Интернаттан басталған ғұмыржол

5

0

1961 жылы 12-сәуірде космос кеңістігіне алғаш рет адам баласы көтеріліп, болашаққа жарқын жол ашты. Тұңғыш космонавт Юрий Гагарин есімі тек кешегі Кеңес Одағын ғана емес, бүкіл әлемді шарлап кетті. Жер-жерлерде Гагарин атымен аталатын көшелер, қалалар, түрлі кешендер мен мәдени орындар көбейді. Мектеп жасындағы баладан бастап, еңкейген қарияға дейін тұңғыш космонавт Гагаринді жатқа білді. Юрий Гагарин – сол уақытта ерлік пен батырлықтың, жеңіс пен жасампаздықтың символына айналып кетіп еді. Міне, биыл сол дүниені дүр сілкіндірген айтулы оқиғаға да 65 жыл толып отыр.

Біз ол кезде әлі мектеп табал­дырығын аттамаған сарыауыз балапан болатынбыз. Алайда Юрий Гагарин десе, жанымызға барынша жақын адам жайлы естігендей, дереу елең ете қалушы ек. Арада көп уақыт өтпеді, Қызылорда қаласында Гагарин атын­дағы мектеп-интернат ашылыпты деген сүйінші хабар ауыл-ауылды ара­лап кетті. Ең қызығы – онда негізінен алыс шалғайдағы малшылардың балалары оқиды екен, соларды құшақ жая күтіп алып, қабылдап жатыр деген жағымды жаңалық болатын. Міне, осы бойсіңді жаңалық біздің кішкентай ауыл – Қырашты да бір сілкінтіп өтті. «Қайтсем де сонда барып оқуым керек» деп, буынып-түйініп, жолға жиналушылар саны көбейе түскен-ді.

…Балдай тәтті балалық шағымды еске алсам, ең алдымен есіме Қы­зыл­орда қаласындағы Гагарин есімін ие­ленген мектеп-интернат түседі. Оның себебі бар әрине. Менің алдымдағы ағаларымның біразы он жылдық орта білімді сол жақтан алып, сосын жо­ғары оқу орнына аттанды. Мен де соны қатты арман еттім. Қашан же­тінші сыныпқа көшем деп асыға күту­мен жүрген едім. Алайда, отба­сылық шешім маған келгенде басқаша болып шыға келді. Әкем оңашада анашыма «бұл баланы жібермей-ақ қояйық, қасымызда болсын» депті. Ол заманда отағасы шешімі – заң! Ол талқылауға жатпайды.

***

Жә, мен бұл жазбаны бастағанда өзім жайлы айтқым келмеген еді. Әңгіме – сол Гагарин атын иемденген мектеп-интернаттың сонау алпы­сын­шы жылдары ішінде бітірген бір ғана ауылдан шыққан түлектері жайында. Олар жай түлектер емес, ең алдымен – менің ағаларым! Ет жақын туыс­тарым! Одан да маңыздысы – кейіннен әрқайсысы бір-бір тұлғаға айналған, туған халқының құрметтісі болған айтулы азаматтар. Әрине, бірге оқыған көп сыныптастары жайлы аз білем, сосын да есімдерін түгел атап жат­пасам, алдын-ала кешірім өтінем. Тек өзім жақсы білетін ағаларым хақында бес-алты ауыз сөз өрмекшімін. Бұл – арнайы тапсырмамен жазылып отыр­ған мақала емес, аяқастынан туындаған көңіл шешімі.

Қызылордадағы аты аңызға айнал­ған Гагарин мектеп-интернатына ақ­жүрек ағаларым – Сейсен Мұқ­тарұлы, Көбей Өтжанов, Даутбек Жұматов, Қамбарбек Әжібеков, Тастемір Рахимов, т.б. барып, екі-үш жыл оқып, содан соң арман жолына түсіп, Алматыға аттанды. Бұл – алпысыншы жылдың аяқ шені болатын. Арманшыл жастар бас қаладағы өз көңілдері қалаған оқу орындарына талаптанып, жоғары білім алуға талпыныс жасады. Мысалы, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлең жазып, жас ақын болып таныла бастаған Сейсен Мұқтарұлы – сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түссе, Көбей Өтжанов та ақынжанды еді, алайда ол құрылысшы болу үшін, басқа оқу орнының есігін ашты. Бірақ екеуі де «Гагариннің түлегіміз» деп мақтана алатындай студент болды, екеуі де ақын ретінде танылып, қазақ әдебиетіне олжа салуға ұмтылуын доғарған жоқ. Нәтижесінде, Сейсен Мұқтарұлы – оннан астам өлең кітаптарын шығарған танымал ақын, оған қоса ерте замандарды қаузап, «Кәмпеске», «Шоқан және өнер» секілді толымды еңбектер жазған тарихшы һәм зерттеуші атанса, Көбей Өтжанұлы – құрылыс саласының майталман маманы бола жүріп, қалам шаруасынан да қол үзген жоқ. Екі-үш өлеңдер жинағы жарық көрді. «Иматай» атты тарихи роман жазып аяқтады. Өкінішке орай, осы екі ағатайларым өмірден ерте озды. Егер осы кезде тірі жүргенде бірінен соң бірі сексен деген жасқа толар еді де, ел-жұрты ұлан-асыр тойлап жатар ма еді? Бұл күнде есімдерін сағынышпен еске аламын. «Сіздер атақты Гагарин мектеп-интернатының мақтанышы болып қалдыңыздар» деп іштей күбірлеп айтарым да бар. Тағы бір ағам – Тастемір Рахимов! Ол Алма­тыдағы ҚазМУ-дың заң факультетін бітіріп, ұзақ жылдар бойы сот-прокуратура және ішкі істер саласында еңбек етті. Соңғы қызмет орны – Қызылорда облыстық ішкі істер депар­таментінің бастығы. Прокуратура және ішкі істер саласының полковнигі. Жеңгеміз Рабиға екеуі бірнеше ұл-қыз өсіріп, ұядан ұшырды. Балалары рес­пуб­ликаның түкпір-түкпірінде әр­түрлі жауапты қызметтер атқарып келеді.

