жал­ғаспайды немесе біреу сырт­тан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына ба­балар аманатын қай сапада жет­кізуіне байланысты», – дейді батыр Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова.

Расында, біздің мәдениетіміз­ді, салт-дәстүр, ғұрпымызды еш­­кім де насихаттай алмайды, өйт­­кені, бұл құндылықтарды бас­­қалар оқып-білгенмен, қазақ се­­кіл­ді бойына сіңіре алмайды. Зей­­неп апаның айтып отырғаны – осы.

Құда түсу, сүйінші сұрау, неке қию, беташар, келіннің сәлем са­луы, бесікке салу, тұсаукесер, ат тергеу, жиендік жасау, енші бе­ру сияқты салт-дәстүрлеріміз қан­дай керемет! Басқа халықта бар ма екен, жоқ па екен…

Облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттама басқарма­сы­ның бөлім басшысы Қарлығаш Жүсіповамен хабарласқаны­мыз­да ол былай деді:

«Мәдениет саласы тара­пы­нан «Наурызнаманың» әр кү­нін­де бел­­гіленген шаралар бар. «Қауышу күніне» орай «Өнер орталығында» концерт бе­ріл­ді. Облыстық қазақ ака­де­мия­лық му­зыкалық-драма теат­рын­­да Ә.Ораз­бековтің «Бір түп ал­­ма аға­шы» атты спектак­лі сах­на­ланды. Одан кейінгі «Қа­йы­рымдылық күніне», «Шаңы­рақ күніне» орай да белгіленген шаралар бар. Облыстық өлке­тану музейінде салт-дәстүрге бай­ланысты үлкен шара өткізіледі. Ал келесі «Ұлттық киім күніне» байланысты этнофестиваль өт­кізу жоспары тұр. Осылай «Нау­рызнама» жалғасып кете береді.

 «Іс-шаралардың мақсаты – халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғы, наным-сенімін жә­­­не ұлттық ұстанымын наси­хат­­тау. Асыл қазынамызды қай­та жаң­­ғыртып, жас ұрпақтың бо­йы­на сіңіру».

Шындығында мәдениет пен салт-дәстүр «Наурызнаманың» бір күніне белгіленгенмен, ол бар­лық күндерге орай өз көріні­сін тауып отырады.

Өйткені, мәдениет пен салт-дәстүр – халықтың жаны, жар­қын бейнесі.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<