Жақсы адамның артында жақсы сөз қалады. Қамбарбек өнегелі отбасының тәрбиесін көріп өсті. Әкесі марқұм Амангелді Абдуллаев жастайынан қызметке араласып, өз ұрпағын жауапкершілікке, тиянақтылыққа, еңбексүйгіштікке шыңдай білді. Олардың арасынан білім-білігі, адами қасиетімен көпке сыйлы бола білген Қамбарбек ерекшеленіп тұратын. Сондықтан бауырымыздың қазасы барлығымызға оңай тиген жоқ.
Біліктілігі мен білімі ұштасқан абыройлы азамат мемлекеттік қызметте жауапты қасиетімен көзге түсті. Салық, қаржы-экономика саласының барлық мектебінен өтті. Қай істі де жан-тәнімен атқарып, әрбір жұмыстың тыңғылықты жүзеге асуына жанашыр бола білді.
Алғашқы еңбек жолын «Өзгент» совхозында қарапайым слесарь болып бастаған ол кейіннен Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын АӨК экономист-менеджер, Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбектің ыстық-суығын жақсы білетін азамат әкеден алған тәрбие мен өмірлік ұстанымын ұштастыра жүріп, қызмет жолында біршама жетістікке жетті.
Ол Жаңақорған, Шиелі аудандары, облыстың салық, қаржы-экономика салаларының дамуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Атап айтқанда, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқармаларының басшысы қызметін атқарған жылдары өңірдің өркендеуі жолында үлкен еңбек сіңірді.
Қандай қызметте болмасын, оның жауапкершілігі мен міндетін жан-тәнімен сезініп, күш-жігерін аянбай жұмсаған ардақты азаматтың жүрген жолында жақсы аты, абыройлы ісі, адамгершілік болмысы қалды.
Қамбарбек қызметті абыройлы атқарумен бірге үлгілі отбасының тірегі, ақылшысы ретінде танылды. Ағайын-туыс, дос-жаранға сыйлы бола білген ол жан жары Айнұр екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиеледі.
Ізеттілік ізімен ол маған «Кіші Қамбардан жалынды сәлем» деп әркез қоңырау шалып, кейбір сәтте қызмет барысына қатысты ақыл-кеңес алып тұратын. Осындай жайсаң азаматтың бір жылдан бері арамызда жоқ екені жанымызға батады.
Өзінің биязы мінезімен үлкенге іні, кішіге аға бола білген азаматтың жарқын бейнесі ұмытылмақ емес.
Қамбар ӘЖІБЕКОВ,
қаржы саласының ардагері