Қамбарбек Әжібекұлы – мен үшін барынша жақын, тіпті туған ағам десе де болатындай. Өйткені, Әжібек пен Әлмаш (Әнуарбек) Жұматовтар туған аға-іні болса, олардың жарлары Ибагүл мен Бекзада да туыс. Қаратау қойнауын мекен еткен атақты Шахан бидің қыздары. Қамбарбек ағам Алматыдағы ауылшаруашылық инстиутының экономика факультетін аяқтап, көп жылдар бойы салық, банк және қаржы саласында тапжылмастан еңбек етті. Қызылордадағы «Жилсоцбанк» және облыстық қаржы департаментінің басшысы болды. Біршама уақыт облыс әкімінің қаржы-финанс мәселелері бойынша орынбасары болғаны тағы бар. Жеңгеміз Гүлбарам Ділданқызы екеуі ұл-қыз өсіріп, немерелер қызығын көруде. Еңбегіне лайық отандық наградалары да баршылық. Қызылорданың құрметті азаматы.

Даутбек Алмашұлы – біздің он бала тәрбиеленген ыстық ұяның ең үлкені. Әкеміз Жұматов Алмаш (Әнуарбек) және анамыз Жұматкеліні Бекзада екеуі де ауыл-аймаққа сыйлы, таза еңбегімен өмір сүрген жандар еді. Даутбек ағаның қызмет жолы Алматы шаһарымен тығыз байланысты. Сосын да Сыр өңірінің жұрты ол кісінің өмір жолын біле бермейді. Әуелі Қыраш ауы­­лындағы жетіжылдық мектепте оқып, сосын Қызылордадағы Ю.Га­га­рин атындағы мектеп-интер­натта бі­лімін жалғастырып, 1965 жылы орта білім туралы аттестат алды. Сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемле­кеттік ауыл шаруашылығы инсти­ту­тына оқуға түсіп, 1970 жылы экономист мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шықты. Студент кезінде бокс­пен айналысты. Қазақстандағы үздік студент-боксшы қатарына ілініп, одақтық ЖОО арасындағы жарыстар­да қазақ елінің намысын қорғай білді. «Спорт шебері» атағын қорғап шықты.

1970-1974 жылдары Алматы қала­сындағы Қазақ ауыл шаруашылығын ұйымдастыру және экономика ғы­лыми-зерттеу институтының (ҚазҒЗИ) ғылыми қызметкері болса, 1974-1977 жылдары ҚазҒЗИ-дың аспиран­тура­сында оқыды. 1980 жылдың қаң­тарында, өзі түбегейлі зерттеп-зер­де­леген тақырыпта ғылыми атағын қор­ғады. Экономика ғылымдарының кан­дидаты ғылыми дәрежесі берілді де, оны тәртіп бойынша Мәскеудегі одақ­тық кеңес бекітті. Бұдан соң Даут­бек аға Алматы қаласы маңындағы ауданаралық мамандандырылған қой бордақылау шаруашылық бірлестігі басшысының орынбасары бола жүріп, ғылымдағы өзі негіздеген жаңалықты өмірге енгізуге күш жұмсады. Осының әсерінен бірлестіктің экономикалық көрсеткіштері жыл санап өсе түсті. Ғалым ретінде өзі оқыған Қазақ ауыл­шаруашылық институтына оқыту­шылық жұмысқа шақырту алып, шаруа­шылық істерін басқару және сараптау, ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыру және жоспарлау ка­федра­­сының доценті ретінде қызмет жасап, шәкірттер тәрбиеледі. PhD док­торы. Ал кейінгі жылдары Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қаржы бақылау басқармасы бастығының бі­рінші орынбасары, Қазақстанды да­мыту мемлекеттік банкі және «Эксим­банк» ЖАҚ Аудиторлық қызмет депар­­таментінің директоры, «Қазагро­промбанк» АҚ, «Қазақстан Халық Банк» ААҚ филиалдарының бас­қару­шысы, «Қазпочта» ААҚ департа­мен­тінің директоры, Алматы қалалық Ке­дендік бақылау департаментінің бөлім бастығы, Алматы қаласының Туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары секілді аса жауапты қыз­меттерді абыроймен атқарды. Зейнет жасына шыққан соң да, басшылық тарапынан ұсыныс жасалып, Алматы қаласы Туризм және спорт басқар­масының Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінде бірнеше жыл директор орынбасары болды. Әр жылдарда инс­титуттың және тиісті министрліктің мақтау гра­мо­талары және диплом­дармен мара­пат­талды. «Қаржы сала­сының үздігі» және «Банк саласының үздігі» белгі­сімен наградталды. Кеудесіне «Еңбек ардагері» медалін тақты. «Дене­шы­нықтыру және спортты дамытудағы еңбегі үшін» атағы берілді. Өмірлік жары Жұматова Кәмила Маманқызы екеуі Жанар және Жазира есімді қыздарын тәрбиелеп өсіріп, немерелер сүйіп отыр.

***

Міне, Юрий Гагарин атындағы мектеп-интернаттан түлеп ұшқан ағалардың әрбірі мақтана алатын, өмір-жолдары үлгі етуге боларлық тұлғалар емес пе? Бұл күнде сол бала көңілімізде арман отын тұтатқан, аңыз болған мектеп-интернат қандай күйде екен, оны білмедім…

 Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,

 жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері