Интернетсіз бір күн

1534

0

Бірден айтайын, «интернетсіз өмір сүре аламын, оның маған қажеті шамалы» десем, жалған сөйлеп тұрғаным белгілі болып қалар. Дегенмен, өзімді интернетке соншалықты тәуелді жандардың қатарына жатқыза қоймас едім. Ата-анамның жеке смартфон алып бергеніне әлі жыл да тола қойған жоқ. Әлеуметтік желіде екі ғана топқа мүшемін: бірі туыстар болса, екіншісі сыныптастарым. Жасөспірім болғандықтан «YouTube» негізінен қыздарға арналған бейнелерді қараймын. Мысалға айтсам, шаш үлгілері, сәнді киімдер немесе тәтті тағамдарды әзірлеуді үйрететін роликтер. 

Менен гөрі інім көбірек қарайды интернетті. Атыс-­шабыс ойын ойнайды. Әкем бірақ бізді қадағалап, телефонға шектеу қойып отырады. «Біз бала кезімізде телефонсыз-ақ, интернетке үңілмей-ақ өстік қой осы» деп әкем қабағын шытады. «Әрине, ол кезде интернет деген болған жоқ қой, әйтпесе телефонның құлағында ойнар едіңіз» деп, ішімнен айтып қоямын білдірмей.

Жыл сайын қаңтардың соңғы жексенбісі – Интернетсіз күн деп аталатын атау­лы дата екен. Тіпті халықаралық күн дейді ғой.

Сол күнді отбасымызбен бойымызды интернеттен аулақ салып, арнайы атап өтейік деп шештік. Әрі жексенбі болғасын оңайырақ шығар. Үйдегі «Wi-Fi»-ды да сол күні қоспайтын болдық. Жетіншідегі інім: «жексенбіге дейін тездетіп смартфоныма біраз ойын басып алайын» дейді маған сыбырлап. Оны естіп қойған әкем телефондарымызды жинап алып, тығып қоятынын айтты.

Ал енді, алдағы жексенбіде интернетсіз күнді өткеру үшін қандай жоспар құрамыз? Осы күнді ойлап шығарғандарға рахмет, себебі қыстың қысқа күнін таңдағандарына. Жаздағы ұза-а-ақ күн болса, не істер едік?

Жарайды, ата-анамның жоспары да дайын екен. Мұзайдынға барып сырғанап, балалар ойын орталығында қыдырып, қысқы таза ауада серуендеп, күн бата  үйде отырып кітаптар оқып, отбасыға арналған кино көреді екенбіз. Әйтеуір, теледидар қарауға шектеу жоқ екен, оған да шүкір.

Қазіргі жеткіншектердің барлығы дерлік интернет пен смартфонға, әлеуметтік желілерге әртүрлі деңгейде тәуелді екені анық. Тіптен, үлкен кісілердің де көшеде телефонға шұқшиып бара жатқанын көріп жүрмін. Экранның арғы жағындағы онлайн өмірге алданып, шынайы адами құндылықтарды жоғалтып алмасақ болар еді. Бір әзіл бағдарламада көрсетілгендей, телефонға тесілген адамдардың даму сатысы кері кетіп, маймылға айнала бастағанын бейнелеген қойы­лымы көз алдыма келеді. Еріксіз езу тартасың. Дегенмен, әзіл де болса, ащы шындық екені рас.

Жарайды, интернетсіз өткізетін күнімізге дайындалып, телефон қарауды азайтып, сабағымды оқиын, үй тапсырмасын жасайын.

Балалар, бір сәт телефонды тастап, ата-аналарыңды құшақтаңдар, бауырларыңмен ойнаңдар. Әрине, смартфон мен компьютердегі ойынды айтып отырған жоқпын. Зердені дамытатын, қаламсаппен қағазға жазып ойнайтын интеллектуалды ­ойындар көп қой. Әкем үйреткен, бізге ұйымдастырып ойнатады. Білмесеңдер сұраңдар, үйретуге дайынмын.

Тек, жексенбіге дейін ғана хабарласыңдар, себебі ол күні байланыста болмаймын.

Яғни, … мен – оффлайн.

Нәзгүл БАЛТАБАЙ,

оқушы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<