Инвестиция: Жоспар артығымен орындалды

4

0

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен арнайы инвестициялық кеңес өтті. Күн тәртібінде еліміздің инвестициялық саясаты, инвестиция тартудың жаңа тәсілдері, инвесторлар құқығын қорғау шаралары және инвестициялық омбудсменнің рөлі туралы мәселелер қаралды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров селекторлық режим арқылы қатысты. Инвес­тициялық кеңестен соң облыс әкімі орын­ба­сарының төрағалығымен өткен мәжілісте өңір­дің инвестициялық ахуалы, қолдау шаралары талқыланып, сала басшыларына тиісті тапсыр­малар жүктелді.

Былтыр өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту межесі бекітілген болатын. Индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар есебінен 774,5 млрд теңге инвестиция тартылып, индикатор 22,7% немесе 143,1 млрд теңгеге артық орын­дал­ды. Жеке қаражат 558,6 млрд теңге, 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім 14,9 пайыз, жеке инвестицияның үлесі 72 пайыз болды.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2026-2028 жылдары 1 трлн 900 млрд теңгенің 48 инвестициялық жобасын жүзеге асыру, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасы, атап айтқанда, қуаттылығы 3,5 мың тонналық құс фабрикасы, 5,2 мың тонналық тауарлы-сүт фермасы, вагон жөндеу кешені және 50 МВт-тық 2 күн-электр станциясы іске қосылады. Бұдан бөлек, 753 млрд 300 млн теңгеге бағаланған 14 ірі жоба құрылысы басталуда.

Өткен жылы кореялық With you E&C Qyzylorda компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптау кешені, Rixos қонақүйінің құрылысы қолға алынды. «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі 17 млрд 300 млн теңгеге жылына 1 млн 100 мың тонна әк шығаратын зауытты іске қосады. Бүгін «Арал сода» серік­тестігінің кальцийленген сода өндіретін зауыт құрылысын бастау бойынша EPC-шарттың негізгі талаптарына қол қойылады.

«Шалқия» кен-байыту фабрикасы, Seven rivers technologies компаниясының шыны бөтелке, испандық Roca group компаниясының санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауытының құрылысы да жақын арада бастау алмақ. Швейцариялық Harvest Agro компаниясының техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіретін, қайта өңдейтін зауытының, жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды.

Қазақстан Республикасы инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжы­рымда­масына сәйкес арнайы өңірлік инвестициялық штаб құрылған. Өткен жылы инвестициялық штабтың 9 отырысы өткізіліп, 30 инвестжобаны қолдау шаралары қабылданды.