Индонезияда лай көшкіні мен су тасқынынан 13 адам қаза тапты

240

0

Фото: report.az

Индонезияның Солтүстік Суматра провинциясында сенбі күні кешке екі ауданды басып өткен лай көшкіні мен су тасқыны салдарынан 13 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.

Бұл туралы жексенбі күні аймақтың төтенше жағдайлармен күрес және оның салдарын жою агенттігінің өкілі мәлімдеді.

Агенттіктің төтенше жағдайлар, жабдықтар және логистика бөлімінің басшысы Шри Вахьюни Панчасилаватидің айтуынша, Делисерданг және Каро аймақтарында лай көшкіні мен су тасқыны сенбі күні кешке болды. Делисердангта су тасқыны төрт үй мен діни ғимаратты шайып кеткен, алты адам қаза тауып, тағы тоғыз адам жарақат алды.

Агенттік өкілі сондай-ақ Каро округінде болған осындай табиғи апаттан жеті адам қаза тауып, тоғыз адам жарақат алғанын қосып өтті. Зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханалар мен емханаларға жеткізілді.

Индонезияның метеорология, климатология және геофизика агенттігі аймақта жауын-шашын нормадан жоғары болады деп болжам жасап, ауа райының күрт өзгеруі туралы ескерту жасады.

Ел билігі жағдайды мұқият бақылап отыр және зардап шеккен тұрғындарға көмектесу және тәуекелдерді азайтуға күш салып отыр.

Осыған дейін Индонезиядағы Левотоби жанартауы қайта атқылап жатқаны туралы жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<